Көп ішінде көрші тату
Көп ішінде көрші тату
13.11.2020
1294
0

Халқымыз әрқашан тату көршілікті жоғары бағалаған. Жақсы және жаман күндерде біз көршілерімізбен бірге иық тіресіп еңсеріп келгенбіз. Көршілердің әдептері мен әдет-ғұрыптары қатаң сақталды. Сондықтан «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» және «Үй сатып алма, көрші сатып ал» - деген мақал-мәтелдер туындады. Қазақ халқы «Көршіні Құдай қосады» - дейді. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет – көрші қолаңдармен танысу болған. «Адам күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қинала қалғанда да, бір нәрсе қажет болғанда да, ең алдымен, көршілерден көмек сұрап жатамыз. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, Ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады. Ұзақ жылдар  бойы тұрып, бір-біріне жақын болған көршілер біртіндеп туыс болып кетеді. Тіпті тұрғылықты жері өзгерген кезде де, сүйіспеншілік байланысын үзбеуге тырысады. Көршілік жоғары құндылық болғанымен, оның нәзіктіктері де бар. Басқа іс түссе, қысылтаяңда, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен батқан кеште бірінші куәгер болатын да көрші.                                                               

Ислам діні көрші ақысын барша ақылардың ішінде жоғары дәрежелердің қатарына қойған. Сондықтан, көршімен жақсы тұру – Алла тағаланың әмірі. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» - делінген («Ниса» сүресі, 36-аят). Байқасаңыздар, аятта құлшылық, ата-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді әр мұсылманға тиесілі жоғарғы міндеттердің қатарында көршінің де аталуы тегін емес. Бұл көрші ақысына көңіл бөлудің дінімізде үлкен рөл атқаратынын ұқтырады. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер» − деген. Ислам дінінде көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Алла Елшісі (с.а.с.) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан. Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» - деген [Бұхари, Муслим риуаяты].                                                       

 Жақсы көрші бола білу көңілдің әрін, тіршіліктің нәрін, өмірдің сәнін келтіріп, адам жанына шуақты сезім ұялатады. Айналадағы ел-жұртпен жарасымды сыйластық өмір сүруге деген құштарлықты арттырады. Көп жағдайда жақсы көрші туыстан да артық саналған. Ата-бабаларымыз бұны «Алыс туыстан жақын көршің артық» деп білдірген. «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, көршің жаман болса, қайтіп құтыларсың?!» - деп, өмірлік тәжірибелерінде үй алмай тұрып кіммен көрші болатынына мән берген. Дәл осы тұста «Жақсы көршіге қандай адам жатады?» - деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның жауабы көршілердің бір-біріне деген ыстық ықыласы мен пейілінде. Жақсы көрші осы құқықтарға көңіл бөлген адам деуге болады. Көрші – адамның күнделікті өміріне, елмен араластығына, жақсы-жаман істеріне, пейіліне, адамгершілігіне т.б. бірден-бір куә адамдар. Осы орайда, жақсы-жаман екендігіміздің өлшемі көршілерімізден белгілі болатынын ескерудің мәні зор. Әбу Һурайраның риуаяты бойынша, бір кісі келіп, ең жақсы амалдың не екенін сұрағанда, пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Жақсы адам бол», - деді. Ол: «Жақсы болғанымды қайдан білем?», - дегенде, «Көршілеріңнен сұра, егер олар сенің жақсы екеніңді айтса, жақсы болғаның. Жаман екеніңді айтса, жаман адам болғаның», - деді. Тарихқа үңілсек, кеңестік идеология бүлдіргенге дейін қазақта ғасырлар бойы жалғасып келген аяулы көршілік дәстүрі былай суреттелген:                               

«Кезінде халқымыздың терең мәнді, келісті, әдемі салт-дәстүрі бар еді. Көршілер күнде ертемен бір-бірінің тықырын естіп, төбесін көрісімен дауыстап сәлемдесіп, қол берісіп амандасатын еді. Кешқұрым да, күндізгі шаруаларын жайғасқан соң, үлкендер ауыл сыртында бас қосып, жаңалықтарын айтысып, осы күнгіше айтқанда, «ақпарат алмасып», бір-біріне, тұтас ауылға қатысты ертеңгі істерін келісетін болған. Аз уақыт болса да әңгіме-дүкен құрып, қалжыңдасып бір жасап қалатын. Кішкентай балалар да үлкендердің осы бір шүйіркелесулерін мерекедей көріп, мәз болып, араларында жүретін. Көршіліктің жан марқайтар рухын жүректеріне дарытып, кейін үлкейгенде, соны өздері айнытпай қайталайтын еді. Алыстан ағайын, құда-жегжат, құрметті қонақ келе қалғанда немесе үй иелерінің бірі сапардан оралғанда, көршісі сәлем беріп шығатын еді. Отағасының өтінішімен қонақтармен бірге отырып, әңгімелесіп, өткен-кеткенді айтысып, кейде оны ән-жыр, терме, дастандарға, күйге ұластыратын. Осының бәрі балаларға ел өмірі, тіл-өнер туралы сабақ, салт-дәстүр, тарих мектебі, әдеп-инабат тағылымы болып саналады. Олар – міндеттеусіз, сұраусыз, бірақ жас баланың жан дүниесін баурап алып, ақыл-ес және көркемдік-сезімдік зердесінде өшпестей болып жазылатын дәрістер болған.                                             

Иә, қазақ көршімен сыйластық негіздерін исламнан алған. Өйткені, бұл ислам ғалымдарының хадистер негізінде жоғарыда атап көрсеткен көршімен арадағы сыйластықтың жалпы әдептерімен толық сәйкеседі.                   

Қорыта келгенде, қоғамның бейбіт өмірін жақтайтын ислам діні жоғарыдағы аят-хадистер негізінде мұсылмандарды көршімен тату-тәтті тұруға шақырған. Көршімен татулық мұсылмандардың бір-бірімен татулығы мен сыйластығын, бауырмашылдығы мен ағайынгершілігін сақтайды.               

Біле-білгенге ол да өмірдегі сынақтардың бірі.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір