Жазғы сауат ашу курстарының маңызы
Жазғы сауат ашу курстарының маңызы
07.06.2024
385
0

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарын бірінші кезекте ұлттың дінге қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері, біз асыл дінімізді тереңірек танып білуге мүмкіндік алдық.                

Елімізде әр өңірінде жыл сайын ҚМДБ-ның қолдауымен жазғы діни сауат ашу курстары жалғасын табуда. Сауат ашу курсы дегеніміз не? Алдымен осы сауалға тоқтала кетейік. Діни сауат ашу курсы оның негізгі мақсаты – жазғы демалыс маусымында жасөспірімдер мен балалардың уақытын тиімді пайдаланып, оларды діни сауаттылыққа бағыттап, имандылықтың іргетасын қалыптастырып, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу. Жыл сайын, жаз айында мектеп қабырғасындағы оқушылар, ЖОО, колледжде оқитын студенттер діни сауат ашу сабақтарына қатысып, рухани құндылықтарын арттырып, тәрбиелік білімді үйреніп жатыр. Тек діни біліммен шектелмей, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, үлкенге құрмет көрсету сынды құндылықтарды бойға сіңіреді. Және де айта кетерлік нәрсе, білім алушылардың жас ерекшелігіне қарай топтарға бөлініп, дәріс өткізіледі.         

Халқымыз қай кезде болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, елдің болашағы, халықтың келешегі деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сол секілді өскелең буын, жас ұрпаққа да тәрбиені бала кезден беру керек. Бабалар өсиетін жалғастыру мақсатында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйелі бастамаларды еңсеру үстінде.            

Тарихқа көз жүгірте қарайтын болсақ, қазақтың ұлтжанды зиялы қауымы мен ақындары, дана қариялары мен  батырлары медреседе сауат ашып, ауыл молдасынан хат таныған. Оған тарих беттерінен, әдебиеттерден оқып жүрген шығармаларды тілге тиек етсек болады.  

Пайғамбар (с.а.с.) келген хадистердің бірінде: «Сендердің жақсыларың Құран Кәрімді үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің»,-деп келтіреді.  Ең пайдалы амал – ол діни білімді үйрену және үйрету.            

Діни білім туралы Имам Әл-Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күңшілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім»,-деген екен. Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор. Діннің зерттеу нысаны рух болса, дүниеуи ғылым тәнді зерттейді. Дін жүрекке, ғылым миға әсер етеді. Екеуінің де мақсаты – адамды сенімге әкелу болғандықтан, олардың арасында қайшылық жоқ. Оларды біріктіретін руханият. Яғни, дүниеуи ілімді тәрбиемен ұштастыруды мақсат етер болсақ діни біліммен үйлесіп тұруы қажет деген сөз. Адамның бойындағы ең басты қасиет – ол таным және сенім.         

Бір сөзбен айтқанда адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың жоғары, қожасы екендігін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін және діни білім.  Осы орайда облысымыздағы қала, аудан, орталық мешіттерінде «Имани жаз 2024» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады.  Сауат ашу курстарына қатысушыларға: «Қасиетті Құранның әліппесі (Муаллим сани)», «Пайғамбарлардың өмірбаяны» бойынша және 100-сұрақ секілді ақпараттық дәрістер өткізіледі. Көбіне 9-15 жас аралығындағы балалар қатысады.                    

Балаларға тәлім-тәрбие сабақтарына қатысқаны үшін арнайы сертификаттар және ынталандыру сыйлықтары табысталады. Балалар мешіттің ішкі және сыртқы ережелерімен танысып, бастапқы білімдерінің іргетасын берік қалыптастырып, діни сауаттарын шыңдауға бірден-бір әсерін тигізеді десек болады. Діни білімді қалыптастыру қашанда өзекті мәселелердің бірі болған. Жас буын өкілдерінің бастапқы діни сауатына мән беру аса маңызды. Болашақ жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетудің алдын-алу мақсатында, діни білімін нығайту жастайынан қалыптастыру, әлеуметтік желінің әлегінде таяз білім алмай, ұстаздардан тікелей біліп алып жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын ортаның бастауы деп білемін. Сол себепті жастарымыздың ең бірінші алтыннан бағалы уақытын текке өткізбей, екіншіден ақылы мен зейіні мықты кезде іргетасын берік қалыптастырса егеменді елі үшінде, өзі үшінде қосар үлесі зор.

 

 Е.Ештай

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы                                                                                   

 

0 пікір