Салт-дәстүр тәрбие өзегі
Салт-дәстүр тәрбие өзегі
19.05.2022
1603
0

Ұлтты ерекшелейтін ол оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен рухани темірқазығы саналатын асыл қазынасы, яғни – салт-дәстүрі.                 

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар. Өткеннің бай рухани мұрасы болған  салт-дәстүрсіз тарихты елестету мүмкін емес.                                                                                                                       

Тәрбие ананың құрсағынан басталып-ақ кетеді деген тұжырым бар. Бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.  Жалпы қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Халқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұрпағына құрсақта жатқанынан-ақ сіңдіріп отырған. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болсын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әркез өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Әр ұрпақтың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға, қоғамға, отбасына бейімдеп,мәдет-ғұрып, салт-дәстүр жайлы әдебиеттерді насихаттау  тәрбиелеу – басты мақсат.              Қазақ халқының салт-дәстүрінде барлығы қамтылған. Мысалы, топқа бөліп қарастырып көрсек: бірінші топқа адам дүние есігін ашқаннан бастап, ержеткен кезіне дейінгі аралықта оларға жасалынатын тәлім-тәрбиелік, әдептілік, әртүрлі өнерге бау­лу бағытындағы ортақ амалдар, екінші топқа ер бала мен қыз баланы тәрбиелеудегі жолдары, үшінші топқа үлкен мен кіші, ата-ана, туған-туыс арасындағы қатынастарға байланысты әдет-ғұрыптар, төртінші топқа халқымыздың қонақжайлығы, дастарханы, ағайын-туыстың қатынастары, бесінші топқа дінге негізделген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жатқызуға болады.                                                                               

        Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Сондықтан жетіліп келе жатқан ұрпақ өз халқының рухани қазынасымен оның ұлттық тәрбиесімен әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен тереңірек  танысуы қажет. Қазіргі таңда ұлттық мәдениетті дамытып, қайта өркендету үшін жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүрмен тәрбиелеу қажеттілігі туындаған. Себебі, халықтық салт-дәстүрдің ішінде бүкіл халықтың мінез-құлқы, дүниетанымы, мәдениеті, тілі мен діні топтасқан. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған мол танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдеби шығармалары, ұлттық ойындары – ерекше тәрбиелік мәні бар баға жетпес қазына.                                                                                                              Абай атамыздың халқымыздың салт-дәстүріне қатысты, әсіресе өскелең ұрпаққа адамгершілік тәрбие берудегі шығармаларыда баршылық.

«Бес нәрседен қашық бол,

 Бес нәрсеге асық бол –

 Адам болам десеңіз.

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Бес дұшпаныңыз білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым, ойлап қой –

Бес тасыл іс, көнсеңіз», -деп өскелең ұрпаққа саналы ой қалыптастыратындай дүние қалдырған.                                                                                                       

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, қай ғасырда, қай қоғамда болсын әр ата-ананың міндеті – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Салт-дәстүрді тәрбиесіне сіңірген әр бала ертеңгі қоғамның саналы азаматы боларсы сөзсіз.

 Ж.Байгерей    

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің

дінтанушы маманы   

0 пікір