Ақылдасу дегеніміз, адамдардың белгілі бір мәселеде пікір алмасып, дұрыс шешім қабылдау мақсатында өзгенің кеңесіне жүгіну. Құран аятында: «Олар үшін жарылқау тіле және істеріңді олармен ақылдас» (Әли Имран сүресі, 159 аят) және «Істерін ақылдасу арқылы шешеді» (Шура сүресі, 38 аят) деу арқылы шешім қабылдамай жатып, ақылдасып алу керектігі айтылған.
Әлмисақтан мұсылман атанған атам қазақтың көптеген сөздерінен ақылдасуды тілге тиек еткенін көруге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Кеңесіп пішкен киім кең де болмайды, кем де болмайды», «Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ», «Кеңесіп кескен қол ауырмас», «Кеңесіп шешкен істің кемтігі болмайды» деген сөздер күнделікті өмірмізде ақылдасудың маңызын тарқатып береді. Еркектің қабырғасынан жаратылған әйел деген ардақтылармен ақылдасуды да аталарымыз кемшілік деп білмеген. Қайта «Қабырғаңмен кеңес» деп өмірлік жартыңмен ақылдасуды жөн көрген.
Ақылдасудың бір мағынасы адамдар өзара бір-бірлерімен кеңесуге мұқтаж деген сөз. Басқалай айтсақ, бірін-бірі жақсы көретін, бірінің пікірін бірі құрметтейтін адамдардың бірігіп бір мәселені шешуі. Ал, сол шешілуі керек болған істің маманымен ақылдасқан жан жанындағы өзімен бірге істейтін адамдарды көзге ілмейді, оларды қажетсінбейді және өз пікірін олардың пікірлерінен әрдайым жоғары қойғандықтан олардың берген кеңесіне құлақ аспайды деген сөз.
Ешкімді керексінбейтін адамның болмайтыны секілді басқалардың ақылын керек етпеген адамда міндетті түрде осалдық болады, істерінде нұқсандықтар мен кемшіліктер кетеді. Ал, бұл жалғыз адам үшін шынында да қауіпті. Ақылдасуға маңыз беріп, оны өзінің өмірлік ұстанымы ету бұл асылында кемістік емес. Керісінше, бұл адамның парасаттылығын және істер ісін сапалы жасауды көздеген ақылды адамның ісі.
Лұқман хәкім: «Ойға алған ісіңді алдымен жөн білетін, тәжірибелі кісімен ақылдас, өйткені ол өзіне табыс көзі болып отырған бағалы ой-пікірлерін саған тегін береді» дейді. Кімде-кім қаншалықты ақылды әрі тәжірибелі болса да іс-әрекеттерін ақылдаспай істейтін болса, онда ол адам қателеседі.
Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) дәуірінде Бәдір шайқасының алдында өздеріне ең жақын құдықтың маңайын тұрақтайтын орын етіп алуды қалайды. Осы кезде сахабаларының арасынан хазіреті Хубаб әл-Жумух Пайғамбарға келіп айтады:
«Уа, Алланың елшісі бұл жерді таңдауыңның себебі Ұлы Алланың әмірі болғандықтанба, әлде өзіңіздің жеке соғыс тәсіліңіз ба?» – деп сауал қойды. Сонда пайғамбар (с.а.с.): «Жоқ, бұл жеке пікірім, әрі соғыс айлам» деді. Сол кезде сахаба айтады: «Йа Расулалла бұл жер ыңғайлы орын емес. Одан да дұшпанымызға ең жақын тұрған құдықтың жанына барып орналасайық. Сөйтіп, қалған құдықтың барлығын бекітіп тастайық. Сонда дұшпанымыз сусап, әлсірейді» деп пайдалы кеңес айтады. Пайғамбар бұл ойың дұрыс екен деп, оның пікірін қуана қабылдайды.
Міне, ақыл мен ой-өріс тұрғысынан адамдардың озық ойлысы Пайғамбар (с.а.с.) өзі істерін, Кез келген мәселені ақылдасып шешудің ең кәміл үлгісі «Алтын ғасырда» сахабалардың өмірінен көруге болады.
Бұрынғы өткен хандар, патшалар да кеңесшісіз болмаған. Қазақ хандығында кеңесшінің жұмысын уәзірлер атқарған. Қазақтың бағына біткен ханы Абылайдың да кеңесшісі әйгілі Бұқар жырау бабамыз болған еді. Даңқты қолбасшы атақты Әмір Темір: «Ғалымдармен ақылдасу арқылы көптеген жетістіктерге жеттім» – деп өзінің билік құрған кезінде ақылдасу арқылы жемісті болғанын айтқан.
Ақылдасудың бір ұтымды жері ақылдасудың нәтижесінде қабылданған шешім ақылдасуға қатысқан адамдардың барлығының ортақ шешімі болғандықтан, олардың да бойына белгілі бір дәрежеде жауапкершілік артады. Бұл адамды жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, ақылдасу – бір нәрседен опық жеудің алдын алу. Жеті рет өлшеп, бір рет кесудің артықтығы жоқ екендігін түсінуіміз керек.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Ақылдасып пішкен тон келте болмайды
Көп оқылғандар