Дін мен мәдениеттің арақатынасы
Дін мен мәдениеттің арақатынасы
05.11.2024
498
0

Дін – әлеуметтік құбылыс. Діннің пайда болуы, дамуы, өткені мен қазіргінің арнайы қоғамдық жағдайларымен ерекшеленеді. Дін сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды.

         Мәдениет ұғымы латынның coltura – мәдениет туралы ұғым сөзінен шыққан. Бұл ғылым адамның өмір сүру тәсілін өмірдегі материалды және рухани құндылықтарының жиынтығын үйретеді.  

Мәдениет – халықтың шығармашылық рухани ізденісі, халықтың даналық, адамгершілік нышандары. Мәдениет – заттың қажеттіліктерін, пайдалығын, әдемілігін, ыңғайлығын үйретеді. Мәдениеттің екі формасы бар: матералды және рухани мәдениет. Материалды мәдениет – зат түрінде құндылықтың жиынтығы. Мысалы: азық-түлік, киім-кешек, үй-жиһаздары, транспорттар, т.б. Рухани мәдениетке ой-өріс, сана-сезім, білім, инабаттылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, т.б. Мәдениеттің рухани негізі – дін. Дін танусыз мәдениет тану жоқ.  

Мәдениет пен дін егіз ұғым екендігі баршаға белгілі. Халықтың мәдени болмысын шыңдайтын дін. Дінді дұрыс түсіну немесе түсіндіру арқылы мәдениетті дамытуға болады. Қазақ елінің өзіндік төл мәдениеті биік болуына ислам дінінің тигізген ықпалын, қазақ халқы ғасырлар қойнауынан келе жатқан дін мен дәстүрі арқылы елі мен жерін қорғап, ұлттық санасы мен ұлттық рухының биік болғандығының дәлелі.  Жыраулардың дінді халыққа түзу түсіндірудегі рөлдерін, идеолог қызметін атқарып, ұлттық сананы биіктеткендігін дәйектеу. Сонымен қатар, Абай, Шәкерім, Алаш зиялыларының халықты рухани тәрбиелеуге жол ашқан шығармаларын зерделеу арқылы ұрпақты адасудан сақтап, төл дәстүрімізден ажырамауға үлес қосамыз. Себебі, иманды адам ұлтын қадірлейді, ұлтына, адамзатқа  барлық болмысымен қызмет етеді. Адамды рухани жетілдіру мәселесі жаһандану заманында басты мәселелердің бірі болып отыр. Дін мен мәдениетке деген функционалдық көзқарас тұрғысынан өркениеттің әрбір типінде әр салт, идея, сенім қандай да бір өмірлік функцияны орындайды. Оның ішіндегі ең бастысы – қоғамдық тәртіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Қорыта келе, кез-келген бір елдің өзіндік діни ұстанымы мен мәдениеті бар екендігі ақиқат. Мәдениет сөзін Жоржи Зейдан «Ислам мәдениеті тарихы» атты еңбегінде былайша сипаттаған: «Мәдениет дегеніміз бір қоғамды қоғам, жамиғатты жамиғат, ұлтты ұлт жасайтын, оны өзге ұлттардан ажырататын өмірлік көріністердің топтамасы. Осы өмірлік көріністер әр ұлттың өзіне тән болып келеді». Қысқаша қайырып айтқанда мәдениет «әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі» болып табылады деген. Демек, кез-келген ұлттың яки елдің өзіндік мәдениеті болады. Қазіргі заманда бізге түскені тек ата-баба жолымен келген дін мен мәдениетті алып, осы бағытта жол қалыптастырып, сол жолмен жүру ғана. Біздің ұлтқа басқа елдің мәдениеті мен діни бағытын ұстанудың қажеті жоқ. Ақиқатында тарих беттеріне қарасақ ұлтымыздың қалыптасқан діни жолы мен мәдениеті бар. Осы мәдениет пен діни жолды ары қарай дамытып толық қалыптастыру қажет. Дін мен мәдениет біріккен кезде ғана бір ұлттың толық өзіндік ұстанымы болары анық. Сол ұстанымды қалыптастыру үшін әр-біріміз осы жолда еңбек етуіміз қажет деп есептеймін.

   Н.Әмзеев

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»                                              

бөлімінің маманы                                                                      

0 пікір