Ұлы дала тарихындағы салт-дәстүрдің орны
Ұлы дала тарихындағы салт-дәстүрдің орны
11.12.2019
1286
0

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - деген болатын.

Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай халық. Ал салт-дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген.

Қазақтың салт-дәстүрінде көп мән - мағына бар. «Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен» дегендей, көп әдепті де,тәртіпті де, тәрбиені де қазақтың салтынан үйренуге болады. Себебі, салт-дәстүр тұнып тұрған тәрбие. 

Б. Момышұлы «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады. Ресей шығыстанушысы, этнограф, археолог, Петербург Ғылым Академиясының академигі В.В.Радлов: «Қазақтар - әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт»-деп айтып кеткен.

Ал дәстүр мен ұлт мәдениетін үйретудің басы – ана тілі. Б.Момышұлы «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деп жазған.

Тіл мен ұлт мәдениеті, ұлттық сана, салт-дәстүр – біртұтас ұғым. Олар этностың ең негізгі көрсеткіштері. Сондықтан халықтың өткен жолын, даму кезеңдерін сол этноспен бірге дамып келе жатқан тілінің деректері арқылы да анықтауға болады. Біздің мақсатымыз – осы тіл деректері арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін ашып көрсету. 

Ғ.Мүсіреповтің сөзімен айтар болсақ: «Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға шалдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазына». Осындай бай қазынаны жас ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Атамыз қазақ айтқандай «Жақсы заңын болғанша, жақсы дәстүрің болсын»-деп бекер айтпаса керек. Салт-дәстүр-әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы.

Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді мұра қылып қалдырды. Сонымен қатар бізге ең басты байлық-дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытқан. Ендеше «жаным арымның садақасы» деген баһадүр бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымағанымыз жөн.

Салт-дәстүріміздегі қонақ асы туралы Шортанбай ақын:

Құдайдан қорыққан мұсылман, Қонаққа сояр лағын,–дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қонақпен еріп келетін құт жайлы: «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді»,–деп баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың берген нәсібі. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап:

Кісіні көрсең есікке,

Жүгіре шық, кешікпе,

Қарсы алмасаң мейманды

Кесір болар нәсіпке!                   

 

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,

Көңілін оның қалдырма, хақтан ұял.

Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,

Ырза қылып әркімнен бата алып қал,–дейді. Пайғамбарымыздың тағылымдарынан нәр алған халқымыз: «Қонақпен еріп құт келеді», – деп, даналық қорытынды жасаған.

Қорыта келе «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар»-демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сеніммен айтуға болады.

 

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы Қ.Салықбаев

0 пікір