Қазіргі әлемде терроризм мен діни экстремизм халықаралық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр. Радикалды ұйымдар өздерінің заңсыз әрекеттерін діни ұғымдармен бүркемелеп, әсіресе жастардың санасын улауға бағытталған идеологияларын түрлі ақпараттық платформалар арқылы таратуда. Осындай қауіпті ағымдардың бірі – «әлемдік халифат орнату» идеясын насихаттайтын «Хорасан уәлаяты» террористік ұйымы.
«Хорасан уәлаяты» – халықаралық деңгейде террористік ұйым ретінде танылған ДАИШ-тың (ИШИМ) өңірлік тармағы. Ұйымның негізгі мақсаты – заңды мемлекеттік басқару жүйесін жоққа шығарып, күш қолдану арқылы өздерінің радикалды идеологиясына негізделген құрылымды орнату. Бұл мақсатқа жету жолында олар бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік әрекеттер жасап, қоғамда үрей мен тұрақсыздық қалыптастыруды көздейді.
Өкінішке қарай, мұндай ұйымдар қарумен ғана емес, ақпарат арқылы да күрес жүргізеді. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және интернет ресурстары арқылы жалған діни түсініктерді таратып, жастарды өз қатарларына тартуға әрекет етеді. Олар діннің негізгі қағидаларын бұрмалап түсіндіріп, өздерінің саяси мақсаттарын «қасиетті міндет» ретінде көрсетуге тырысады.
Алайда ислам діні зорлық-зомбылықты, жазықсыз адамның қанын төгуді ешқашан құптамайды. Қасиетті Құран мен Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннеті адамдарды бейбітшілікке, әділдікке, кешірімділікке және өзара сыйластыққа үндейді. Сондықтан терроризм мен экстремизмнің исламға ешқандай қатысы жоқ екенін түсіну маңызды.
Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмнің кез келген көрінісіне қарсы дәйекті саясат жүргізіп келеді. Ел заңнамасына сәйкес террористік ұйымдардың қызметіне қатысуға, олардың идеологиясын насихаттауға немесе материалдарын таратуға тыйым салынған. Мұндай әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкеледі.
Радикалды идеологияның алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – қоғамның, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру. Әрбір азамат діни мәселелер бойынша тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне жүгінгені жөн. Интернеттегі белгісіз уағызшылардың немесе күмәнді арналардың ықпалына ермей, дін саласындағы білікті мамандардың пікіріне сүйену – қоғам қауіпсіздігінің маңызды кепілі.
Терроризмнің ұлты да, діні де болмайды. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі сақтық танытып, күмәнді идеологияларға сын көзбен қарап, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қосуы қажет. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі. Осы құндылықтарды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім басшысы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru