Қазіргі таңда әлем елдерінің алдында тұрған ең күрделі мәселелердің бірі – дін атын жамылған радикализм мен экстремизм құбылысы. Бұл қауіп тек белгілі бір мемлекетке ғана емес, бүкіл адамзат қоғамына әсер ететін жаһандық проблемаға айналды. Радикалды ағымдар дінді бейбітшілік пен адамгершілік құндылықтарының қайнар көзі ретінде емес, саяси мақсатқа жетудің, адамдарды басқарудың және қоғам ішінде алауыздық тудырудың құралы ретінде пайдалануға тырысады. Осындай жағдайда зайырлы көзқарас қоғам тұрақтылығын сақтаудың маңызды тетігі болып табылады.
Зайырлылық – дінсіздік немесе дінге қарсы ұстаным емес. Ол – мемлекет пен діннің өзара қызмет аясын ажырататын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін құқықтық қағида. Зайырлы мемлекет әр адамның діни сеніміне құрметпен қарай отырып, қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық бірлікті басты орынға қояды. Сондықтан зайырлылық радикализмнің алдын алуда маңызды қорғаныс механизмі ретінде қызмет етеді.
Дін атын жамылған радикалды топтардың негізгі ерекшелігі – олар қоғамды «ақ» және «қара» деп бөліп, өздерінен өзгеше ойлайтын адамдарды адасқан деп көрсетуге тырысады. Мұндай идеология жастардың санасына теріс әсер етіп, отбасы құндылықтарының әлсіреуіне, қоғамдағы сенімнің жоғалуына алып келеді. Кей жағдайда радикалды идеялар адамдарды зорлық-зомбылыққа, заңды мойындамауға және мемлекетке қарсы әрекеттерге итермелейді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер тудырады.
Радикализмнің таралуына көбіне діни сауатсыздық, әлеуметтік қиындықтар, психологиялық әлсіздік және интернет кеңістігіндегі бақылаусыз ақпарат себеп болады. Әсіресе жастар эмоцияға тез берілетіндіктен, оларды жалған діни уағыздар арқылы өз қатарына тарту оңайырақ болады. Радикалды топтар қасиетті ұғымдарды бұрмалап түсіндіріп, «жиһад», «хижрат», «тәкфир» секілді терминдерді өз мақсаттарына пайдаланады. Алайда дәстүрлі ислам діні адам өмірін, бейбітшілікті, әділеттілікті және қоғам тыныштығын жоғары бағалайды.
Қазақ халқының діни дүниетанымы ғасырлар бойы дәстүрмен, ұлттық мәдениетпен және төзімділікпен сабақтасып қалыптасты. Ханафи мазхабымен Матуриди сенім мектебі халқымыздың рухани тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды. Ата-бабаларымыз дінді ешқашан қатыгездік пен өшпенділікке шақыру құралы етпеген. Керісінше, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, көрші ақысын сақтау, ел бірлігін қорғау сияқты құндылықтарды дінмен ұштастырған.
Зайырлы қоғамда әр азамат заң алдында тең болады. Мемлекет ешбір діни ағымға артықшылық бермейді және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құқықтық талаптарды негізге алады. Бұл – түрлі діни көзқарастағы адамдардың бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік береді. Егер қоғамда зайырлылық қағидалары әлсіресе, онда діни алауыздық күшейіп, қоғам бірнеше топқа бөліну қаупі артады.
Радикализммен күрес тек құқық қорғау шараларымен шектелмеуі керек. Ең алдымен жастардың діни сауатын арттыру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды. Сонымен қатар интернеттегі жалған уағызшылар мен күмәнді ақпарат көздерінен сақтандыру да өзекті мәселе болып табылады.
Бүгінгі қоғамға діни фанатизм емес, білім мен парасат қажет. Себебі білімді адам кез келген ақпаратты саралап, ақиқат пен жалғанды ажырата алады. Ал радикалды идеология көбіне білімсіздік пен эмоцияны пайдалану арқылы таралады. Сондықтан сапалы білім беру жүйесі де экстремизмнің алдын алудың маңызды құралы саналады.
Қорытындылай келе, дін атын жамылған радикализм – қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін теріс құбылыс. Оған қарсы тұруда зайырлы мемлекет қағидалары, ұлттық құндылықтар, діни сауаттылық және қоғамдық бірлік шешуші рөл атқарады. Әрбір азамат бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін түсініп, радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыруы қажет. Тек сонда ғана ел тыныштығы сақталып, болашақ ұрпақ қауіпсіз әрі рухани тұрақты қоғамда өмір сүре алады.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы
Дін атын жамылған радикализмге қарсы зайырлы көзқарас

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru