Жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі
Жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі
02.06.2026
336
0

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Жас ұрпақ – елдің болашағы. Сондықтан олардың тәрбиесі мен заңға деген құрметін қалыптастыру тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болып саналады. Жасөспірімдердің құқықтары қорғалумен қатар, олардың заң алдындағы жауапкершілігі де бар. Қазақстан Республикасының заңнамасында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген.

Қазақстан Республикасының заңдары бойынша кәмелетке толмағандар деп 18 жасқа толмаған азаматтар танылады. Олар жасаған құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң алдында барлық азамат тең болғандықтан, жасөспірім де өз әрекетіне жауап беруі тиіс. ( ZANMEDIA.KZ)

Жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруына әртүрлі себептер әсер етеді. Олардың қатарында отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, әлеуметтік желінің теріс ықпалы, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы, жаман ортаға еру және құқықтық білімнің төмендігі бар. Кей жағдайларда жасөспірімдер заң бұзудың салдарын толық түсінбей, эмоцияға беріліп әрекет етеді. Алайда әрбір заңсыз әрекеттің соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпау қажет.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілік негізінен 16 жастан басталады. Мысалы, қоғамдық орында тәртіп бұзу, ұсақ бұзақылық жасау, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру, темекі немесе алкоголь өнімдерін пайдалану сияқты әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал 16 жасқа толмаған баланың әрекеті үшін кей жағдайда ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді. Бұл – отбасының тәрбиедегі рөлінің маңызды екенін көрсетеді. (GOV.KZ)

Қылмыстық жауапкершілік те заңда нақты белгіленген. Кейбір ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. Олардың қатарына ұрлық, тонау, бұзақылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру секілді әрекеттер жатады. Жасөспірімнің «мен кішкентаймын» деп жауапкершіліктен толық құтыла алмайтыны осыдан көрінеді. (BILIM-ALL.KZ)

Соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желідегі құқық бұзушылықтар да көбейіп келеді. Кейбір жасөспірімдер жалған ақпарат тарату, біреуді қорлау, әдепсіз бейнематериал жариялау немесе кибербуллинг жасау арқылы заң бұзатынын аңғармайды. Алайда мұндай әрекеттер де құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық мәдениет пен интернет әдебін сақтау өте маңызды.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы қажет. Балаға кішкентайынан адалдық, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтарды үйрету маңызды. Халық даналығында: «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтылмаған. Егер бала отбасында дұрыс тәрбие алып, қоғамнан жақсы үлгі көрсе, оның заң бұзуға бейімділігі азаяды.

Мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары, кездесулер, семинарлар өткізіліп тұруы қажет. Құқық қорғау органдары мен дін мамандарының қатысуымен ұйымдастырылатын кездесулер де жасөспірімдерге оң әсер етеді. Себебі заңды білу – құқық бұзушылықтың алдын алудың бір жолы.

Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды рөл атқарады. Спорттық үйірмелер, шығармашылық орталықтар, кітап оқу мәдениеті және қоғамдық жұмыстар жасөспірімнің дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал етеді. Бос жүрген жасөспірім жаман ортаға тез ереді. Сондықтан қоғам болып жастарға дұрыс бағыт көрсетуіміз қажет.

Қорытындылай келе, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Әрбір жас өз құқығын ғана емес, міндетін де білуі керек. Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның белгісі. Саналы, білімді әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Заңды сыйлаған жас – болашақта елін сыйлайтын азамат болып қалыптасады.

                                                                                 

 Қ.Мырзабай

 

 Түркістан облысының дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 КММ-нің  бөлім маманы                                                            

 

 

0 пікір