Қазақ зиялылары және ислам құндылықтары
Қазақ зиялылары және ислам құндылықтары
08.10.2020
2302
0

Қазақ тарихын терең  зерттеу барысында ислам құндылықтары қазақ мәдениетінің ажырамас  бөлшегі  екендігін  көруге болады. Өйткені,  халық  санасына  ислам  діні  бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары  мен  өнерін  дамыту  мен  жаңғыртуда  біздің  территориямызды  мекен  еткен  ойшылдар:  Әбу  Насыр әл-Фараби,  Қожа  Ахмет  Яссауи,  Махмұт  Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының  ислам  өркениетінің  асыл  қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі  басымдықты  әрі  маңызды  екендігін  дәлелдей түспек.

Академик Ғарифолла Есім, «Ұлттық идея – ел санасы» атты мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам туралы сөз қозғай отырып, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып, білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», – деп атап көрсеткен болатын.

Қазақстанның  кең-байтақ  территориясы  мен Еуразия  аумағын  мекендеген  түркі  ұлыстары  ІХ  ғ. басында Ислам дінін қабылдап, кейін осы территорияға иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз  дүниетанымында  ислам  құндылықтарын  дәстүрлі бағдар етіп қадір-қасиетімен біріктірген.

Қазақ  хандығы  құрылғанға  дейінгі  кезеңдерде территориямызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршеңдік танытқандығына тарихи деректер дәлел  болады. Тіпті 70 жыл үстемдігін жүргізген Кеңестік саяси идеологиядағы атеизм қазақ дүниетанымдағы исламды жоя алмады. Халық қылышынан қан тамған кезеңде де дініне бекем, Алласына жасырын түрде сиынуды тоқтатпады. Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған.

Абай философиясындағы исламдық болмыс қазақ  дүниетанымында Әлем  мен  адам  контекстінде сипатталған. Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған  ұлтжандылыққа,  имандылыққа,  ел  үшін күреске шақырып, рухты оятып, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде қолданылмады. Егеменді ел атанған соң дәстүрлі дініміз бен құндылықтарымыз өз орнын  тауып қайта насихаттала бастады. Қазақ даласындағы ислам ерекшеліктерін талдауда әлі күнге дейін отандық  ғалымдар  арасында  бір тұжырымға шынайы біріккен пікірлер аз.  

Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын  қамтамасыз  ете  алатын  пәрменді  күш ретінде  адамзат  санасына  ұялай  бастағандығы  ең маңызды фактор. Миллиондаған  қазақстандық  жастардың  өз өмірін  өзгертуі,  салауаттылық  пен  парасаттылықты, өркениеттіліктің  болашағын  өз  бойларында  ислам құндылықтарымен  байланыстыруы  исламның  қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.

Кеңес  өкіметі  көздеген Ислам дінін халық санасынан жою саясаты  түбегейлі  жүзеге аспады. Оған  бірнеше  факторлар  себеп  болды. Біріншіден, 80 жылдары Қазақстанға жүргізілген зерттеулер бойынша тұрғылықты аймақтарға қарай дінге сенушілер  20  пайыздан  70  пайыз  аралығын  құрады.  Бұл  атеизмнің  исламды  ығыстыра  алмағандығының нақты  көрсеткіші  болып  табылады. Екіншіден,  діни наным-сенім бостандығының формальды түрде болса да  конституицялық  бекінуі  маңызды  рөл  атқарды. Үшіншіден,  этноұлттық  негізде  кеңестік  одақ мемлекетін құру саясаты барысында этникалық қайшы факторларға  да  байланысты  еді. Төртіншіден,  50-ші жылдардағы Н.С. Хрущев кезеңінің жылымық уақыты кеңестік идеологияның дағдарысын бастап берді, бұл жағдай аталған әсер етуші факторлар арасында шешуші болды.

Кеңес  кезеңіндегі  құжаттар  көрсеткендей,  ислам ұзақ  уақыт  бойы  патша  өкіметінің  переселен  саясатынмен  отаршылдықтың  Даладағы  нығаюының  бір факторы ретінде қарастырылды. Бұл мәселеде басты акцент  өзіндік  әкімшілігі  жоқ  Орынбор  муфтиятына кіретін қазақ діндарларына қойылды. Ресей билігі қазақ дін өкілдеріне саяси құзырет беруге мүдделі болмады, діни өкілдердің саяси белсенділігі ХХ ғасырдың басында мұсылмандардың ерік-бостандығын шектеу науқанына алып келді. Кеңес Одағы исламды отбасылық тұрмыстық деңгейде кең қанат жаюына қарсы шараларды қолдануға мүдделі болды. Қазақстандағы  исламның  қызметінің  аяққа  тұруының  алғашқы  кезеңі  еліміздегі  діни  ұйымдардың қызметін  регламенттейтін  либералды  заңнамалардың дүниеге  келуімен,  1990  жылы  Қазақстан  мұсылмандарының  Діни  Басқармасының  ашылуы,  биліктің исламның  жандануының  бағдарламасын  ҚМДБ жүзеге  асыру  және  жобалар  жасалуы,  мұсылман мемлекеттерімен байланыстарды жандандыру, ислам мамандарын арнайы шетел орталықтарында оқытуды қолға алуымен тұспа-тұс келді. Себебі, Орта Азия мен Қазақстан  мұсылмандарының  діни  басқармасы  1990 жылға  дейін  Ташкентте  болғандықтан  Қазақстанның діни-рухани  өміріне  әсер  ете  алған  жоқ. Мешіттер салынып, діни әдебиеттер басылмады. Қазақ  даласына  ислам  діні  таралуының  мәдени, тарихи  және  рухани  бастауларына  тоқталған  кезде Ислам  дініндегі  этикалық  ұғымдардың  тарихи философиялық  маңызы  туралы  зерттелген  ғылыми жұмыстарға тоқталып өткен маңызды. Оларды Кеңестік кезеңдегі бұрмалануға ұшыраған ғылыми тұжырымдар және  еліміздің  тәуелсіздік  тұғырындағы  жаңаша ғылыми  тұжырымдар  деп  екіге  бөліп  қарастыруға болады.

Қорыта келе қазақ зиялылары мен ислам  құндылықтарының орны – отандық ғылымда бұрын-соңды зерттелмеген тың мәселелердің бірі. Құндылықтарды зерттейтін аксиология ғылымы бойынша қазақ халқының рухани құндылықтары,  адамдық  құндылықтары,  тұлғалық құндылықтары  зерттелді. Сондай-ақ ислам  дініндегі құндылықтардың  қазақ  зиялылары толық зерттелмеген тың тақырыптардың  бірі  десек  қателеспейміз. Қазақ зиялылары белгілі  бір  деңгейде  зерттелгенімен,  исламдық  басқа  этикалық  категориялар құндылық  ретінде  ғылыми  негізделіп  зерделенбеді және осы  мәселеге  қатысты  мәдени  антропология тұрғысынан қарастырылған еңбектер жоқтың қасы деп айтуға болады.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің   

  теолог маманы     Ж. Жорабек

0 пікір