Рухани жаңғыру негізі дәстүрлі дінімізде
Рухани жаңғыру негізі дәстүрлі дінімізде
04.12.2020
855
0

            Бүгінгі ғылым мен мәдениеттің шарықтау шегіне жеткен кезеңде ұлттық санаға сілкініс бергенЕлбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ла­сында туған жердің тарихы, мәдениеті, діні, тілі, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеуді рухани жаңғырудың басты қағидаларының бірі екенін атап көрсетті. Бүгінгі ұрпақ кешегі тарихын, тілін, дінін білмесе, елдігімізге сын болары хақ. Сондықтан,  Елбасымыз аталмыш мақаласында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, тіл, дін мәселелері және т.б. ұғымдарды халықтың, әсіресе жастардың санасына ұғынықты әрі ықшам тілмен жеткізуге көп көңіл бөлген.

            Рухани құндылық пен діни  мәдениетті  танып  білуге  ұмтылу, діни құндылықтар мен дәстүрлерге деген құлшыныс – бұл ұлттық руханиятқа деген ынта жігерді бейнелейді. Еліміздегі рухани  жаңғыру ең алдымен, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті негізінде  және зайырлы  мәдениетке сай үйлесуі тиіс. Шет елдерден келген діни ағымдардан сақтану үшін діни сауаттылық пен орныққан саналы ұстаным қажет. Бүгінгі қоғамда діннің адам  дүниетанымына ықпалы  артуда, әсіресе жастар арасында діндарлық деңгейі өсіп келеді. Дін бүгінгі жастардың әлеуметтенуінде маңызды орынға шықты. Жастардың  әлеуметтену үдерісіндегі  діни құндылықтардың орны  мен рөлін  талдау келешектегі  қоғам  мен  адам өміріндегі  діни мәдениеттің мәнін ұғынуға жол  ашады.

         Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», –  деп әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өткен еді. Осы орайда дәстүрлі дінімізді қастерлеп, ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды жастар санасына сіңдіруіміз қажет. Жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.

Ұлттық салт-дәстүрлермен қоса, қазақ ойшылдарының діни ізденістерін, рухани мұрасын жастарға таныту арқылы, біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз. Һәкім Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді асыл азаматтарымыздың дүниетанымын дәріптей отырып, дәстүрлі дінімізді түсіндіруде аты аталған азаматтарымыздың бізге қалдырған рухани мұрасын, жастардың рухани жаңғыруына дұрыс бағыттай білуіміз қажет.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының І тармағы бәсекеге қабілеттілік. Яғни, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау арқылы теолог, дінтанушы, исламтанушы мамандарды әзірлеу. Сырт елдерден келетін теріс пиғылды, қой терісін жамылған қасқыр іспетті теріс ағым өкілдерімен және де өз елімізде жүріп, шалыс басқан азаматтарымызды қайта дәстүрлі дінімізге оңалту шараларында білікті мамандар керек екендігі мәлім.  Сондықтан Елбасымыз айтқандай бәсекеге қабілетті болуымыз шарт.

Мақала аясында «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» секілді бағдарламалар тілге тиек етілді. Еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай, конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің керемет үлгісін көрсете алды. Елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуы деп біледі. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адами құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық алмасулардың алаңына айналғандай. Мағыналы конфессияаралық орталық болып қалыптасқан «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі» төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табуда. Аталмыш съездердің өту мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қазіргі заманғы шешімін таппаған жаһандық проблемаларды бірлесе шешуге бағдарланған. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілету, әлемдік және ұлттық діндердің үнқатысуын қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту болып табылады.

Қорытындылай келе, біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай, көптеген ұлт пен ұлыстың шоғырланған құт дарыған елміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз. Міне, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында айтылған ой-пікірлері өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы    І.Нағызхан

0 пікір