Елімнің бақытын тербеткен-егемендік
Елімнің бақытын тербеткен-егемендік
12.12.2022
497
0

Бүгін еркіндіктің аспанкөк байрағы желбіреген кең байтақ Қазақстан жерінде Тәуелсіздік күні мерекеленуде. 1991 жылдың 16-желтоқсанында біз үшін, қазақстандықтар үшін жаңа тарих, жаңа дәуір басталды. Бұл күні Жоғары кеңестің сессиясында көп ғасырға созылған бодандықтан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Ол кездегі толықсыған сезім еліміздің арманында ала алмай жүрген асуына шыққандағы асып-тасып тұрған сезім еді.

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде әлемдік жылнама көптеген саяси оқиғаларға толы болса, ал оның аяқталар тұсы адамзат тарихына Орталық Азияда және басқа да өңірлерде дербес тәуелсіз бірнеше мемлекеттердің орнығу кезеңі ретінде есте қалды.

 Біз талай-талай тарихи оқиғаларды бастан кешкен, көкке өрмелеген биік-биік таулар мен ұшы-қиыры жоқ жазира жазық далада түлеп ұшқан халықпыз. Осынау тауларындай асқақ, даласындай дархан халықтың алтын босаға – Атамекенінде тәуелсіздік туы бейбіт күн шуағымен желбіреп тұр. Бодандықтың бұғауынан босаған бүгінгі бостандықтың өзінен-өзі келіп, басымызға қона қалмағаны анық.

Бүгін, міне отыз бір жылдығын тойлап отырған тәуелсіздігіміз, егемендігіміз халқымыздың сан ғасырлар бойғы көздеген мұраты еді. Тағдыр басқа салған жоқшылық пен ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, елім аман болсын деп қан майданда қаза тапқан боздақтардың арман-тілегі қабыл болды. Тоталитарлық жүйенің қаһарынан қорықпай қайсарлық көрсеткен, ұлттық намысты қолдан бермеуге бел буып шыққан Желтоқсан жастарының ой-ниеті де осы еді.

Қазақстан халқы, Конституцияда айтылғандай, тоталитаризмнен, зорлық-зомбылықтан, кіріптарлықтан дербес тіршілікке, әлеуметтік татулыққа көше отырып, екі ғасыр тоғысында жаңа мемлекеттік құрылымын анықтады. Батыл түрде деморатиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құру жолына түсті. Бізде президенттік республиканың үлгісі таңдап алынды.

Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың арқасында қоғамдағы тұрақтандыру үрдісінің оң нышандары байқала бастады. Билік тармақтары арасында қатынастардың аса маңызды мәселелері шешілді. Әлеуметтік-экономикалық саладағы нарықтық реформалар кең өрісті сипат алып, ұлтаралық татулық нығайып отыр. Экономикадағы қалыптасқан жағдайдан шығып, бүгінгі күннің өтпелі кезеңінің болмай қоймайтын қиыншылықтарын жеңу үшін бізге әлі көп тер төгуге тура келеді. Заң шығару саласында да осыған байланысты қыруар жұмыс бар. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, өзіміздің отандық тауар өндірушілерімізді қолдауға, шетелдік инвестицияларды тартуға, қылмысты ауыздықтауға, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қатысты әділ заңдар қабылдауымыз қажет.

Егемендік – ел таңдауы. Отанның азаттығынан, тәуелсіздігінен асқан дәулет жоқ. Тасқа қашалған тарихта, көне дәуірден жеткен даусыз дерек те ерте заманның өзінде қазақ жерінде іргелі мемлекет болғандығын, оның өз уақытына лайық шаруашылығы, терең мәдениеті болғандығын дәлелдейді. Ешкімге дес бермеген, ешнәрсеге мойымаған халқымыз бертінде тап болған бодандықтың бұғауынан босап, еркіндік туын қайта тікті. Ендеше, аңсап жеткен арманнан ешқашан, ешқандай жағдайда ажырай алмаймыз. Ең алдымен, бұл үшін өз ішімізде ауызбірлік керек. Бірлігі бар елдің іргесі берік болатынын ілгері заман көрсетті. Өзімізді өзіміз, бірімізді-біріміз құрметтей білуіміз, түсіне білуіміз керек, сонда ғана өзгелердің айбары алмайды, мейіріміз биік болады. Саяси өмірдегі пікірталас ауызбірлігімізге нұқсан келтіріп, тыныштықты бұзатын шекке жетпеуі тиіс. Ішкі тыныштық біздің зор байлығымыз, үлкен ырыс-берекеміз. Болашақ несібенің бәрі осыдан бастау алады. Алыс-жақын шетелдердегі болып жатқан жарамсыз оқиғалар осыны бағаламаудың кесірі.

Егемендіктің, тәуелсіздіктің іргетасын биіктете түсу бүгінгі жастардың үлесіне тиері анық. Сондықтан жастар тәрбиесі келешек үшін маңызды мәселе. Әрбір адамның бойында өз Отанына деген патриоттық сезімі бәрінен жоғары тұрғаны абзал. Егемендік бүгін аш, ертең тоқ жағдайға қатысты ұғым емес. Оның бәрі ішкі шаруа, өзіміз түзей алатын іс. Ол біздің ұрпақтың ғана меншігі емес, оны біреуге бере салатын, айырбастай салатын нәрсе емес. Ол мәңгілік ұғым. Келешек шексіз жалғаса беретін ұрпақтардың да меншігі, бізден бұрынғы әруақтардың да меншігі.

Қорытындылай келе, бүгінде қалың қауымның жаңа дүниеге деген сенімі нығайып келеді, шынайы демократия тынысын, замана лебін еркін сезіне түстік. Ең бастысы, елдің бүтіндігі, тыныштығы, бірлігі сақталса, көздеген көкжиегімізге жетеріміз анық. Тәуелсіздігіміздің тірегі де осы.

 

Д.Тұрсынбай

Теолог маман                                  

0 пікір