Ұлы даланы мекендеген қазақтың ән-күйі
Ұлы даланы мекендеген қазақтың ән-күйі
27.11.2019
893
0

Бүгінгі  таңда музыка тыңдау және түрлі аспаптарда ойнау Ислам діні бойынша харам деп жүргендерді кездестіріп жатырмыз. Тарихқа үңілетін болсақ, мұсылман ғұламаларының жалпы музыканы адамға пайдалысы мен  зияндысына қарап екіге бөліп қарастырған. Жалпы музыка белгілі бір мағынаны жеткізуде қолданылатын «сөз» секілді. Сондықтан сөзбен пайдалы нәрсені насихаттауға да, зиянды теріс нәрсені жеткізуге болатындығы сияқты музыканы да жақсы-жаман түрлі  бағытқа қолдануға болады.

Құран Кәрімде «Адамдардың арасынан ешбір білімге жүгінбестен, елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын, әрі хақ жолды келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» - делінген (Лұқман сүресі,6-аят). Аяттағы «бос сөз», көңіл көтеру мақсатында айтылатын әзіл-әңгімелерді қамтиды. Яғни, бұл жерде адамды тура жолдан, діннен адастыру мақсатында ғана айтылатын немесе атқарылатын қандай да бір істің азабқа жетелейтінін айтып отыр. Демек, дұрыс музыка мен пайдалы әуендерге ешқандай қатысы жоқ екені анық. Сол себебті де Пайғамбарымыздың музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистерінен мысалдар келтіріп қарастыруға болады.

Сахихул Бухари хадис кітабында Пайғамбарымыздың «Үмбетімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін, жібекті, арақты және музыка аспаптарын адал санайтын адамдар шығады...», - деген хадис музыканың харам екендігін білдіретін ең қуатты дәлел ретінде келтірілген. Алайда, Әл-Бухариде келген хадисте Пайғамбарымыздың музыка аспабы сүйемелдеуінде айтылған әнді тыңдағанына байланысты «Алла елшісі даңғара шалып, соғыста қаза тапқан әкелерін жоқтап отырған кішкентай қыздармен отырғаны және қыздардың бірі «Арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр» деген кезде, «Олай деп айтпа, әуелі не айтып жатқан болсаң, соны жалғастыр» деп ескерткені риуаят етілген. Осы тұста Пайғамбарымыз егерде музыка харам болса, әлгі қыздардың ән айтуына және аспаб шертуіне тосқауыл қояр еді. Демек, жоғарыда айтылған хадисте «әйелдің жыныс мүшесін» некелі жанға, ал «жібекті» әйелдерге адал екендігі,жалпылай алғанда харам еместігі, яғни екі жақты қарастыруға болатынын білеміз. Сол сияқты музыканы да ажыратып қарауға болады.

Алла елшісінің музыка аспаптары сүйемелдеуінде айтылған әндерді тыңдағанын қуаттайтын Әл-Бухари мен Мүслимнің хадис жинақтарында Айша анамыздан риуаят етілген хадистен де байқауға болады. Хадистің мазмұны: « Екі қыздың сырнайдың сүйемелдеуінде өлең айтып тұрған кезде Әбу Бәкір кіріп келіп: Алла елшісінің алдында шайтанның сырнайын тартқандарын не?, - деді. Сонда Пайғамбар: Оларға тиіспе, - деп бұйырады». Яғни бұл жерде Пайғамбар тарапынан айтылған ескерту зияны жоқ әуеннің адалдығына дәлел.

Жоғарыда көрсетілген «Лұқман» сүресі 6-аятты және Сахихул Бухари хадис кітабында: «...музыка аспаптарын адал санайтын адамдар шығады...», - деген хадисті жалпы музыканы харам деп есептейтіндердің негізгі дәлелдерінің бірі еді. Сондықтан да музыканы бір жақты қарастырып, жансақ пікір қалыптастырудан аулақ болғанымыз абзал.

Пайғамбарымыздың жоғарыда көрсетілгендей музыкаға байланысты хадистерінен көптеген дәлелді мысалдар келтіруге болады. Бұл хадистердің әр түрлі болуына байланысты тыйым салынған немесе рұқсат етілгендердің арасынан тікелей музыка аспаптарына емес, олардың қолданылуы, тыңдаушы мен орындаушының ниетіне байланысты екенін аңғарамыз. Абай атамыздың «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлақ кесері бар», - демекші жақсы ниетпен түзілген ән мен әуеннің игі істерге жетелеп, жалпы адам баласын адамгершілікке баулитыны айдан анық.

  

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің»

 маманы Ш.Досанбаева

0 пікір