Ұлттық бірегейлік және жаһандану
Ұлттық бірегейлік және жаһандану
27.07.2026
198
0

Ұлттық құндылық – ұлттың мәңгілік тірегі. XXI ғасыр – ғылым мен технологияның, ақпарат пен инновацияның ғасыры. Бүгінде әлем елдері бір-бірімен бұрынғыдан да тығыз байланысып, экономикалық, мәдени және саяси қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілді. Бұл құбылыс жаһандану деп аталады. Жаһандану адамзат өркениетінің дамуына серпін бергенімен, әр халықтың ұлттық болмысы мен рухани құндылықтарына да үлкен сын төндіруде. Осындай кезеңде ұлттық бірегейлікті сақтау – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.                

Ұлттық бірегейлік – белгілі бір халықтың өзіндік болмысын, тілі мен ділін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық санасы мен рухани құндылықтарын сақтай отырып, өзін басқа ұлттардан ерекшелей білуі. Ұлттық бірегейлігі берік ел ғана жаһандану дәуірінде өз орнын жоғалтпай, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айнала алады.                                                                                

Жаһандану адамзатқа көптеген мүмкіндіктер сыйлады. Ақпарат алмасу жылдамдады, білім мен ғылымға қолжетімділік артты, халықаралық ынтымақтастық нығайды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар бір-бірінің мәдениетімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Экономикалық байланыстар кеңейіп, жаңа технологиялар өмір сапасын жақсартуға ықпал етті. Алайда осы үдерістің кері әсерлері де жоқ емес.                                                    

Бүгінде көптеген халықтардың ана тіліне, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне деген қызығушылығы әлсіреп барады. Әлеуметтік желілер мен шетелдік мәдени өнімдердің ықпалы жастардың дүниетанымына айтарлықтай әсер етуде. Кейбір жастар ұлттық киімнен, ұлттық өнерден, тіпті ана тілінде сөйлеуден де алшақтай бастады. Мұндай құбылыстар ұлттық бірегейліктің әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Қазақ халқы үшін ұлттық бірегейліктің негізі – ана тілі, ұлттық мәдениет, тарих, әдебиет, дәстүр және дін. Ана тілі – ұлттың жаны. Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген сөзі бүгінгі күні ерекше маңызға ие. Тіл жоғалса, ұлттың рухани болмысы да әлсірейді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әр азаматтың парызы.

Ұлттық мәдениет те халықтың рухани қазынасы болып саналады. Домбыраның күмбірі, халық әндері, жыр-дастандар, ұлттық ойындар, қолөнер, қазақы қонақжайлық пен үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттер – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар. Осындай мұраны келер ұрпақтың бойына сіңіру – отбасы, мектеп және қоғам алдындағы маңызды міндет.

Жаһандану ұлттық мәдениеттен бас тартуды емес, оны жаңа заман талабына сай дамытуды талап етеді. Қазіргі таңда ұлттық өнерді цифрлық платформалар арқылы әлемге танытуға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, ұлттық әдебиет пен тарихты халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік мол. Демек, жаһандануды қауіп ретінде ғана емес, ұлттық мәдениетті танытудың жаңа мүмкіндігі ретінде де қарастыру қажет.

Қазақстан – көпұлтты бауырына сыйдыра білген мемлекет. Елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі – барлық этностардың мәдениетіне құрмет көрсету және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дамыту. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық даналығы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлттық бірегейлік басқа мәдениеттерден оқшаулану емес, өз тамырын сақтай отырып, әлемдік өркениетпен қатар даму дегенді білдіреді.

Жастар – елдің болашағы. Сондықтан олардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру ерекше маңызды. Жастар туған жердің тарихын білуі, қазақ әдебиетін оқуы, ұлттық өнерді құрметтеуі, ана тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Сонымен қатар олар бірнеше шет тілін меңгеріп, заманауи білім алып, әлемдік ғылым мен технологияны игеруге ұмтылғаны жөн. Ұлттық рух пен заманауи білім ұштасқанда ғана бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Ал Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ұлт алдындағы жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өткен. Бұл нақылдар ұлттық тәрбиенің қоғам өміріндегі орнын айқын көрсетеді.

Қорытындылай келе, жаһандану – уақыт талабы әрі тоқтатуға келмейтін үдеріс. Бірақ оның ағынында ұлттық болмысымызды жоғалтпау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ұлттық бірегейлігі мықты халық қана жаһанданудың игілігін тиімді пайдаланып, өзінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани мұрасын сақтай алады. Ұлттық құндылықтарын қастерлеген елдің ғана болашағы баянды, келешегі кемел болмақ.

 

М. Салиходжаев 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай, Мақтаарал ауданындағы маманы        

 

0 пікір