Дәстүрсіз дін жоқ: Тамырынан ажыраған жастар қасіреті
Дәстүрсіз дін жоқ: Тамырынан ажыраған жастар қасіреті
21.07.2026
226
0

Бүгінгі таңда қоғамымыздың алдында тұрған ең үлкен рухани сынақ – дін  мен дәстүрдің аражігін ажырата алмай, адасып жүрген жастар мәселесі. Ғасырлар бойы бейбітшіліктің гауһарымен сусындап, оны өзінің салт-санасына, әдет-ғұрпына сіңіре білген қазақ халқы үшін бүгінде дінді жаңадан тапқандай кейіп танытатындардың көбейгені жасырын емес. Осы орайда, «Біз қай жерден қателестік?» деген заңды сұрақ туындайды.

Қазіргі жастардың көпшілігі діни білімді ресми мешіт имамдарынан немесе терең ілімді ұстаздардан емес, әлеуметтік желілердегі (TikTok, Instagram) қысқа, эмоционалды видео-уағыздардан алуда. Сыртқы күштердің идеологиялық жетегіндегі бұл виртуалды уағызшылар жастардың санасына: «Ата-бабаң дінді түсінбеген», «Салт-дәстүр ширк (күнә)», «Мемлекет заңына бағынбау керек» деген қауіпті ойларды сіңіруде.

Нәтижесінде, дінге бет бұрған жас жігіт немесе бойжеткен өз отбасына, ата-анасына қарсы шығып, оларды «намаз оқымайды» деп кінәлап, «кәпірге» шығаруға дейін барады. Бұл – имандылық емес, бұл – діни фанатизм мен рухани соқырлық.

Жат ағымдардың ең бірінші соққы беретін нысанасы – ұлттық құндылықтар. Олар келін түсіргендегі «беташар мен сәлем салуды», қайтқан кісіге «жеті шелпек таратуды», «зират басына баруды» бірден харамға балайды. Алайда, біздің ата-бабаларымыз ұстанған Ханафи мәзһабының басты ерекшелігі – ол шариғатқа қайшы келмейтін кез келген ұлттық әдет-ғұрыпты (ғұрып заңын) діннің бір бөлшегі ретінде қабылдайды. Сәлем салу –– құлшылық емес, үлкенге деген құрметтің белгісі. Шелпек тарату – Алла ризалығы үшін жасалатын садақаның бір түрі. Ұлттық дәстүрден безіну – ұлттық бірегейлікті жоғалтумен тең.

Діни сауатсыздықтың тағы бір ащы жемісі – заңсыз некелер мен оңай ажырасулар. Жастардың арасында мемлекеттік АХАТ (ЗАГС) бөліміне тіркелмей, тек жасырын діни неке қидырып, артынан бір ауыз «талақ» сөзімен әйелін бала-шағасымен далада қалдыру трендке айналып барады. Бұл Ислам дінінің әйел затына берген жоғары мәртебесіне жасалған қиянат. Дін – жауапкершіліктен қашудың немесе нәпсіні қанағаттандырудың құралы емес.

Дін – адамды қоғамнан бөліп, оқшаулайтын тар қапас емес. Керісінше, ол адамды көркем мінезге, Отанды сүюге, ата-ананы ардақтауға және ғылым-білімге жетелейтін жарық сәуле.

Қорыта келе, «Өткенін ұмытқанның – болашағы бұлыңғыр», «Ағаш тамырымен, адам дәстүрімен мықты» деген халық даналығының астарында терең мағына жатыр. Адамның рухани дүниесі оның шыққан тегінен, ұлттық тәрбиесінен және ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрінен бастау алады. Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін өзінің ұлттық болмысымен үйлестіріп, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауына айналдырды. Сондықтан «Дәстүрсіз дін жоқ» деген қағида – уақыт сынынан өткен өмір шындығы.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Бұл сөзден ұлттық тәрбие мен рухани білімнің адам өміріндегі орны айқын көрінеді. Ал Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп, тәрбие мен жауапкершіліктің қоғам үшін маңызын көрсеткен. Осы тағылымды ойлар бүгінгі жастарға да бағыт-бағдар береді.

Қазір сырттан келген, жат жұрттың мәдениетімен бүркемеленген «радикалды дін» емес, өзіміздің ұлттық болмысымызбен бітесе қайнасқан, татулық пен бейбітшілікті ту еткен дәстүрлі дін ауадай қажет. Тамырынан ажыраған ағаш солатыны секілді, дәстүрінен ажыраған діндардың да барар жері – рухани құрдым. Сондықтан, ұлттық код пен діни сауаттылықты қатар дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.

 

 Қ.Салықбаев

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру бөлімінің басшысы                                     

0 пікір