Діндегі ата-ананың қадірі
Діндегі ата-ананың қадірі
19.01.2023
1047
0

Алла Тағала он сегіз мың ғаламды жаратқанда, сол жаратылыстың ішіндегі ең кереметі етіп адамды жаратқаны сөзсіз. Ал, сол адамзаттың өсіп-өнуі, көбеюінде ата-ана дәнекер болатыны ақиқат. Адам баласының өміріндегі ең баға жетпес құндылығы, қазынасы – ата-ана. Сан мың ғасыр өтсе де, өшпес, дамылдамас ұлы махаббат бар десе, ол әке мен ананың балаға деген ыстық ықылас, риясыз көңілі, тап-таза пейілі болар еді. Жарық дүниеде ештеңе орнын толтыра алмас дүние бар десе, ол да ата-ананың аялы алақаны, жылы жүрегі, мейірімді жанары болатыны анық.

Қасиетті Құран Кәрімнен бастап тәпсірлесек, ата-ананың қадірі асыл дініміз Исламда да лайықты бағаланғанын анық ұғынамыз. Өмірде үш дұға үнемі қабыл болады екен. Соның бірі ата-ананың ұрпақтары үшін жасаған дұғасы. Бұл туралы: «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады»,-дейді. Расында да, аласапыран дүниеде ешқашан жамандық тілемейтін жандар ата-ана екеніне өмірдің өзі дәлел бола алады. Құран аяттарында,  әке-шешеге жақсылық жасау үнемі абзал іс саналады. Әке мен анаға жасаған жақсылықтың сауабы сан мың есе екенін «Алланың разылығы – ата-ананың разылығы» деген хадистен-ақ көрініп тұр. Керісінше, ата-ананы сыйламау дінде ең ауыр күнәлар қатарына жатады. Сахаба Абдулла ибн Аббас бізге Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дегенін баяндайды: «Кімде кім ата-анасына сүйіспеншілік пен жылы шырай танытып қараса, сол көзқарасының өзі ғана «хажж-мәбрур» жасағандай сауапқа кенелтеді». Хажж-мәбрур анадан жаңа туылғандай күнәсіз пәк күйге түсіретін, Алланың ризашылығына сай орындалған қажылықты білдіреді.

Қазақ танымында, ауыз әдебиетінде де осы тәрбие көрініс табады. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада»,-деген. Бір ғана мақалдан ананың мейірім-шапағатын бала ешқашан өтей алмайтынын жеткізіп тұрған жоқ па?! «Жалғыз баласы атқа шапса, атасы ауылда тұрып, тақымын қысады», «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа!», «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаңда, қарызыңнан құтылмайсың» секілді толып жатқан халық даналығының ортақ мән-мағынасы – ата-ана қадірін ұғыну, көзі тірісінде аялау. Тәлім мен тәрбие, өнегелі өсиетті ұғып өсу үшін ұрпаққа ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласы керек екені сөзсіз. Ананың мерейлі мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала талап қылып, оқу-еңбекке араласса ғана өмірден өз керегін таба алады. Қауызын жаңа ашқан жас өскін – балғын бүлдіршін үшін отбасы тәрбиесі, әке мен ананың орны  еш уақытта толтыруға келмейтін дүниенің ең асылы, ең бағалысы, ең құдіреттісі.

Ата-ана тәрбие беруде, ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Сөз қадiрiн бiлетiн заманда бiр ауыз сөздiң iшкi мағынасын жете түсiнiп, содан өзiне тәлiм алған бабаларымыздың қасиетiне не жетсiн. Сондай-ақ, атамыз Жүсiп Баласағұн өзiнiң Құтты бiлiк еңбегiнде:

Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық

Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.

Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың,

Өзгермейдi салғанша ажал құрығын.

Мiне, Жүсiп Баласағұн атамыздың  «Құтты бiлiк» еңбегiндегi ойлар ана сүтiмен дарыған қасиеттi дәстүрлер халықтың салт-санасынан берiк орын алатындығы айтылған.

Балаға, әсiресе, ана өте жақын келедi. Ал, отбасы тәрбиесiнде әкенiң де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсiресе, әкенiң рөлi ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзiнiң бар өнерiн, естiп-бiлген бiлiмiн түгел үйретуге тырысады. Ал ұл бала өз тарапынан ағаға, әкеге елiктеп, одан үйренген. «Әке көрген оқ жонар»,-деген осыдан шыққан.

Бүгінде қатігез қоғамда өз ата-анасын өгейсітіп, баз кешкендер қаншама? Қазақ халқының дүниетанымында қара шаңырақ, бесік секілді ұғымдар – концепт деңгейіне көтерілген, ұлттың ұлылығын танытатын дүниелер. Ал, қазіргі қоғамда бұл екеуінің де мәртебесі түскен. Қара шаңырақта ақылын айтып, барын беріп, бағыттап, жол сілтеп, жөн көрсетіп отыратын ата-ананың орнын қарттар үйі деп түсінетіндер көбейген.

Кез келген нәрсе дәл уақытында құнды. Бес күндік жалған дүниеде ата-ананың орны да сондай. Бұл дүниеге бәрі – қонақ. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес. Ендеше, аз ғұмырдың ең сыйлы қонақтарын қадірлеп, разы қылудан артық не бар екенін ұмытпауымыз керек.

  

Д.Тұрсынбай 

Теолог маман                                                                                                                                                                                                                                    

0 пікір