Ашу боран секілді
Ашу боран секілді
21.09.2023
789
0

Мəулəна Ж. Руми өзінің өмір сүру қағидасынан: «Ашу – боран секілді. Біраз уақыттан кейін басылады. Бірақ, оған дейін көп бұтақты сындырып үлгереді»-деген.

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген мақал бекер айтылмаса керек. Асылында жауды сыртқы дүниеден іздейміз, алайда шындығында ең қатерлі дұшпан өзіміздің ішкі жан дүниемізде екенін қаперімізге алмаймыз. Сондай адамға қатерлі дұшпандардың бірі – ашу. Ашуланған кезде ақыл жүрмейтіні, ашу адамның ақыл-санасын тұмандандырып, есуастыққа ұрындырады.

Ашуды жеңудің ең тиімді әдісі – ақылға салу, сабыр сақтау, ұстамды болу. Ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл, қайырымды, мейірімді адам ашулана қоймайтыны анық. Белгілі жазушы  Мұхтар Әуезов: «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі»,-деп өте орынды айтып кеткен.

Ашу адамның денесінде пайда болып, сосын оның сөзі мен әрекетіне көшеді. Ашуға берілу адамға тән нәрсе, бірақ ол әр кез осы сезімін басып отыруы керек әрі ашудың оны, оның сөзін, әрекетін баурап алуына мүмкіндік бермеу және басқаларға зиянын тигізбеуге тырысуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Біреуді жеңіп кететін адам күшті емес, ашу кезінде өзін ұстай алған адам күшті» (әл-Бұхари мен Мүслим).

Негізінде адамдар, ашулану тұрғысынан әртүрлі. Тирмизиде келген хадисте: «Адамдар, әртүрлі мінезді. Біреулер кеш ашуланады, алайда, ашуы тез тарқайды. Біреулер тез ашуланып, ашуы тез тарқайды және бұл нәрсе оларды құтқарады. Біреулер тез ашуланып, кеш басылады. Ең жақсысы, кеш ашуланып ашуы тез басылған адам. Ең жаманы да, тез ашуланып кеш басылатын адам»- делінген. Тағы бір хадисте: «Мүмин, тез ашуланып, тез басылатындығы»-айтылған.

Табараниде жеткен хадистерде «Кімде-кім, Алла разылығы үшін ашуын жеңсе, Алла Тағала одан азабын алыстатады», «Ашуын жеңген адам жаннатқа қауышады».

Бұхариде келген хадисте: «Ашуын жеңген адамды Алла Тағала қорғайды және оған дұшпанын мойынсұндырады».

Бірде Пайғамбар (с.а.с.) тас көтеріп күштерін сынап жатқан адамдардан:

- Осы тасты көтеруден де қиын нәрсені білесіңдер ме?-деп сұрады.

- Йа Расулуллаһ, не екенін білдіріңізші,-десті.

- Егер кісі, ашулы күйде ашуын жеңіп, одан кейін сабырлылық жолын ұстанса, сендердің ең ауыр тас көтергендеріңнен де күштірек сол-деген екен.

Лұқман Хәкім баласына: «Мен тасты да, темірді де әрбір ауыр затты дерлік көтеріп көргенмін, бірақ жаман көршіден ауыр нәрсені көтергенім жоқ. Мен ащы атаулының түгел дәмін таттым, бірақ кедейліктен ащы нәрсенің дәмін татпадым». Сондықтан «Дүние – терең теңіз, онда көп адам батып кеткен. Балам кемең – Алладан қорқу (тақуалық), ескегің – Аллаға иман, желкенің – Аллаға тәуекел болсын. Міне, сонда аман қаларсың, бірақ аман қалғаныңды көріп тұрғаным жоқ»-деп өсиет қылған екен.

Сүлеймен пайғамбар баласына: «Кімде-кім жамандық істейтін болса, әуелі өзінен бастасын»,-деген екен. «Ұлым! Алла Тағаладан қорқушы бол. Өйткені бұл қасиет барлық нәрсені жеңіп шығады» және дұшпаныңды ашуландырғың келсе, балаң мен әйеліңді дұрыс тәрбиеле»-деген. «Ұлым! Жөн білетін адаммен ақылдаспайынша шаруа жасама. Расында, осылай етсең еш өкінбейсің»,-деп өсиет қалдырған екен.

Қорыта келе Хазреті Хызыр былай деген: «Күлімдеген (жылы) жүзді бол, ашуланба! Әрқашан пайдалы іс жаса, аз да болса зиянды іс жасама! Қажетсіз жүрме, бостан бос күлме, ешкімді кемшілігі үшін айыптама, күнәларың үшін жыла!» Сондай-ақ  хадис шәрифтерде:«Ашуланған адам, қалағанын істеуге күші жете тұра жылы мәміле көрсетсе, Алла Тағала оның жүрегін саламаттық және иманмен толтырады». (Ибн Әбиддүния)

«Ашу шайтанның уәсуәсәсынан пайда болады. Шайтан оттан жаралған. От сумен сөндіріледі. Ашуланған кезде дәрет алыңдар». (Әбу Дауд)

«Ашуланған адам тұрған болса отырсын, ашуы тарқамаса жатсын». (Әбу Дауд)

Жас жігіт данагөй қартқа келіп:

– Ақсақал, маған тапсырма беріңізші, – деді.

 – Үндеме! – Түсінбедім.

 – Тапсырма сондай. Үндеме! Бір тәулік бойы жақ ашпа.

– Жарайды, жай ғана үндемеу болса қиын емес екен.

 – Ал сен байқап көр! Алайда мен жарты сағат та шыдамай, сөйлеп қойып, кейін аузымды алақаныммен жауып жүрген кездерім де болды. Ал уақыт өте келе көп жағдайда сөз шығындап, сөз таластырғанша, үндемей-ақ бар бәледен құтылуға болатынын ұқтым. Кейде үнсіздіктің тіпті жаныңа тыныштық сыйлап, айқай-шу, талас-тартыстрдан бойыңды аулақ ұстайтынын ұқтым. Жөнсіз сөйлемеудің, кейде мүлде үндемей қалудың пайдасы мол екен. Өзіңе сеніміңді арттырады, сабырлы болуды үйренесің, терең ойлап, шалт қимыл жасамауға әдеттенесің, жанған оттай лап ете қалатын бойыңдағы жаман дағдылардан арыласың, жаман ойды тежейтінімді түсіндім. Сонда мұның өзі – түсінген адамға мол тәлім-тәрбие! – деді данагөй қарт. Ұрыс-керіс пен жанжал, кикілжін болып жатқан жерге кезігіп қалсаңыз, үндемеңіз. Тіпті, сол ұрыс-керіс өз басыңыздан өткерсеңіз де үндемеңіз. Себебі, үндемеген адам үйдей пәледен құтылады.

 

 

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру»

бөлімінің басшысы                                                                              Қ.Салықбаев 

0 пікір