«Уилаят Хорасан» (ISIS-K): қалыптасуы, идеологиясы және аймақтық қауіпсіздікке ықпалы
«Уилаят Хорасан» (ISIS-K): қалыптасуы, идеологиясы және аймақтық қауіпсіздікке ықпалы
24.07.2026
25
0

 

 «Уилаят Хорасан» (араб. ولاية خراسان), халықаралық әдебиетте көбіне ISIS-K, ISKP немесе ISIL-K деп аталатын ұйым – «Ислам мемлекеті» (ISIS) террористік ұйымының Ауғанстан мен оған іргелес өңірлердегі бөлімшесі. Ұйым 2015 жылы құрылғанымен, соңғы жылдары өзінің әскери белсенділігімен қатар ақпараттық-идеологиялық қызметін де күшейтіп, Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне ықпал ететін факторлардың біріне айналды(Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен «Ислам мемлекеті» және оның құрылымдық бөлімшелері, соның ішінде «Хорасан уәлаяты», террористік ұйым деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында олардың қызметіне тыйым салынған). Сарапшылардың пікірінше, Сирия мен Ирактағы негізгі құрылым әлсірегеннен кейін «Ислам мемлекеті» өзінің ықпалын өңірлік филиалдар арқылы сақтауға ұмтылды, ал солардың ішіндегі ең белсенділерінің бірі – Уилаят Хорасан.

Уилаят Хорасан 2015 жылдың қаңтарында ресми жарияланды. Оның негізін Пәкістан Талибаны (TTP), Ауған Талибаны және Өзбекстан ислам қозғалысының кейбір бұрынғы мүшелері қалады. Олар «Ислам мемлекетінің» сол кездегі жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адалдық антын (байғат) беріп, ұйымның «Хорасан уәлаяты» ретінде қызмет ететінін мәлімдеді.

«Хорасан» атауы кездейсоқ таңдалмаған. Тарихи деректерде Хорасан қазіргі Ауғанстанның, Пәкістанның, Иранның шығыс бөлігінің, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанның кейбір аумақтарын қамтыған кең өңір ретінде белгілі. Ұйым осы тарихи атауды пайдалану арқылы өз қызметін бір ғана мемлекетпен шектемейтінін, керісінше бүкіл өңірге ықпал етуді көздейтінін көрсетуге тырысады.

Уилаят Хорасанның идеологиялық негізі «Ислам мемлекетінің» жалпы доктринасымен үндес. Ұйым өзін бүкіл мұсылман әлеміне ортақ жаһандық халифат орнатуға ұмтылатын қозғалыс ретінде көрсетеді. Осы мақсатқа жету үшін ол тәкфір (басқа мұсылмандарды күпірлікпен айыптау), қарулы жиһад және күш қолдану идеологиясын насихаттайды.

Ұйымның маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның тек батыс елдерін ғана емес, өзімен келіспейтін мұсылман қоғамдарын да қарсылас ретінде қарастыруы. Осы себепті Уилаят Хорасан Талибан қозғалысын да заңды исламдық билік ретінде мойындамайды. Ұйым Талибанды ұлттық мүддені алдыңғы орынға қойды және халықаралық келіссөздерге барды деп айыптап, оны «таза исламдық мемлекет» қағидаларынан ауытқыды деп сипаттайды. Бұл екі ұйым арасында тұрақты қарулы қақтығыстардың орын алуына себеп болды.

Уилаят Хорасан әскери шабуылдармен қатар ақпараттық кеңістікті де белсенді пайдаланады. Ұйым Telegram, түрлі мессенджерлер және цифрлық платформалар арқылы үгіт-насихат материалдарын таратып, жаңа мүшелерді тартуға және өз идеологиясын халықаралық аудиторияға жеткізуге ұмтылады. Сонымен қатар бірнеше тілде электронды журналдар мен бейнематериалдар жариялап келеді. Сарапшылар бұл ұйымның әскери әлеуетінен бөлек, цифрлық насихат мүмкіндіктеріне ерекше назар аудару қажет екенін айтады.

Қаржыландыру көздері туралы зерттеулер ұйымның қаражатты заңсыз сауда, жергілікті демеушілер, қарулы әрекеттерден түскен табыс және бейресми қаржы аудару жүйелері арқылы жинайтынын көрсетеді. Бұл фактор ұйымның өміршеңдігін сақтауға мүмкіндік береді.  

Соңғы жылдары Уилаят Хорасанның қызметі Ауғанстан аумағымен ғана шектелмей, Пәкістан, Иран және Ресейдегі ірі террорлық шабуылдармен байланыстырылып келеді. Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік құрылымдары ұйымның Еуропа мен басқа мемлекеттерге бағытталған террорлық жоспарларының жолы кесілгенін бірнеше рет хабарлады.

Орталық Азия мемлекеттері үшін негізгі қауіп ұйымның тікелей әскери әрекетінен гөрі, интернет арқылы радикалды идеологияның таралуында жатыр. Ұйым өз насихатында өңірдегі жастарды, әсіресе әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын аудиторияны нысанаға алады. Халықаралық сарапшылар Орталық Азия азаматтарының белгілі бір бөлігі ұйым құрамында болғанын және олардың бірқатары кейін басқа мемлекеттерге тарағанын атап көрсетеді.

Қазақстан үшін басты қауіп – интернет арқылы жүргізілетін идеологиялық ықпал. Сондықтан дерадикализация жұмыстарында діни сауаттылықты арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және жастардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие.

Уилаят Хорасан – тек әскери құрылым емес, сонымен қатар күрделі идеологиялық және ақпараттық желіге сүйенетін трансұлттық террористік ұйым. Оның қызметі тарихи ұғымдарды өз мүддесіне бейімдеу, діни мәтіндерді контекстен тыс түсіндіру және әлеуметтік желілерді белсенді пайдалану арқылы жүзеге асады. Сондықтан бұл ұйымға қарсы күрес тек күштік әдістермен шектелмеуі тиіс. Дерадикализация, діни ағарту, сапалы теологиялық түсіндіру және медиа сауаттылықты дамыту – экстремистік идеологияның таралуына қарсы тұрудың негізгі бағыттары болып табылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік шаралары мен идеологиялық профилактиканы қатар жүргізу ғана мұндай ұйымдардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.

 

С.Маханбетов

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы                                                                

0 пікір