Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның
13.11.2024
479
0

   Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз  дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы.                                              

   Дін мен дәстүр қашан да бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабалардан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуіне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуына, өткенді ұмытпайсаралап, ұлттық ар-ожданының жоғалмауына шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет көрсетіп, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса, алдын кесіп өтпеугеүндейді. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді»делінсе, дана халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар»дейді.                                 Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар ғұрып еді. Ислам діні келгеннен кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, халық оны жақсы қабылдады. Ұлтымызың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз – сенім жүйесі ғана емес, өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.                   

  Салт-дәстүр деген не, соған тоқталып өтейін. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Бауыржан Момышұлы «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десем де қателеспесім анық.                                                              

   Салт-дәстүр жер бесіктен, тал бесікке дейінгі адам өмірін қамтиды. Осы аралықта қаншама әдет-ғұрып, ырымдар бар. Оның бәрін қағазға түсіру мүмкін емес. Қай халық болса да өз тарихын, дәстүр-салтын қастерлейді. Ұлттық дәстүрдің жаманы болмайды, тозығы болады, тозығы қолданыстан шығып, озығына орын беріп отырады. Дәстүрдің жоғалтқан жақсысын түгендеп, бүгінгі заман талабына сай дамытып, жетілдіре түсу қажет деп ойлаймын. Бұған барша оқырман қауыммен бірігіп атсалысып, ұлттық құндылығымызды әрдайым дәріптеп жүрсек, нұр үстіне нұр болады емес пе?!   Алла Тағала қасиетті құранның Исра сүресініің 23-24 аяттарында: «Раббың Өзіңнен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «уф» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле», – деп бұйырған. Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеуі нағыз дәстүрлі ұстанымыз болған.Сонымен қатар қонақжайлылық дәстүрі – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін» деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.). Халқымызда «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.

  Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене мұсылмандық дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беру – кез-келгеніміздің парызымыз.

    

   Ә.Болат

 Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                         

 

0 пікір