Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін түсінудегі ерекшеліктер
Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін түсінудегі ерекшеліктер
09.07.2020
875
0

          Ислам шариғаты Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистеріне негізделетіні баршамызға мәлім. Себебі, Ардақты Елші (с.а.с.) заманынан бастап, қиямет күнге дейінгі шариғи үкімдердің барлығы Құран мен хадистен бастау алады. Демек, Құран аяттары мен хадистер бір-бірінен айырылмас екі негізгі қайнар көз болып табылады. Пайғамбарымыздың көзі тірісінде Алла Тағаланың кітабы мен Алла Елшісінің (с.а.с.) сүннеті бірдей  маңызға ие болатын. Сахабалардың ешқайсысының ойына Оның сөздері мен істерін тәрк ету мүлдем кіріп-шықпаған. Мұсылмандар Алла мен Оның Елшісінің (с.а.с.) бұйрықтарына бойсұнып, Алланың  кітабын қалай  қабылдап  мойындаса, пайғамбардың сүннетін де дәл солай қабылдаған. Өйткені, сүннет – Құраннан кейінгі екінші қайнар көз. Екеуін бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес-ті. Ардақты Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) өзінің бір хадисінде: «Өзімнен кейін сендерге екі нәрсені тастап барамын. Сол екеуін берік ұстансаңдар адаспайсыңдар, ол Құран және менің сүннетім (хадис)», - деген еді. Демек, Құран аяттарын, хадистерді дұрыс түсініп, өмірімізге негіз ретінде қалыптастыра білу әрбірімізге міндет болып табылады.

          Алайда, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін айтылған мағынадан өзге мағыналарда да түсінуге болатынын айта кеткен жөн. Мысалы,  Абдулла ибн Омардан мынандай оқиғаны риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар соғысы аяқталғаннан кейін сахабаларына: «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар», – деп бұйырады. Жолда екінді намазының уақыты кіреді де, кейбір сахабалар намазды Бәни Құрайзаға барғаннан кейін оқимыз дейді. Ал енді біреулері: «Пайғамбардың (с.а.с.) «Екінді намазын тек Бәни Құрайзаға барып оқыңдар» дегені – бізге тезірек барыңдар дегені. Сондықтан, біз оқып аламыз», – деп жолда намаздарын өтейді. Кейін бұл жағдай Пайғамбарға (с.а.с.) айтылғанда Пайғамбарыз (с.а.с.) ешкімді кінәламады».      

Сонымен қатар, Пайғамбар хадистері белгілі бір мәселеге, белгілі бір орынға қатысты да айтылған. Себебі, Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп бір сахаба: «Ислам деген не? – деген сұраққа: «Ата-ананы құрметтеу», - деп жауап қатса, келесі бір адамның осындай сұрағына: «Алла жолындағы жиһад (күресу)», - деп жауап берген. Хадис ілімінің ғалымдары Пайғамбардың (с.а.с.) бір сұраққа екі түрлі жауап беруінің себебі, ең алдымен сұрақ қойған сахабаға сол уақытта аталған мәселенің маңыздылығын түсіндіру болған дейді. Бірінші келген сахаба ата-анасына көңіл бөлмейтін, ата-анасын кейде ренжітетін болған. Сол сияқты, екінші сұрақ қойған кісінің бойында жиһадқа деген талпынысын арттырғысы келді деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, хадистерді жіктеуде Алла Елшісінің аталған хадисті қай кезде айтқандығын, яғни уахи түсе бастаған немесе дүние салар уақытында, белгілі бір жайтқа қатысты айтылғандығын зерттеп, зерделегеннен соң қабылдаған дұрыс.

          Фиқһ және ақида (сенім) тұрғысындағы Алла Елшісінің айтқан хадистеріне келер болсақ, расында фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсіз хадиспен де амал етіледі. Мысалы, «әлсіз» делінген хадис басқа жолдармен риуаят етілсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесіне көтеріледі. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады. Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Пайғамбар (с.а.с.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді». Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Ардақты Елші (с.а.с.): «Алла тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар», – делінген. Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан, хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге болады. Бұл хадистердің фиқһи мәселелерде қолданылуы.

Ақида (сенім) мәселелері бойынша хадистерді қолдануда зеректік танытып, сақ болған жөн. Себебі, ақида мәселелеріндегі хадистер көбіне «ғайби» (ғайып) мағыналарында келеді. Сол үшін хадис ғалымдары ақида мәселелерінде тек «мутауатир» немесе «сахих» (дұрыс) жолмен келген хадистермен ғана амал еткен.

Атап айтқанда: Мужаһидтен жеткен хадисте: «Мұхаммад Алланың Елшісі, Раббысы оны Аршыға Өзінің жанына отырғызады», - деген келеді. Аталған хадисті оқыған адамда «Алла Тағаланың Аршыға отыруы, сонымен қатар, Елшісі әрі құлы Мұхаммедті (с.а.с.) өзінің жанына отырғызады» деген түсінік пайда болуы ықтимал. Алайда, бұл хадис жайында «әл Маусуға муяссара» атты еңбекте: «Расында, бұл хадистің мәтіні қайтарылған, яғни сәләфтардан (ізгілерден) келген сөзге қайшы. Себебі, Құран аятындағы «мақам махмуд» деген сөз шапағат тұрғысында келген» , - деген сөз келтіріледі. Сонымен қатар, Омар бин Хаттабтан жеткен хадисте: «Алла Табараку уа тағала Күрсиге отырған кезде одан ер-тоқымға отырғандай сықыр дыбыс естіледі», - деген хадистің де түрлі еңбектерде келетіні анық. Бұл дәрежесі тұрғысынан «әлсіз» хадис болып табылады. Ибн әл-Жаузи бұл хадис жайында: «Бұл хадис расында Алла Елшісінен келген болуы мүмкін емес және бұл «мудтараб» хадис екендігін айтып өткен. «Мудтараб» хадис дегеніміз – дәрежесі тең болғанына қарамастан, бір-біріне қайшы жолдармен жеткен хадис. Әртүрлілік мәтінде немесе иснәдта (тізбекте) болуы мүмкін. Мұндай хадистер дәрежесі жағынан тең болғандықтан дұрыстығын таңдау қиын. Сол себепті, әлсіз хадистің санатына жатады. Хадис ғалымдары аталған хадистер ақида мәселелерінде қолданылмайтындығын алға тартады.

Сондай-ақ, бұл хадистердің мағыналары Құран аятына қарсы келеді. Себебі, Алла Тағала: «Оған ешнәрсе ұқсамайды», - деп айтады. Яғни, Алла Тағалаға жаратылғандардың іс-әрекеттерін ұқсатудан, отырды, орнықты секілді сипаттарды телуден алыс болғанымыз дұрыс.

          Қорытындылай келе, Пайғамбар (с.а.с.) хадистері белгілі бір жайтқа, мәселеге, мерзімге байланысты айтылып отырған. Бүгінгі таңдағы мұсылмандарға  бүкіл хадистерге тек амал ету ғана емес, бәлкім Пайғамбар (с.а.с.) сөздеріндегі терең мағынаны ұғынып, дұрыс түсіне білуіміз қажет.

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы   І.Нағызхан

0 пікір