Нағыз ұстаз кім?
Нағыз ұстаз кім?
28.09.2023
836
0

      Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Ислам дінінде білім үйрету, ұстаздық ету сауапты әрі құрметті іс деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 9-аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» – деп айтқан. Қазақ халқы: «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы», «Атпаз көрген – ат таныр, ұстаз көрген – хат таныр», «Ұстазыңды әкеңдей сыйла»,-деп ұстаз адамды құрметтеп, сыйлауға шақырған.

      Қазіргі таңда ақпарат заманында ғаламтор беттерінде діни материалдар көптеп шығуда. Жөн-жосықсыз білгіштер арнайы діни сауаты жоқ білгіш ұстаз сымақтар діннен сөз қозғауда. Өздерін шейх-ғалым ретінде көпшілкке таныстырып көптеген жастардың санасын улап жатқаны тағы бар. Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қарама-қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бір нәрсенің мән жәйін анық қанығын түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.

      Осы күндері зайырлы Қазақ елінде Тәуелсіздік алғалы талай білім ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың бірі-бірегейі қазіргі қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі діни білім алу және діни білімді кімнен алу мәселесі. Бұл мәселенің өзекті болып отырған жөні бар қазіргі таңда. Тоқсаныншы жылдары қалыптасқан сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб т.б шет елдерге бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғандары 2000 жылдары сезіле бастады. Бірі «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «құраниттер» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның жетегінде сан соғып жүр.

      Қазіргі таңда елімізде тиым салынған діни ағымдардың өздерінің ұстаз немесе шейхтарының әлеуметтік желілерден тыңдап адасып жүрген жастарымыз жетерлік. Деструктивті діни ұйымдардың уағызшылары идеологияларын тарату мақсатында танымал «В Контакте», «YouTube», «Facebook», «Instagram», «TikTok» желілерін көп қолданады. Атап айтатын болсақ Дарын Мубаров, Ділмұрат Абу Мухаммад, Октам Заурбеков, Ринат Абу Мухаммад, Мухаммад Хоблос, Абу Яхья Крымский, Абдуллах Костекский және т.б теріс пиғылды уағызшылар ғаламтор беттерінде ашық өздерінің видео немесе аудио жазбаларын таратып насихаттап жүр. Әлеуметтік желіде «Виртуалды Халифат» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл «Виртуалды» қоғамда өмір сүретін адамдар шариғатпен емес, әлеуметтік желілердің жазылмаған заңдылықтарымен жүреді. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әр түрлі форматта болып келеді.

      Мұндай құрбандыққа ұшыраудың басты себебі діни сауатсыздық деуімізге болады. Жастарымыздың діни білімді арнайы оқу ордаларынан немесе ҚМДБ қарасты арнайы ұстаз ғұламалардан емес өздеріне беймәлім әлеуметтік желіддегі деструктивті діни ағымды насихаттап жүрген шейхтардан алуда болып отыр.

      Жоғарыда айтылып өткен мәселелердің алдын алу үшін жастарымызға бірінші кезекте діни білімді қайдан кімнен алу керектігін сонымен қатар қандай ұстаздарды тыңдауға рұқсат етілетін мектеп, коледж, университет қабырғаларында үнемі ескертіп отыру қажет.

      Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда жастардың діни білім алуға деген ынта мен жігері қуантады. Жастарымыз елді дамыту жолында дұрыс бағытта діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.

 

 Б.Абдрахман

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы               

0 пікір