Атомның елге пайдасы қандай
Атомның елге пайдасы қандай
02.10.2024
179
0

Қазақстанның Ұлттық статистикалық бюросы әр жылдардағы мәліметіне назар аударар болсақ жыл сайын адам саны көбейіп жатыр. 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. 2018 жылы 11 қыркүйек сағат 06:35-те Қазақстан халқының саны 18 321 606 адамға жетті. 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 08:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді.Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті. Биылғы 1 қаңтардағы статистика бойынша, Қазақстанда 20 053 665 адам тұрады. Бір айда қазақстандықтар саны 20 119 адамға өсті. Адам саны көбейген елдерде пайда болатын мәселелер бар. Ол әрине тамақ, энергия, жұмыс секілді табиғи қажеттіліктер. Дәл қазіргі таңда еліміз үшін ең керек болып тұрған энергия көздері.

Адамзат осыдан 200 жыл бұрын бу мен көмір энергетикасын пайдалануды бастап кетті. Бірақ уақыт өте келе ғылым күші дамыған сайын атом энергетикасын қолдана бастады. Ядролық физиканың негізін қалаушылардың бірі ағылшын физигі Эрнест Резерфорд алғаш рет атом энергетикасы көздерін ашқан болатын. Содан бері әлемде «атом» негізгі энергия алудың қайнар көзі ретінде пайдаланып келеді. Бірақ басқа-басқа атом энергетикасы десе біздің жүрегімізге қорқыныш ұялайтыны жасырын емес. Себебі XX ғасырдағы 2 дүниежүзілік соғыс кезіндегі Хиросима Нагасаки қаласына тасталған атом бомбасынан кейін іле шала 1949 жылы 29 тамызда Семей қаласынан 120 шақырым жерде физик Курчатов пен Сахаровтың жобасымен жасалған алғашқы атом бомбасы жарылды. Санада қалыптасқан қорқыныштың табынан әлі күнге айыға алмай келеміз. Одан қалса, 1986 жылғы Украйнада болған Черноболь АЭС мен Жапонияда болған «Фукусима -1» АЭС де болған апаттар санамыздағы қорқынышты үдете түседі. Бірақ ол алғашқы салынған АЭС-тер болатын. Ал бұл көмір отынымен жұмыс істейді. Еліміздің үлкен қалалары Астана, Алматы, Шымкент секілді басқа да ірі мегаполюстерде жылу беру маусымы бастала сала қара қою көк түтінге батады. Бұл өз кезегінде адамдардың денсаулығына зиян және қоршаған ортаға залал. Бірнеше жыл бұрын Теміртау қаласында қара түсті қардың жауғанын ел есінен әлі ұмыта қойған жоқ. Сол сбепті көмірден бас тартып өзге энергия көзіне алмасуымыз қажет.

Ядролық қалдықтар және сол сияқты зиянды факторлар барынша ескерілген жағдайдың өзінде АЭС-тердің қоршаған ортаға келтірген залалы өте төмен екендігін айтып кету керек. Қазіргі уақытта АЭС-тің негізгі бәсекелесі жылу электр станциясы болғандықтан, сонымен салыстыру орынды деп есептеледі. Мысалы, қуаты 1,000 МВт болатын газбен қуатталатын жылу электр станциясында жылына 13,000 тоннаға дейін және көмірмен қуатталатын жылу электр станциясында жылына 165,000 тоннаға дейін күкірт газы, азот оксиді, көміртек оксиді, көмірсутектер, альдегидтер және күл сияқты зиянды заттар бөлінеді. Атом электр станциясында ауаға бөлінетін мұндай зиянды заттар мүлдем жоқ. Қуаты 1,000 МВт жылу электр станциясында отынның тотығуы үшін жыл сайын 8 миллион тонна оттегі қажет. Сонымен қатар, радиоактивті заттардың көбісі көмірмен қуатталатын жылу электр станциялары тарапынан бөлінетіндігін айта кету керек. Яғни, көмірдің құрамында табиғи радиоактивті заттар бар. Ол жанған кезде радиоактивті заттар ауамен араласады. Демек, жылу электр станцияларының қоршаған ортаға зияны атом электр станцияларына қарағанда әлдеқайда көп. Сондай-ақ көмір қышқыл газының ауаға көп бөлінуі салдарынан жаһандық жылынуға әкеліп соғуда. Мұзды мұхиттағы алып мұздықтардың еруі салдарынан мұхитқа, теңізге жақын орналасқан елдерді су басу қаупі жоғары.

Статистикаға сәйкес, 1 кг көмірді жаққан кезінде 7 кВт/сағ энергия өндірілсе, 1 кг газ 14 кВт/сағ энергия бөледі. 1 кг ураннан 620,000 кВт/сағ энергия өндіріледі. Энергия тиімділігі тұрғысынан уран көмірге қарағанда 90,000 есе және газға қарағанда 45,000 есе тиімді болып отыр. Яғни, 1 кг уран 4,340 000 кг көмір және 8,680 000 кг газбен пара-пар энергия бөледі.

Әлемде атомнан бөлек жел, күн, су энергиясын пайдаланып жатқан елдер көп. Еліміз бұл бағытты жақсы дамытатыны анық. Жеке инвестициялар да көп келіп жатыр.

Ulysmedia.kz  ақпараттық сайтында 18.09.2024 жылы шыққан мәліметке сүйенер болсақ «Chevron Direct Investment Fund Ltd.» жеке компаниясы (CDIF) Маңғыстау облысындағы қазақстандық жаңартылатын энергия көзін өндіруші компания «КТ Редкометальная компания» БК» ЖШС-мен 19 миллион АҚШ доллары сомасын құрайтын инвестициялық келісімшарт жасады.

Бұл инвестиция Маңғыстау облысындағы үш жел электр станцияларын (ЖЭС) біріктіруді көздейді – Форт-Шевченко, Сервиc және Жаңғызжел электр станциялары. Бұл келісімшарт аймақтағы жалпы қуаты 58,6 мегаватт электр энергиясынөндіретін жел электр станцияларының ең үлкен тобын құруға бағытталған.

Пікір Айбар Олжаев есімді сарапшы маманның фейзбук парақшасынан алынды. «Табиғи таза энергия көзі шынымен-ақ қауіпсіз әрі әлдеқайда үнемді болуы да мүмкін. Онда бізге АЭС не үшін керек?

Мамандардың айтуы бойынша энергетикадағы генерация екіге бөлінеді. Тұрақты және маневрлі. Тұрақты энергия – база болып табылады. Қазір бізде ол көмір. Яғни, 24/7 су, күн, жел болсын, болмасын тоқтамай тоқ беріп тұратын қайнар көз. Біз осы көмірді атомға ауыстырғымыз келеді.

Енді осы базаның үстіне маневр қосылады. Олар күн, жел, су электр станциялары. Бұл құбылмалы генерация, яғни табиға жағдайға байланысты тоқты бірде көп, бірде аз беріп отырады. База мен маневр қосылып, біздің электр кеңістігімізді құрайды. АЭС салынса, ол жел мен күн энергетикасы тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Керісінше, біз жоспарлайтын АЭС қазіргі Екібастұздағы көмір ГРЭС-інен тоқты аз беретін болғандықтан, бізге екі есе белсенді күн мен жел энергетикасын дамыту керек болады. Бүгіннен бастап Эквадорда кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін 8 сағатқа жарық өшірілмек. Эквадор өзінің энергия жүйесін су электр станцияларына негіздеген болатын. Қазір Эквадорда соңғы 60 жылда болмаған құрғақшылық орнап, өзендер тартылып қалған. Сол себепті негізгі су электр стансалары жұмыс істемей тұр. Маневрлі генерация база бола алмайды. Бұл өте қауіпті. Күн мен жел атомды ауыстыра алмайды. Олар бірге дамуы тиіс».        

Демек қалай десекте АЭС біздің мемлекетіміз үшін қажет. Бастысы қауіпсіздік. Себебі қазақ ұлты атомның қасіретін аз тартқан жоқ. Санада қалған атомның жаралары әлі күнге жазылған жоқ. Себебі Семей даласында болған ядролық қару сынағының адам денсаулығына әсері жайлы мәліметтер әлі күнге құпия.

 

     Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                                           

 

 

0 пікір