Ислам мәдениеті мен қазақ елі мәдениетінің ұштастығы
Ислам мәдениеті мен қазақ елі мәдениетінің ұштастығы
30.09.2019
1073
0

 

          Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін ұлы қазақ даласының ислам құндылықтарын бойына сіңіріп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен мәдениетімен сәйкес келіп жатса, таңқалудың керегі жоқ. Себебі, ата-бабаларымыз жер бетіне түскен соңғы ақиқат Ислам дінінің негіздерін өмірінің айырылмас бөлшегіне айналдырды. Сондықтан, қазақ даласына келген Ислам діні, дінді қабылдаған адамдардың Хақ тағаланы танып, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қалыптасқан мәдениетімен біте қайнасып, кемелденуіне әсер етті. Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі»[1], – деп баян етеді. Осы тұста, жер бетіндегі әрбір ұлттың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі мен өмір сүру принциптері ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы болып табылатынын айта кету керек.

 Қазақшылықтың көршіге құрметпен қарауы, қонақ күтуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға құрмет жасау,  ағайындық туыстық қарым-қатынас жасауы - Ислам дінінің ең негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Атап айтқанда, ардақты Елші Мұхаммедтің (с.а.с) бір хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне құрмет жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, қонағын сыйласын»[2] деген хадисінен байқауға болады. Сонымен қатар,  туыстық қарым-қатынасты үзбеу, ағайындармен көркем түрде мәміле жасаудың маңыздылығын: «Пайғамбарымызға (с.а.с) бір кісі келіп, мені жаннатқа кіргізетін амалды үйретші – дегенде, «Аллаға еш серік қоспай ғибадат жасау, намаз оқу, зекет беру, туыстыраныңмен жақсы қарым-қатынаста болуың»[3] - деген хадисте білдіреді. Абдулла ибн Саламнан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Ей адамдар, (кедейлерді, қарны ашты) тамақтандырыңдар, туыстарыңмен жақсы мәміле жасаңдар, адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, жаннатқа аман болған күйде кіріңдер» деген  хадисінен ата-бабамыздың бойында қалыптасқан құдайы қонақты ас-ауқатын беріп күту, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу – Алла Елшісі (с.а.с) бұйырған амалдармен сәйкестікте болғандығын байқауға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Біз, мұсылманбыз, оның ішінде Ханафи мазхабының суниттеріміз. Бұл жол біздің ата-бабаларымыздың ұлттық дәстүрге деген құрметімен негізделген...», «Біз мұсылман үмметінің бір бөлігі екендігімізге мақтан тұтамыз»[4] деген сөздерінен Ислам дінінің -  қазақ халқы құныдылықтарының айырылмас бөлшегі екендігінің айқын дәлелі болып табылады.

 

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы        І.Нағызхан

 


[1] Хужурат сүресі, 13 аят

[2] Бухари, Муслим, сахих

[3] Бухари, 1396, сахих

[4] Baq.kz

0 пікір