Теңізде келе жатқан кеме сырттай қарағанда жай ғана үлкен темір секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішінде жүздеген тағдыр, үміт пен арман бірге жүреді. Кеменің ішінде әртүрлі адам болады: бірі капитан, бірі аспаз, бірі қарапайым жұмысшы, енді бірі жолаушы. Мінездері де бөлек, өмірлері де бөлек. Бірақ оларды біріктіретін бір ғана нәрсе бар – бәрі бір кеменің үстінде.
Өмір де дәл сол сияқты. Біз әртүрлі ортада өстік, әртүрлі тағдыр кештік, әртүрлі ойлаймыз. Бірақ бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бір адамның қуанышы екінші адамға әсер етеді, бір адамның қайғысы тұтас ортаның көңіл-күйін өзгертеді. Себебі адам баласы бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды.
Кемеде келе жатқан адамдар дауыл кезінде ғана бірліктің не екенін түсінеді. Теңіз тыныш кезде бәрі өз шаруасымен жүреді. Бірі күледі, бірі демалады, бірі өзімен-өзі болады. Бірақ дауыл басталған сәтте бәрінің мақсаты бір болады – аман қалу. Сол кезде ешкім «сен кімсің?» деп сұрамайды. Ешкім бай мен кедейді бөліп қарамайды. Өйткені қауіп алдында бәрі тең.
Қазіргі қоғамда адамдар осы қарапайым ақиқатты ұмытып бара жатқандай. Әркім өзін ғана ойлауға үйреніп кетті. Біреу құлап жатса, көмектесудің орнына видеоға түсіретін заман болды. Біреудің қателігін түсінуге емес, мазақ етуге асығамыз. Әлеуметтік желіде бір адамның сүрінгенін миллион адам талқылайды, бірақ сол адамның ішінде не болып жатқанын ешкім ойламайды.
Негізі, адамға адамнан артық тірек жоқ. Қиын сәтте ақша да, атақ та көмектеспейтін кездер болады. Ондай кезде жаныңнан табылатын адам керек. Бір ауыз жылы сөз, бір шынайы қолдау кейде бүкіл өмірді өзгертіп жібереді. Кемеде әр адамның өз міндеті болады. Егер бір адам жауапсыздық танытса, бүкіл кеме қауіпке ұшырауы мүмкін. Қоғам да сондай. Бір адамның тәрбиесі, бір адамның әрекеті, бір адамның сөзі айналасына әсер етеді. Сондықтан «маған бәрібір» деген ой қауіпті. Өйткені қоғам бір-біріне тәуелді адамдардан құралады.
Қазір адамдар бір-бірінен алыстап кеткендей. Бір үйде отырып, бір-бірімен сөйлеспейтін отбасылар бар. Дастархан басында бәрі телефон қарап отырады. Бұрын адамдар ұзақ әңгімелесетін, сыр бөлісетін. Қазір уақыт көп сияқты көрінгенімен, шынайы қарым-қатынас азайып барады.
Әлеуметтік желіде бәрі бақытты болып көрінеді. Біреу саяхаттап жүр, біреу жетістікке жетіп жатыр, біреу күліп сурет салады. Бірақ адамның ішкі жан дүниесін ешкім көрмейді. Кей адамдар сырттай мықты көрінгенімен, іштей қатты шаршаған болуы мүмкін. Ал біреулер күліп жүріп, жалғыздықтан қиналады.
Сондықтан адамдарға қазір бұрынғыдан да көп мейірім керек. Себебі өмірдің өзі онсыз да қиын. Әркімнің ішінде өз дауылы бар. Біреу отбасылық қиындықпен күресіп жүр, біреу болашағына алаңдайды, біреу ешкімге айтпай іштей күйзеліп жүреді. Біз оны байқамаймыз. Сол үшін бір-бірімізге жұмсақ болуды үйренуіміз керек.
Теңіздегі кеме бір адамның күшімен жүрмейді. Оның аман жетуі үшін бәрі бірге әрекет етеді. Өмірде де солай. Егер адамдар бір-бірін түсінсе, қолдаса, қоғам әлдеқайда мықты болмақ. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі таңда адамдардың көбі шынайылықтан алыстап барады. Біз жетістікке жетуді үйрендік, бірақ жанашыр болуды ұмыта бастадық. Ақша табуды үйрендік, бірақ уақыт бөлуді азайттық. Танымал болуға тырысамыз, бірақ жақын адамдарымыздың көңілін сұрауға уақыт таппаймыз.
Негізі, өмірдің мәні өте қарапайым – ол адам болып қалу. Біреуге зияның тимесе де – ол үлкен нәрсе. Біреудің көңілін көтерсең – ол да сауап. Кейде бір адамның өмірін өзгерту үшін үлкен әрекет қажет емес. Жай ғана тыңдау жеткілікті болуы мүмкін. Біз бәріміз бір кемедеміз. Бір қоғамда, бір уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бір-бірімізді итермей, керісінше сүйеуіміз керек. Себебі өмірдің қай сәтте дауылға айналатынын ешкім білмейді. Ал қиын кезде адамның жанынан табылатын ең маңызды нәрсе – басқа адамның мейірімі ғана.
М.Серікұлы
Түркістан облысы Дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
«Талдау» бөлімі маманы
Кемедегінің жаны бір

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru