Таяу Шығыстағы геосаяси трансформациялар мен қарулы қақтығыстардың жаңа фазаға өтуі жаһандық қауіпсіздік архитектурасын түбегейлі өзгертті. Осы өзгерістердің алдыңғы шебінде «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының ең белсенді әрі қауіпті тармағы-«Уилаят Хорасан» (ИМ-Х) тұр. Ауғанстан, Пәкістан, Орталық Азия және Иран аумақтарын қамтитын тарихи Хорасан аймағында пайда болған бұл құрылым қазіргі таңда аймақтық қауіптен трансұлттық қатерге айналды. Оның әрекет ету тактикасы, идеологиялық рекрутингі және цифрлық кеңістікті пайдалану стратегиясы заманауи терроризмнің мүлдем жаңа үрдістерін айқындап отыр. ИМ-Х феноменін түсіну үшін оның пайда болу және даму динамикасына үңілу қажет. 2014-2015 жылдары Ирак пен Сириядағы «халифат» жобасы әлсірей бастағанда, ұйым басшылығы стратегиялық орталықты басқа аймақтарға көшіруді көздеді. Ауғанстандағы билік вакуумы, жергілікті тайпалық араздықтар және «Талибан» қозғалысының ішкі жікшілдігі ИМ-Х-ның тамыр жаюына қолайлы жағдай туғызды. Алайда, бұл топ тек қана жергілікті сепаратистік немесе діни топ емес, ол басынан бастап жаһандық жиһад идеясын ту етіп көтерді. Бүгінгі таңда ИМ-Х заманауи қауіпсіздік жүйелеріне басты үш бағыт бойынша жаңа міндеттер жүктеп отыр: құрылымдық децентрализация, ақпараттық-психологиялық соғыс және шекарасыз лаңкестік.
Заманауи терроризмнің алғашқы жаңа үрдісі – желілік және гибридті құрылымға көшу. Егер ХХ ғасырдың соңындағы лаңкестік топтар қатаң иерархияға бағынса, ИМ-Х «франчайзинг» принципімен жұмыс істейді. Жоғарғы басшылық тек жалпы идеологиялық бағытты айқындайды, ал нақты шабуылдарды ұйымдастыру орталықтан тыс, дербес ұяшықтардың еншісіне қалдырылады. Бұл модель арнайы қызметтердің лаңкестік әрекеттердің алдын алуын қиындатады. Бір ұяшықтың жойылуы бүкіл желінің жұмысын тоқтата алмайды. Сонымен қатар, ұйым «жалғыз қасқырлар» (lone wolves) тактикасын белсенді қолданады. Бұл ретте лаңкес ұйым мүшелерімен тікелей байланыста болмай-ақ, интернет арқылы радикалды идеяларды бойына сіңіріп, өз бетінше шабуыл жасайды.
Екінші маңызды үрдіс–рекрутинг және үгіт-насихат жұмыстарының цифрлануы мен көптілділігі. ИМ-Х медиа құрылымдары, әсіресе «Аль-Азаим» баспа үйі, заманауи маркетингтік технологияларды жоғары деңгейде меңгерген. Олардың үгіт-насихат материалдары тек араб немесе пушту тілдерінде емес, ағылшын, орыс, тәжік, өзбек және қазақ тілдерінде де жарық көреді. Бұл стратегия Орталық Азия елдері мен ТМД аумағынан жаңа мүшелер тартуға бағытталған. Әлеуметтік желілер, Telegram-арналар, жабық чаттар мен криптографиялық мессенджерлер арқылы олар психологиялық тұрғыдан осал, әлеуметтік әділетсіздікке ренжулі немесе діни сауаты таяз жастарды өз тұзағына түсіреді. Психологиялық манипуляцияның деңгейі соншалық, виртуалды әлемде өңделген адам шынайы өмірде еш күмәнсіз жарылыс жасауға дайын болады.
Үшінші үрдіс–терроризмді қаржыландырудың жаңа көздері мен құралдары. Дәстүрлі банк жүйелері мен «хавала» секілді бейресми ақша аударымдары қазіргі уақытта қатаң бақылауға алынған. Сондықтан ИМ-Х криптовалюталар мен блокчейн технологияларын белсенді пайдалануға көшті. Анонимді криптоәмияндар арқылы әлемнің кез келген нүктесінен қаражат жинау және оны қару-жарақ сатып алуға немесе лаңкестердің жол шығындарын өтеуге жұмсау әлдеқайда жеңілдеді. Бұл қаржылық ағындарды қадағалау халықаралық қаржылық мониторинг ұйымдары (FATF секілді) үшін үлкен киберлік сын-қатерге айналып отыр. ИМ-Х-ның заманауи терроризм контексіндегі тағы бір ерекшелігі – оның геосаясипрагматизмі мен тактикалық икемділігі. Ұйым аймақтағы ірі ойыншылардың (АҚШ, Ресей, Қытай, Иран) арасындағы қарама-қайшылықтарды өз мүддесіне шебер пайдаланады. Мысалы, Ауғанстандағы «Талибан» режимін «жеткілікті деңгейде радикалды емес және Батыспен ымыраға келгіш» деп айыптап, өздерін «таза ислам» үшін күресуші жалғыз күш ретінде көрсетеді. Бұл тактика аймақтағы радикалды элементтердің басын біріктіруге мүмкіндік берді. Түрлі жергілікті экстремистік топтардың ИМ-Х туы астына өтуі оның әскери – стратегиялық әлеуетін арттырды.
Соңғы жылдары орын алған халықаралық оқиғалар, соның ішінде Ирандағы Керман қаласындағы жарылыстар және Мәскеу түбіндегі «Крокус Сити Холлдағы» қанды трагедия ИМ-Х-ның жедел әрекет ету радиусының қаншалықты кеңейгенін көрсетті. Бұл шабуылдар ұйымның тек Ауғанстан ішіндегі тұрақсыздықты пайдаланып қана қоймай, мыңдаған шақырым алыстағы нысандарға да соққы бере алатын қауқарға жеткенін дәлелдеді. Лаңкестік әрекеттердің географиясының бұлайша кеңеюі заманауи қауіпсіздік концепцияларын қайта қарауды талап етеді. Ендігі жерде терроризммен күрес тек ұлттық шекара ішінде шектелмейді; ол жаһандық деңгейдегі жедел ақпарат алмасуды қажет етеді.
Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін ИМ-Х белсенділігі тікелей ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін фактор болып табылады. Аймақтың Ауғанстанмен географиялық жақындығы, су және энергетикалық мәселелер төңірегіндегі ішкі қайшылықтар, сондай-ақ еңбек миграциясының жоғары деңгейі радикалды идеялардың таралуына қолайлы фон тудыруы мүмкін. ИМ-Х-ның Орталық Азия халықтарының тілдерінде арнайы бағдарламалар мен үндеулер шығаруы кездейсоқтық емес. Олар аймақтағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды діни ұрандармен бүркемелеп, мемлекеттік институттардың заңдылығына күмән келтіруді мақсат етеді.
Заманауи терроризмнің осы жаңа тенденцияларына қарсы тұру үшін халықаралық қоғамдастық пен аймақтық мемлекеттер кешенді стратегияны жүзеге асыруы тиіс. Біріншіден, тек күштік құрылымдардың әдістерімен (әскери операциялар, тұтқындаулар) бұл мәселені шешу мүмкін емес. Терроризмнің идеологиялық негіздеріне соққы беру қажет. Бұл – қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруды, радикалды сайттар мен арналарды бұғаттайтын киберқауіпсіздік жүйелерін жетілдіруді және баламалы, толерантты құндылықтарды насихаттауды қамтиды.
Екіншіден, халықаралық барлау және құқық қорғау органдары арасындағы сенім мен ақпарат алмасу деңгейі жоғарылауы тиіс. Геосаяси текетірестерге қарамастан, терроризммен күрес мәселесінде мемлекеттер ортақ позиция ұстануы қажет. Криптовалюта нарығын реттеу және қаржылық ағындарды анонимділіктен арылту бойынша халықаралық заңнамалық базаны қатаңдату да кезек күттірмейтін шаралардың бірі.
Қорыта айтқанда, «Уилаят Хорасан» мысалындағы заманауи терроризм – бұл ХХІ ғасырдың технологиялық мүмкіндіктерін, жаһандану үдерістерін және геосаяси дағдарыстарды өз мүддесіне бейімдеген жоғары деңгейдегі трансформацияланған қауіп. Ол шекара танымайды, цифрлық кеңістікте еркін жылжиды және адам санасын қашықтықтан басқарудың жаңа әдістерін қолданады. Бұл қатерге қарсы күрес тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың ақпараттық гигиенасы мен құндылықтар жүйесінің беріктігі деңгейінде жүруі тиіс. Тек сонда ғана заманауи әлемді жайлаған лаңкестік індеттің бетін қайтару мүмкін болмақ.
І.Нағызхан
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім басшысы
ИМ Уилаят Хорасан және заманауи терроризмнің жаңа үрдісі

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru