«Сабыр – ақылдың серігі»
«Сабыр – ақылдың серігі»
25.06.2018
2943
0

«Сабыр» – Ұлы Жаратушының көркем есімдерінің бірі. Сөздік мағынасы әрбір істе тағатсыздық танытпай, төзімді бола білу ұғымын білдіреді. Рухани тұрғыдан алғанда адам қандай бір ауыр соққы көрмесін, Алланың разылығы үшін рухани тепе-теңдігін жоғалтпау мағынасына саяды.
Бәзбір ғұламалардың көзқарасынша, араб сахарасында «сабыр» деген дертке шипа болатын өсімдік өседі. Осы өсімдіктен дәрі жасап ішкенде, адамның асқазанын оттай қарып, удай ашытады. Бірақ, адамды сырқатынан құлантаза айықтырады екен. Сол сықылды төзімді бола білудің де басы қатты болғанымен, ақыр аяғы тәтті болатыны күмәнсіз шындық. Расында да, тағатты түгесер сәтте рух тепе-теңдігін жоғалтпай, ақырына дейін шыдас берсек, біздің ұшпаққа шығатынымыз анық. Әлбетте, пенде болған соң шыдамы тауысылып, тағатсыздық танытуы мүмкін. Бірақ, әділетсіздікке жасаған қарсылық тағатсыздық емес, керісінше парасаттылық болып есептеледі. Әйтсе де, көркем мінезділік пен парасаттылық сабырлылық тамырынан бастау алады. Сондықтан, қашанда сабыр мектебінің үлгілі шәкірті бола білсек, дәйім адамдықтың нарқын ұғынумен, парасаттылық парқына шыға аламыз.
Әсілі, сабырлы болу – мұң-мұқтажың мен базынаңды Алладан басқа ешкімге тіс жарып айтпау деген сөз. Бұл туралы Хақ елшісі (с.ғ.с.) бір хадис-шарифінде: «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлылық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы іс. Адам сабырлы болмайынша өзінің қатесін түсіне алмайды. Тағатсыздық бір сәт терең ойланып, жасалып жатқан амал-әрекеттің нәтижесін ақыретпен байланыстыруға мүмкіндік бермейді. Ал, тереңдігі жоқ адам, жасаған қатесі үшін Тәңірге тәубе жасай алмайды. Алла Тағаланың разылығына ие болу мақсатында қолға алған қайырлы істі аяғына дейін жеткізу үшін адамның төзімі берік болуы керек. Әз сахабалар Алла елшісінен (с.а.у) «Иман дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Сабыр», – деп жауап қатқан. Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153 аятында: «Ей, иман келтіргендер, сабыр жəне намазбен көмек сұраңдар. Күмəнсіз Алла сабырлылық қылушылармен бірге», – деп бұйырады. Атақты ғұлама Ибн Кәсир осы аяттың түйінін былайша тарқатады: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік қылып, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс.
Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадис-шарифінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған иһсаны (жақсылық) деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлылық танытып, намаз оқып, Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да, Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар» деп бұйырған. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір істің тақсыретін тартқанда, сол замат намаз оқып, Ұлы Жаратушыдан медет сұрайтын.
Сабыр екіге бөлінеді. Біріншісі – харам мен күнәға қарсы тұратын адам бойындағы табандылық. Екіншісі – Алла Тағалаға құлшылық қылған кездегі, сондай-ақ, сауапты амалдарды жасағандағы төзімділік. Абдурахман ибн Зейд ибн Әслам: «Сабырдың екі бұтағы бар. Біріншісі – рух пен денеге салмақ салатын амалдарды орындаған кездегі ыждағаттылық. Екіншісі, құмарлық сезімі атойлап тұрса да – оған табанды түрде қарсы тұрып, Алланың лағынетінен аман алып қалатын сабырлылық. Кімде-кім сабырдың осы екі бұтағынан мықтап ұстаған болса, мәңгілік бақытқа қол жеткізе алады», – дейді. Али ибн Хусейін Зейн ал-Абидин сабырлылық танытушы қауымның ақыреттегі жағдайы туралы былай дейді: «Алла Тағала ақырет күні адамзаттың бәрін жинап: «Сабырлылық қылушы қауым қайда? Олар есеп беруден бұрын жаннатқа кірсін!» – дейді. Осы кезде адамдардың бір тобы келеді. Оларды қарсы алған періштелер: «Қайда бет алдыңдар?» – деп сұрайды. Олар өздеріне нық сеніммен: «Жұмаққа», – деп жауап қатады. Періштелер: «Сіздер кім боласыздар?» – дегенде, әлгі адамдар: «Біз сабыр етушілерміз», – деп жауап береді. Періштелер: «Сіздер неге сабыр еттіңіздер?» – дегенде, олар: «Алла Тағалаға мойынсұнып, құлшылық қылуда сабырлы болдық», – дейді. Сонда періштелер: «Иә, шынында да, сіздер сабырлы қауымнан екенсіздер. Ендеше, жәннатқа кіріңіздер. Сабырлылық танытушылардың сауабы қандай әсем?!» – деп таңдай қағып, оларға жұмақтың төрін ұсынады» (Ибн Кәсир. Мухтасар. Бақара/153).
Алла Тағала «Бақара» сүресінің 155 аятында: «Əрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық жəне дүние-мүліктен, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (с.а.у) сондай жағдайларда) сабырлылық қылушыларды сүйіншіле!» – деп бұйырады. Өз дәуірінің кемеңгері Имам Ғазали осы аятқа былайша түсіндірме жасайды: «Сабыр – адамға тән қасиет. Хайуанда төзім болмайды. Олардың жаратылысы кемшілікке толы. Сондықтан, хайуандар құмарлық сезімге кіріптар. Періштелер болса, сабырлы болуға мұқтаж емес. Себебі, олар құмарлық сезімнен ада. Кемел болып жаратылған. Ал, адам баласы әу баста хайуан сипатында жаратылғанымен, Алла Тағала оларға періштелердің нұрынан бір нұр тарту еткен. Адам баласы әлем-жәлем киінуге, алмас-жақұт тастарды тағынуға, қызыққа қандырар ойын-сауық пен делебені қоздырар саз-әуендерге, өзге де бір сәттік ләззатқа бөлейтін қызықтарға үйір болып келеді. Ал, адам баласы Алланың тарту еткен нұрыменен дүниеге қайта қарағанында қызықшылықтардың бәрі өткінші екенін, оның арбауына түскен жағдайда мәңгілік азап шегетініне көз жеткізеді. Осыны біле-тұра жасаса, өз- өзін дертінің шипасын біліп тұрып, емделмеген ақымаққа ұқсатады.
Адам баласы санасы сәулеленгеннен кейін құмарлық сезімдерін қатаң тұсап, есесіне Пәруадигар тарту еткен періште пейілімен сауапты істерді атқаруға құмбыл болып тұрады. Яғни, Алла тарту еткен періштенің нұрыменен адам бойында «сабыр» деген қасиет пайда болады. Осы қасиет адам бойындағы құмарлық сезімнен олжа алғысы келген қара дүрсін күшке табанды түрде қарсы күреседі. Нәпсі қалауларына сабырлылық қасиет «төзімді» (иффет) қарсы қояды. Ал, «төзімге» қарсы нәпсі «жеңілтектікті» (фериад и фиған) аттандырады. Егер, «төзім» «жеңілтектікті» ойсырата жеңсе, «хаким» (өзін-өзі басқарушы) атанады. «Хакимнің» қас жауының аты «еркелік» (шымар). Екеуінің шарпысуында «хаким» үстем болса, «қаһарман» (шежа-ат) мақамына иек артады. Ал, өкпе мен ашуға басу айтатын күш «хилм» (нәзік сабыр) деп аталады. Егер адамның руханиаты аста-төк өмірге наразылық танытса, онда ол «зухд» (аскет; дүние қызықшылығынан бас тарту) дәрежесіне көтеріледі. «Зухдтің» қас дұшпаны «хырс» (дүние қызықшылығына ынтықтық) деп аталады. Жоқтыққа көнгіш рухани мақамды «қанағат», ал оның қас жауын «ашкөздік» деп атаймыз. Адамның осындай төзім қатпарлары «сабырлылық» қасиетті құрайды.
Демек, Құран Кәрімдегі: «Əрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық жəне дүние-мүліктен, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (с.а.у.) сондай жағдайларда) сабырлылық қылушыларды сүйіншіле!» – деген аят осы сабырлылық қасиетті ұлықтауда (Имам Ғазали. Ихуа-и улумиддин). Өз дәуірінің көрнекті ғұламасы Ф.Рази өзінің «Мефатихул-Гаиф» атты еңбегінде «сабырлылық» қасиет туралы ой-тұжырымдарын былайша өрбітеді: «Адамның жамандықты сезінгісі келмей, оған қарсы тұруын немесе жамандықты жек көріп, одан бойын аулақ ұстауын сабырлылық қасиет деп түсінсек қателесеміз. Сабыр – адам бойындағы айғайшылдық пен жеңілтектікті ауыздықтау деген сөз. Адам көрген қайғысын ішіне жұтып, мұңын сыртқа шығармаса, ол адам сабырлылық жасаған болып есептеледі.
Задында, адам баласы басына түскен ауыртпалықты тағдыр сынағы екеніне көз жеткізсе, өзін-өзі күштеп емес, табиғи түрде сабырлы болуға бейімделеді. Қайырлы һәм сауапты істерді атқарудың да илаһи сынақ екенін терең сезініп, ізгі істерге ұйытқы болуға құмбыл тұрады. Ұстамдылығымен ұшпаққа шықпақ болған салих құл маңдайына не жазылса да, Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің үдесінен шығуға ұмтылады.
Ақиқатпен қауышу сапарында қандай бір қиыншылық көрсе де, тағдырынан тек қана Алланың нұрын көреді. Хақ нұрына малынғаннан кейін тұрмыстың тауқыметі мен ауыртпалығын елеусіз сезінеді. Керісінше, тақсырет тартуды ақиқатпен қауышар илаһи сыр деп түсіне бастайды. Ф.Рази «Мефатихул-Гаиф» атты еңбегінде «Жүсіп» сүресінің 18-ші аятындағы «Енді көркем сабыр керек» деген аяттың төзімділік тұғыры, шыдамдылық шыңы екеніне ерекше тоқталып өтеді. Біріншіден, сабыр иесі тағдырды Тәңірдің тартуы деп бағалап, оның «Маликул-Мулк» (болмыс иесі) екенін мойындайды. Яғни, мұқым ғаламның иесі Алла Тағала болғандықтан, арызын тек Аллаға ғана айтады. Екіншіден, сабыр иесі тағдырды жаһил болмаған Хаким (хикмет иесі), самарқау емес Ұлы Ғалым (аса білгір), зұлымдық жасамайтын Рахымның (аса мейірімді) жасағанын терең түйсінеді.
Сондықтан, пешенесіне жазылған әрбір істің хикметі бар екенін сезініп, өзін сабырға жеңдіреді. Жалпы, біз сабырлылық қасиетті бойымызға сіңірмейінше, өзімізді толыққанды мұсылманбыз деп айта алмаймыз. Себебі, хз. Әли: «Иманды тұтас дене деп алсақ, сабыр сол дененің басы секілді. Ендеше, бассыз адамның болмайтыны секілді, сабырсыз иман да болмайды» дейді. Демек, сабыр «иманның жартысы» ғана емес, Аллаға деген шынайы сенімнің өзегі іспетті. Тегінде, сабырлылық қасиеттен айырылып, дәйім тағатсыздық танытсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіреді. Себебі, атам қазақ «осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді» дейді. Ал, Абайшалап айтқанда, «сап-сап көңілім, сап» деп, әрбір істе өзімізді сабырға шақырсақ, сарабдалдыққа бой ұрып, саналы азаматқа айналатынымыз талассыз шындық.
Сабырлылық қасиетті толыққанды бойға сіңіру үшін Алла Тағала адам баласына илаһи міндеттер жүктеген. Бұл илаһи міндеттерді атқару арқылы сауап алуымызбен бірге, психо-техникалық жаттығулар жасап, адам рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдіре түседі. Адам баласы бойындағы сабырлылық қасиетті тиісінше бағалай білсе, ұшпаққа шығатыны анық. Өйткені, Алла Тағала: «Шынтуайтында, сабыр қылушылардың қарымтасы сан мəрте еселеніп қайтарылады» (Зумер, 10) деп бұйырады.

Мұхан ИСАХАН

0 пікір