Отбасы институты және діни радикализм
Отбасы институты және діни радикализм
29.05.2026
247
0

Қазіргі заманда қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылықтарының әлсіреуі мен діни радикализмнің таралуы. Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі отбасы – адам тәрбиесінің негізі, ал дұрыс тәрбие кез келген теріс идеологияның алдын алатын басты құрал болып саналады. Ұлттың болашағы да, қоғамның тұрақтылығы да ең алдымен отбасының беріктігіне байланысты. Сондықтан отбасы институтын сақтау мен жастарды радикалды көзқарастардан қорғау бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.

Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы әлеуметтік орта. Бала дүниеге келген сәттен бастап ата-анасының тәрбиесін көріп өседі. Оның мінезі, дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы осы отбасындағы тәрбие арқылы қалыптасады. Қазақ халқы ерте кезден-ақ отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалдың өзі тәрбиенің адам өміріндегі маңызын көрсетеді. Егер бала мейірім мен сыйластық бар ортада өссе, ол болашақта қоғамға пайдалы, саналы азамат болып қалыптасады. Ал рухани тәрбие жеткіліксіз болған жағдайда жастар түрлі теріс ықпалдарға тез ереді.

Соңғы жылдары әлемде және елімізде діни радикализм мәселесі жиі айтылып жүр. Діни радикализм – дінді қате түсіндіру арқылы қоғамда агрессияны, төзімсіздікті және заңға қарсы әрекеттерді насихаттайтын қауіпті құбылыс. Радикалды топтар көбіне жастарды өз қатарларына тартуға тырысады. Себебі жастар – эмоцияға тез берілетін, өмірлік тәжірибесі әлі толық қалыптаспаған топ. Кейбір жастар өмірдегі қиындықтардан шығу жолын іздеп жүріп, күмәнді діни ағымдардың ықпалына түсіп қалады.

Радикалды идеологиялардың таралуына бірнеше себеп бар. Соның бірі – діни сауатсыздық. Дінді терең білмеген адам жалған ақпаратқа тез сенуі мүмкін. Кей жағдайда жастар интернеттен көрген уағыздарға немесе әлеуметтік желідегі белгісіз адамдардың пікіріне еріп кетеді. Олар радикалды идеяларды «шын дін» ретінде қабылдай бастайды. Мұндай жағдайда отбасының рөлі өте маңызды. Егер ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның ортасына, қызығушылықтарына көңіл бөліп отырса, бала сыртқы теріс ықпалдарға қарсы тұра алады.

Отбасындағы психологиялық ахуал да үлкен рөл атқарады. Егер отбасында ұрыс-керіс жиі болып, бала өзін жалғыз сезінсе, ол басқа ортадан қолдау іздей бастайды. Осындай сәтте радикалды топтар оларды өздеріне тартуы мүмкін. Олар жастарға жалған мейірім көрсетіп, өз идеологияларын дұрыс жол ретінде ұсынады. Сондықтан әр отбасыда түсіністік, мейірім және сенім болуы өте маңызды.

Сонымен қатар ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің де маңызы зор. Қазақ халқы әрқашан үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды, бірлікті жоғары бағалаған. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жас буын өз елінің мәдениеті мен тарихын құрметтейді. Мұндай жастар жат идеологияларға сын көзбен қарап, олардың қауіпті екенін түсіне алады. Сондықтан отбасы тәрбиесінде ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау маңызды.

Қорытындылай айтқанда, отбасы институты қоғам тұрақтылығының негізі болып табылады. Ал діни радикализм – сол тұрақтылыққа қауіп төндіретін күрделі мәселе. Жастарды теріс ағымдардан қорғаудың ең тиімді жолы – берік отбасы, сапалы тәрбие және дұрыс рухани білім беру. Әр отбасы өз баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қараса, қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылық сақталады. Саналы, білімді және ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 

  А.Уралбаев

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының                                                                     

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-нің

Сайрам ауданындағы  теолог маманы                                                                   

0 пікір