Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында дін мен дәстүр бір-бірінен ажырамас рухани құндылықтар ретінде қалыптасты. Ұлттың дүниетанымы, тәрбиесі, адамгершілік қағидалары мен өмір сүру салты осы екі негіздің өзара үйлесімінен нәр алды. Сондықтан «Дін мен дәстүр – бірлікке бастар жол» деген ұғым қоғамның рухани тұтастығын айқындайтын маңызды қағида болып саналады.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан бері ата-бабаларымыз оның ізгілікке, татулыққа, әділдікке үндейтін құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрмен сабақтастыра білді. Ислам ешқашан ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығарған емес. Керісінше, халықтың мәдениеті мен әдет-ғұрпына қайшы келмейтін дәстүрлерді қолдап, олардың сақталуына мүмкіндік берді. Осылайша халқымыздың қонақжайлығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жетім-жесірге қамқорлық жасау, ағайын арасындағы ауызбіршілікті сақтау секілді асыл қасиеттері діни құндылықтармен үндесіп, ұлттың рухани келбетін қалыптастырды.
Қазақ қоғамында дүниеге келген сәбиге азан шақырып ат қою, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той, неке қию, ас беру сияқты көптеген дәстүрлердің түп-тамыры ислам мәдениетімен сабақтасып жатыр. Бұл рәсімдердің негізгі мақсаты – адамды ізгілікке тәрбиелеу, отбасы мен қоғам арасындағы жауапкершілікті арттыру, адамдардың өзара сыйластығын нығайту. Сондықтан дәстүрдің тәрбиелік мәнін дұрыс түсіну – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды тетігі.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Әлемдік ақпарат кеңістігінде түрлі идеологиялық ықпалдар мен жалған діни түсініктер жастардың санасына әсер етуі мүмкін. Кейбір радикалды ағымдар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін «дінге қайшы» деп көрсетіп, қоғамда алауыздық туғызуға тырысады. Мұндай көзқарастар исламның шынайы болмысын бұрмалап қана қоймай, ұлттық бірлікке де қауіп төндіреді.
Дәстүрлі ислам діні әрдайым білімге, сабырлылыққа, бейбітшілікке және келісімге шақырады. Қасиетті Құранда адамдардың бір-бірімен танысып, татулықта өмір сүруі Алланың нығметі ретінде баяндалады. Ал Мұхаммед пайғамбардың с.а.у өнегелі өмірі - мейірімділік пен кешірімділіктің жарқын үлгісі болып табылады. Сондықтан дінді дұрыс түсіну – қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрметтің кепілі.
Ұлттық дәстүрлер де адамдарды ынтымаққа тәрбиелейді. Асар жасау, жылу жинау, садақа беру, үлкенді сыйлау, көрші ақысына адал болу сияқты дәстүрлер қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырған. Осындай құндылықтар арқылы халқымыз қиын кезеңдерде де бірлігін жоғалтпай, елдігін сақтап қалды.
Мемлекетіміздің зайырлы даму қағидаттары әр азаматтың ар-ождан бостандығына құрметпен қарай отырып, қоғамдық келісімді нығайтуды көздейді. Бұл ретте ұлттық дәстүрлер мен дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеу – қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Жастардың бойына ұлттық мәдениетке, тарихи мұраға және дәстүрлі рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру – отбасының, білім беру ұйымдарының, дін қызметкерлері мен қоғам қайраткерлерінің ортақ міндеті.
Дін мен дәстүрдің үйлесімділігі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының айқын көрінісі. Олар бір-бірін толықтырып, адамды адалдыққа, еңбекқорлыққа, имандылыққа және елге қызмет етуге тәрбиелейді. Осындай рухани негіздер сақталған жерде қоғамда өзара сенім, ынтымақ және тұрақтылық орнығады.
Қорытындылай келе, дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – тарихи шындыққа да, халқымыздың рухани болмысына да қайшы. Керісінше, осы екі құндылықтың сабақтастығын сақтау – ұлттық бірегейлікті нығайтудың, қоғамдық келісімді дамытудың және ел бірлігін бекемдеудің маңызды кепілі. Өскелең ұрпақ ата-баба аманатына адал болып, ұлттық дәстүр мен дәстүрлі діни құндылықтарды құрметтеген жағдайда ғана қоғамымыздың рухани іргесі берік, болашағы баянды болмақ.
Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істері басқарасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталыы» КММ – нің
теолог маманы
Дін мен дәстүр – бірлікке бастар жол

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru