Исламдағы сәлемнің орны
Исламдағы сәлемнің орны
23.09.2020
1225
0

Сәлемді Исламда «Тахият», - деп атайды. Яғни «Тахият» «Амандығы, есендігі үшін дұға ету» деген мағынаны береді. Сәлем сөзі – Жаратқан Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Яғни, «Ас-Сәлам», «Есендік беруші. Жетіспеушіліктерден пәк. Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық береді»,- деген мағынада.

Құран Кәрімнің «Нұр» сүресі, 27-аятында: «Уа, иман еткендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің табалдырығынан рұқсат сұрамайынша және үй иесіне сәлем бермейінше, үйдің табалдырығынан аттамаңдар», - деп бұйырады. Осы аятқа сай амал еткен дана халқымызда «Шаңыраққа сәлем беру» дәстүрі сақталған. Қазақтың шаңырағына түскен құдайы қонақ болсын, арнайы шақырған қонақ болсын дәл үйдің іргесіне дейін астындағы атымен тасырлатып жетіп бармаған. Ол жамандық шақырады деп жорамалдаған. Алыстау жерге атын байлап, жасы үлкен-кіші болсын, үй ішінде отырғандарға «Ассалаумағалейкүм» деп шаңыраққа сәлем беріп кірген. Шаңыраққа сәлем беру дәстүрі ауылды жерде жақсы сақталған. Кезінде қонақ түскен үйдің иесі бай, беделді адам болса, шаңыраққа сәлем берумен қатар басын сәл еңкейтіп, оң қолын сол жақ көкірегіне қойып амандасқан. Арнайы шақырған қонақты алдынан күтіп алған жастар аттан түсіріп, сәлем берген.

Құранда «Ниса» сүресі, 86-аятында: «Егер сендерге біреу сәлем берсе, сендер одан да артық  илтипат білдіріңдер немесе ол қалай амандасса, сендерде дәл солай амандасындар (яғни,егер біреу сендермен «әс-сәләму аләйкум» деп амандасса, сендер оған «уа аләйкумус-сәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу» деп жауап беріңдер. Тіпті болмаса, сол сияқты сәлем беріңдер)»,- деп анық баяндалған.

Осы Құран аятына байланысты пайғамбарымыз (с.а.с.) сәлем берудің сәлемді алып, оған жауап қайтарып, сәлемін алуын сауапқа толы ізгі іс екенін мынау бір хадисінен көреміз.

Имран ибн әл-Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Бірде біреу Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Әссәләму аләйкум» (Сіздерге Алланың амандығы мен сәлемі болсын)- деп сәлем бергенде, Алла елшісі (с.а.с.) де онымен «Уа аләйкум ассалам» (Сізге де Алланың амандығы мен сәлемі болсын) - деп амандасты. Жанына отырғызып, әлгі кісіге «Он»,- дейді дауыстап. Яғни, «он» сауап дегені. Біраз уақыт өткенде тағы бір кісі келіп: «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ» (Алланың амандығы мен сәлемі және Алланың рахметі болсын) - деп сәлем бергенде, пайғамбарымыз (с.а.с.): Онымен де дәл солай амандасып, оған: «Жиырма»,-дейді. Біраздан соң тағы бір кісі келіп: «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһу» (Алланың амандығы мен сәлемі, рахметі, берекесі болсын) - деп сәлем бергенде, пайғамбарымыз (с.а.с.) да, дәл солай жауабын қайтарып,орнына отырған уақытта оған : «Отыз»,- дейді. Яғни, «отыз» сауап деген.

Исламдағы сәлем берудің әдептері мына хадисте келтіріледі. Әбу һурайра (р.а.): Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, аз адам көп адамға бірінші болып сәлем беріледі,- деп айтты»,- деген. Ислам әдебі бойынша бірінші болып отырған адамға тұрып тұрған адам, көпшілікке аз адам, жаяу адамға ат үстіндегі адам сәлем береді. Егер біреу сәлем берсе оған жауап қайтару уәжіп болады, ал егер көп адамдар ішінде сәлем берілсе бір ғана адам қайтарса жеткілікті.

Ал қазақтың салт-дәстүрі бойынша да сәлемді жасы кіші адам міндетті түрде үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Сырқат адамға  дені сау кісі бірінші амандасады. Атта отырған адам жаяу адамға бірінші сәлем береді. Көпшілікке ат үстінде отырып амандасуға болмайды. Аттан түсіп сәлемдесу керек. Бүгінгі таңда ат орнына автокөлік немесе велосипед те кіреді. Сәлемдескенде орнынан тұрып, ізет білдіру-сыпайылықтың белгісі.

Қоғамда кең тарап кеткен жағымсыз әдет бар. Мысалы: «Бір үйде қонақта отырса бір кісі келіп, тамақтанып отырған көпшіліктің қолын алып, амандасып шығып, «мен қазір қолымды жуып келейін»,- деп шығып кетеді. Қолын жумаған кісі келіп, тамақ ішіп отырған адамдарға жеке-жеке қол беріп амандасып кетеді». Бұл жағдайда бұл сәлемнің әдептерінен емес.

Қазақта бір-бірімен жолыққанда бір-бірімен мал-жан аман ба?-деп екі қолдап, төс қағыстырып амандасқан. «Мал-жан аман ба?», - деп сұрауы олардың  тұрмыс-тіршілігі төрт түлік мал бағумен өмір сүрген.  Қол беріп амандасқанда олардың күнәлары кешірілетіні жайына мына бір хадистен көруге болады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.)  Бара (р.а.) жеткен хадисінде: «Екі мұсылман кездескенде, бір-біріне қол беріп, амандық-саулық сұрасса, қоштасқанша екеуінің де күнәләрі кешіріледі»,- деп айтты деген.

Жоғарыда бірнеше сәлем беруге байланысты аят хадистерді келтіре өттік. Дегенмен соңғы уақытта дәстүрлі емес дін атын жамылған ағымдар  Ислам шариғатының әдептерін елемей қазақ халқының дәстүрлі келіннің  иіліп сәлем беруін, екі қолдап амандасуды шариғатқа сай емес. Келіннің иіліп сәлем беруі «ширк», екі қолдап амандасу «бидағат» - деп қоғамда түсініспеушіліктер тудырып, халықтың мазасын алған болатын.

Иіліп сәлем беруге  ешбір ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет емес.  Қазақ келіндерінің ешқайссы табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршамызға мәлім. Ол табынатындай құлшылық ниетімен иіліп тұрған жоқ. Ниеті үлкенге құрмет көрсетіп, сәлем беру ғана. Бұл ағымдардың пікірі діни білімге, сақталған әдет-ғұрыптың негізін, мақсатын түсінбей, теріс мақсатын пайдаланып, бір ұлттың дәстүріне,мәдинетіне қарсы қастандық  жасау деп білемін.  

Қорыта келе Исламда сәлемдесумен қоштасудың өзі сауапты амал болып саналады. Адамның бір-біріне деген бауырмашығы артып, бауырына жасаған дұға да, сәлемнен басталады. Сондықтан Ислам кез-келген сөзді сәлемнен бастап, сәлеммен аяқтайды. Ал сәлем Исламда мейірімдігік пен бауырмашылықтың белгісі.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                              Ж. Битанов

0 пікір