Отан деген сөздің ұғымына тоқталып көрейікші. Отан деген не? «Отан» деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни, әрі азаматтық борышы.
Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Адамзаттың ардақты елшісі хазірет Мұхаммед (с.а.с.) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: – «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деген.
Бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.
«Біз, қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген де мәнді сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі жанұядан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне жауапты. Отағасы жанұясына жауапты. Әйел жанұядағы дүниеге жауапты. Малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады» деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елге құрметтеуді жанын қорғағандай дінін, отанын қорғау секілді құндылықтарды үйретуге де, отағасы жауапты болғаны. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені көрсе жастан ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген.
Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуге, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Осы себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. Тарихта әлі күнге дейін мұсылман елдерінде жекелеген қайырымдылық қорлар арқылы студент жастарға шәкіртақы беріліп отырады. Бұл сол елдің болашағына жасалған қамқорлық екені сөзсіз. Өйткені, бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» делінген. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, өзара алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткендей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, сондай-ақ ұлтжандылық пен мұсылмандық тәліммен де сусындауында жатыр.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты пікірі де өте маңызды.
Демек отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Кердерілер - бәрі де отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақсылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған:
«Кімде кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады».
Мешіт-медреселердің бүгінгі күні ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да туған елге, отанды гүлдендіруге деген ниеттің көрсеткіші.
Қорыта айтарымыз, кім-кімнің де жапырақ жаяр жері – Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі керек. «Отанды сүю – иманнан» деген кең тараған мағынасы терең, қанатты сөз бар. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтынын ұмытпайық.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы