Адамзат тарихында дін әрқашан ерекше орын алып келген. Ол тек сенім жүйесі ғана емес, сонымен бірге адамның рухани дүниесін қалыптастыратын, мінез-құлқын тәрбиелейтін, қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтатын маңызды күш болып саналады. Қай кезеңде болмасын адамдар өмірдің мәнін, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін, адамның қоғамдағы орнын түсінуге ұмтылған. Осындай сұрақтарға жауап іздеу барысында діннің маңызы арта түсті. Сондықтан дінді рухани тәрбие мен адамгершіліктің қайнар көзі деп айтуға толық негіз бар.
Рухани тәрбие – адамның ішкі жан дүниесін байытып, оны ізгілікке, мейірімділікке, сабырлылыққа тәрбиелейтін процесс. Ал дін осы рухани тәрбиенің негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Себебі кез келген дін адамды адалдыққа, әділдікке, қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақырады. Діннің басты мақсаты – адам бойындағы жақсы қасиеттерді дамыту және жаман әрекеттерден сақтандыру. Адамның жүрегінде иман болған жерде ар-ұят, жауапкершілік, мейірім сияқты қасиеттер қалыптасады.
Дін адамды сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Өмірде түрлі қиындықтар мен сынақтар кездеседі. Осындай сәттерде дін адамға рухани күш береді, үмітін жоғалтпауға көмектеседі. Сенімі берік адам қандай жағдайда да сабыр сақтап, дұрыс жол табуға тырысады. Сонымен қатар дін адамның жүрегінде жауапкершілік сезімін оятады. Ол жасаған әрбір ісі үшін жауап беретінін түсінеді. Мұндай түсінік адамды жаман қылықтардан сақтап, қоғамда тәртіп пен тұрақтылықтың орнауына ықпал етеді.
Қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың әлсіреуі, жастар арасында түрлі теріс әрекеттердің көбеюі үлкен алаңдаушылық туғызады. Нашақорлық, ішімдікке әуестік, қатыгездік, үлкенді сыйламау сияқты келеңсіз құбылыстардың пайда болуы рухани тәрбиенің жеткіліксіздігінен байқалады. Осындай жағдайда діннің тәрбиелік рөлі ерекше маңызға ие болады. Дінді дұрыс түсінген адам жаман әдеттерден аулақ болып, қоғамға пайдалы азамат болуға ұмтылады.
Алайда дінді тек ғибадатпен шектеп қарауға болмайды. Дін – тұтас өмір салты. Ол адамның отбасындағы, қоғамдағы, қоршаған ортамен қарым-қатынасындағы әдебін де реттейді. Исламда тазалыққа, еңбекқорлыққа, уақытты тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Мұның барлығы адамның мәдениетті әрі саналы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Отбасы тәрбиесінде де діннің орны ерекше. Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Егер ата-ана баласына кішкентайынан адалдықты, мейірімділікті, имандылықты үйретсе, ол бала өскенде тәрбиелі азамат болады. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Сондықтан ата-ананың діни сауатты болуы және балаға дұрыс тәрбие беруі маңызды. Отбасында діни құндылықтарды сақтай отырып тәрбиеленген бала үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болып өседі.
Дін мен білім әрқашан қатар жүруі керек. Кейбір адамдар дінді тек мешітпен немесе құлшылықпен ғана байланыстырады. Негізінде ислам діні білім алуға ерекше мән береді. Қасиетті Құранның алғашқы аятының өзі «Оқы!» деп басталуы – білімнің маңызын көрсетеді. Білімді адам дінді де терең түсінеді, түрлі теріс ағымдардың ықпалына ермейді. Сондықтан жастарға әрі діни, әрі зайырлы білім беру – заман талабы.
Қазақ халқының рухани мәдениетінде діннің орны ерекше болған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында имандылық, әділдік, адамгершілік мәселелерін кеңінен қозғаған. Ол «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп, адамдарды бір-біріне мейірімді болуға шақырды. Шәкәрім Құдайбердіұлы да ар-ұждан мәселесін басты орынға қойған. Бұл ойшылдардың еңбектерінен діннің тек сенім ғана емес, адам тәрбиесінің негізгі құралы екенін көруге болады.
Дін қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуда да маңызды рөл атқарады. Адамдар бір-біріне құрметпен қарап, бейбіт өмір сүруге ұмтылғанда қоғамда тұрақтылық орнайды. Ислам діні ұлтқа, нәсілге бөлінбеуге, адамдардың тең екенін түсінуге шақырады. Мұндай құндылықтар қазіргі көпұлтты қоғам үшін аса маңызды.
Сонымен қатар дінді дұрыс түсіну өте маңызды. Кей жағдайда дінді бұрмалап түсіндіретін теріс ағымдар кездеседі. Олар жастардың санасын улап, қоғамға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан дінді сауатты ұстаздардан үйреніп, оның шынайы мәнін түсіну қажет. Нағыз дін ешқашан зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке шақырмайды. Керісінше, бейбітшілік пен мейірімділікті насихаттайды.
Қорытындылай келе, дін – адамзаттың рухани өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі. Ол адамды ізгілікке тәрбиелеп, адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады. Дін арқылы адам өз өмірінің мәнін түсініп, дұрыс жол таңдауға ұмтылады. Рухани бай, тәрбиелі, иманды ұрпақ – елдің болашағы. Сондықтан діннің тәрбиелік мәнін дұрыс түсініп, оны адамгершілікпен ұштастыру әрбір қоғам үшін маңызды міндет болып табылады.
Қ.Молдабек
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Дін – рухани тәрбие мен адамгершілік негізі

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru