Қазіргі таңда жастар тәрбиесі әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жаһандану үдерісі, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің ықпалы және түрлі мәдениеттердің араласуы жас ұрпақтың дүниетанымына тікелей әсер етуде. Мұндай жағдайда ұлттық болмысты сақтап қалу, рухани тұрақтылықты нығайту және қоғамның ішкі бірлігін қамтамасыз ету мақсатында дәстүрлі құндылықтардың маңызы ерекше арта түседі. Дәстүрлі құндылықтар – халықтың тарихи тәжірибесінен, өмір сүру салтынан, мәдениеті мен дүниетанымынан қалыптасқан рухани мұра. Ол ұлттың тәрбиелік жүйесінің негізін құрайды.
Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. «Бала – адамның бауыр еті», «Тәрбие – тал бесіктен» деген нақыл сөздер тәрбиенің адам өміріндегі орны ерекше екенін көрсетеді. Ұлттық тәрбие жүйесінде баланың тек білімді болуы ғана емес, оның адамгершілік қасиеттері, мінез-құлқы, үлкенге деген құрметі, кішіге деген қамқорлығы басты назарда болған. Сондықтан қазақ қоғамында тәрбие тек отбасының ғана емес, тұтас елдің міндеті ретінде қарастырылған.
Жастар тәрбиесіндегі дәстүрлі құндылықтардың ең бастысы – отбасы институты. Отбасы – тұлғаның қалыптасатын алғашқы ортасы. Бала ата-анасының әрекетін, сөйлеген сөзін, өмір сүру мәдениетін үлгі етеді. Қазақ отбасыларында ерте кезден бастап балаға үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, туыстық қатынасты сақтау, қонақ күту, адал еңбек ету сияқты қасиеттер үйретілген. Әкенің орны – тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі болса, ананың орны – мейірім мен тәрбиенің қайнар көзі ретінде бағаланған. Осындай тәрбие көрген бала қоғамда өзін дұрыс ұстап, адамгершілік қағидаларын сақтауға бейім болады.
Қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесінде үлкенге құрмет ерекше орын алады. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сөзін бөлмеу, батасын алу, ақылын тыңдау – тәрбиенің маңызды көрінісі болған. Бұл қағидалар жастарды сабырлылыққа, әдептілікке және жауапкершілікке тәрбиелейді. Қазіргі қоғамда кейбір жастар арасында үлкендерге құрметтің әлсіреуі байқалады. Мұның негізгі себептерінің бірі – ұлттық тәрбиенің әлсіреуі мен шетелдік мәдени ықпалдардың көбеюі. Сондықтан жастар арасында дәстүрлі әдеп нормаларын қайта жаңғырту маңызды.
Дәстүрлі құндылықтардың бірі – еңбекқорлық. Қазақ халқы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбекті адамның басты қасиеті ретінде бағалаған. Бұрын балалар жастайынан еңбекке араласып, жауапкершілікке үйренген. Ұл балалар мал бағуға, шаруашылық жүргізуге тәрбиеленсе, қыз балалар үй шаруасына, қонақ күту әдебіне баулынған. Бұл жастардың өмірге бейімделуіне, өз міндетін сезінуіне ықпал еткен. Қазіргі таңда кейбір жастардың жеңіл өмірге ұмтылуы, еңбекке немқұрайлы қарауы қоғам үшін маңызды мәселе болып отыр. Осындай жағдайда ұлттық тәрбиедегі еңбекке баулу қағидаларын жаңғырту аса қажет.
Жастар тәрбиесіндегі маңызды құндылықтардың тағы бірі – намыс пен ар-ұят ұғымдары. Қазақ қоғамында ар-намысты сақтау адамның басты қасиеттерінің бірі болып есептелген. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген түсінік халықтың рухани дүниесінің тереңдігін көрсетеді. Ар-ұятты жоғары қойған қоғамда тәртіп пен жауапкершілік те жоғары болады. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердің ықпалымен жастар арасында арсыздықты қалыпты жағдай ретінде көрсету байқалып жатады. Бұл ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан жастардың бойында ұят, намыс, жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.
Дәстүрлі құндылықтар жастардың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары түрлі жат діни ағымдардың, радикалды идеологиялардың жастар санасына ықпал ету әрекеттері байқалады. Рухани иммунитеті әлсіз, ұлттық танымы қалыптаспаған жастар мұндай ықпалдарға тез берілуі мүмкін. Ал дәстүрлі құндылықтар негізінде тәрбиеленген жас өз ұлтының тарихын, мәдениетін, дінін құрметтеп, қоғамға жат идеяларға сын көзбен қарай алады. Сондықтан ұлттық тәрбие – қоғам тұрақтылығының маңызды кепілі.
Қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары ислам дінінің рухани қағидаларымен де үйлесім тапқан. Ислам діні адамды мейірімділікке, сабырлылыққа, адалдыққа, ата-ананы құрметтеуге шақырады. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі діни таным жастарды білімге, адамгершілікке және қоғаммен татулықта өмір сүруге тәрбиелеген. Дәстүрлі ислам құндылықтары жастардың діни сауаттылығын арттырып, радикалды көзқарастардан сақтауда маңызды рөл атқарады.
Қазіргі қоғамда жастар тәрбиесіне әлеуметтік желілердің ықпалы өте күшті. Интернет кеңістігіндегі кейбір теріс ақпараттар мен шетелдік мәдениет элементтері жастардың санасына әсер етуде. Кей жағдайда жастар уақытын пайдасыз контентке жұмсап, шынайы өмірден алыстап кетуі мүмкін. Осындай жағдайда ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, тарихи тұлғаларды насихаттайтын сапалы контенттердің санын арттыру қажет. Әлеуметтік желілерді тәрбие құралы ретінде тиімді пайдалану – заман талабы. Дәстүрлі құндылықтарды жастар санасына сіңіруде білім беру ұйымдарының да рөлі зор.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбиеге негізделген іс-шаралар, кездесулер, пікірталастар, мәдени жобалар жиі ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар жастарға қазақ халқының тарихи тұлғаларының өмірі мен еңбегін таныстыру олардың отансүйгіштік қасиеттерін арттырады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастардың елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға болады.
Жастар тәрбиесіндегі дәстүрлі құндылықтардың тағы бір маңызды бағыты – патриотизм. Отанды сүю, елдің тыныштығын сақтау, халықтың бірлігін қадірлеу – қазақ тәрбиесінің негіздерінің бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, батырлар мен билер жастарды ел қорғауға, әділ болуға, халыққа қызмет етуге тәрбиелеген. Қазіргі жастар да елдің болашағына жауапты екенін сезінуі қажет. Патриоттық тәрбие ұлттық құндылықтар арқылы ғана толық қалыптасады.
Қорытындылай келе, дәстүрлі құндылықтар – жастар тәрбиесінің рухани өзегі әрі қоғам тұрақтылығының негізі. Ұлттық тәрбие жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып қана қоймай, олардың ұлттық сана-сезімін нығайтады. Өзінің салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін құрметтейтін жас ұрпақ қана елдің болашағын жарқын ете алады. Сондықтан дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен насихаттау – отбасының, білім беру ұйымдарының және тұтас қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы
ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНДЕГІ ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ РӨЛІ

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru