ХХ ғасыр қазақ ғылымы үшін жаңғыру мен қалыптасу кезеңі болды. Осы дәуірде ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Әлкей Марғұлан. Ол қазақ халқының бай тарихи және рухани мұрасын зерттеп, оны ғылыми тұрғыдан жүйелеп, әлемдік ғылым кеңістігіне танытқан көрнекті ғалым ретінде танылды.
Ғалым 1904 жылы Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданы жерінде дүниеге келді. Жастайынан зерек, білімге ынталы болған ол халық ауыз әдебиетіне, көне тарихқа ерекше қызығушылық танытты. Оның дүниетанымының қалыптасуына Алаш қозғалысы идеялары айрықша ықпал етті. Әлкей Марғұлан білім жолын Қызылжардағы педагогикалық курстардан бастап, кейін Орта Азия университеті мен Шығыстану институты қабырғасында жалғастырды. Бұл оқу орындары оның ғылыми көзқарасының қалыптасуына және жан-жақты зерттеуші ретінде дамуына негіз болды.
Ғалымның басты еңбектерінің бірі – Қазақстан археология ғылымының негізін қалау. Ол Орталық Қазақстан өңіріндегі көне ескерткіштерді зерттеп, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталатын ерекше археологиялық мәдениетті анықтап, ғылыми айналымға енгізді. Бұл жаңалық қазақ даласында ертеден-ақ дамыған өркениет болғанын дәлелдеді. Сонымен қатар, Марғұлан этнография, әдебиеттану және өнертану салаларында да жемісті еңбек етті. Ол қазақ эпостарын, аңыздары мен жырларын жинақтап, олардың тарихи негізін зерттеді. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов мұрасын зерттеп, оны ғылыми жүйеге түсіруде ерекше рөл атқарды.
Әлкей Марғұлан тек археолог қана емес, ол қазақтың дәстүрлі мәдениетін кешенді түрде зерттеген әмбебап ғалым болды. Оның ерекшелігі – тарих, этнография, фольклор және өнерді бір-бірімен байланыстыра қарастыруында. Марғұланның ғылыми қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қазақтың дәстүрлі сәулет өнерін зерттеу. Ол көне қалалар мен қоныстардың құрылыс жүйесін талдай отырып, қазақ жеріндегі архитектуралық мәдениеттің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдеді. Әсіресе, Орталық Қазақстандағы қоныстар мен қорымдарға жүргізілген зерттеулер тарихи урбанизация үдерісін түсінуге мүмкіндік берді. Ғалым сондай-ақ қазақтың қолданбалы өнеріне ерекше назар аударды. Ол зергерлік бұйымдар, киіз үй жабдықтары, ою-өрнек түрлері арқылы халықтың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын ашып көрсетті. Марғұланның пікірінше, ұлттық өнер – халық тарихының «тілсіз шежіресі».
Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан Қазақстандағы археологиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми мектеп қалыптастырды. Оның шәкірттері кейін қазақ археологиясының дамуына елеулі үлес қосты. Осы арқылы ол тек зерттеуші емес, ғылым ұйымдастырушы ретінде де танылды.
Ғалымның тағы бір маңызды қыры – көне түркі жазбалары мен мәдениетін зерттеуі. Ол түркі халықтарының тарихи сабақтастығын дәлелдеп, қазақ мәдениетінің терең тамырын айқындады. Бұл еңбектер ұлттық бірегейлікті ғылыми тұрғыдан негіздеуге ықпал етті.
Қорытындылай келе, Әлкей Марғұлан – қазақ ғылымының биік шыңына айналған тұлға. Оның еңбектері ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің берік негізін қалады.
Ұ.Тұрсын
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы
Қазақ археологиясының шамшырағы – Әлкей Марғұлан

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru