Ислам дінінің қоғамдағы әйел дәрежесіне ықпалы
Ислам дінінің қоғамдағы әйел дәрежесіне ықпалы
06.12.2019
975
0

 

Ислам діні келместен бұрын әйелдердің ешқандай  қадірі жоқ еді. Араптар қыз баланы тірідей көметін. Хазреті Әбу Бәкір былай дейді: «Бір нәрсе есіме түссе күлкім келеді, бір нәрсе есіме түссе жылағым келеді»-дейді. Жылағым келетіні қараңғылық дәуірде (жәһилия дәуірінде) қыз баланы тірідей жерге көметінбіз, осы есіме түссе жүрегім сыздайды. Күлкім келетін себебі, жолға шығар кезде ұннан түрлі құдай мүсіндерін жасап алар едік, қарнымыз ашқанда сол мүсіндерді жеп қояр едік» - дейді.

«Егер әйел күйеуіне: «Алла саған береке берсін» десе, оның күнәлары кешіріледі. Ал егер ол күйеуіне кішкене ғана ашуланса, Алла оның жақсы, сауапты істері үшін жазылған сый-сияпаттарды өшіреді. Әйеліне сабырлық еткені үшін күйеуі кешіріледі». (Ибн Масьуттан Дилми риуает еткен). «Мінезі жақсы адамның иманы берік болады. Сендердің ең жақсыларың, әйелімен жақсы мәміле қылушыларың». (Абу Хурайрадан Тирмизи риуает еткен).

Абу Жағфар: «Кей келіншектер үйде күйеуі өз анасынан келіншегін абзал қойып жатса, марқаяды. «Мені сүйеді екен, мен үшін бәрінен баз кешеді екен», - деп көкірек қағады. Бірақ бүгін келіншегі үшін анасынан баз кешкен жігіттен ертең өзінен де баз кешер бала табарын қиялынан тыс қалдырады», - депті. Атам қазақ: «Атаңа не істесең, балаңнан сол келер», - деген еді.(1).

Ислам діні әйелдің  абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырып оның ешқандай құқығын шектемеді. Қайта  өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашанда оның орнын жоғары бағалаған. Қоғамның тәрбиесін қыз баланың тәрбиесімен ұштастыра қарастырған. Әйел затының қоғамның барлық саласындағы орнын  айқындап, жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) Құдай қосқан қосағы парасатты әйел еді. Әр қилы сәтте пайғамбарымыздың (с.а.с) жанынан табылатын.

Жәбир ибн Абдулла: «Бірде біз Алла елшісімен (с.а.с) отырған едік. Сол кезде оған бір әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі! Саған сәлемдер болсын! Мені саған бір топ әйелдер жіберіп отыр. Алла Тағала ерлердің де, әйелдердің де Раббысы, Адам болса ерлер мен әйелдердің әкесі болып саналады, ал сені Жаратушы ерлермен қатар, әйелдерге де жіберді. Олай болса, ер адамдар Алла жолында шайқасқа шығып, қайтыс болса «...олар тірі, әрі раббыларыңның дәргейінде ризық-несібеге бөленуде» делінеді. Олар майданға өздеріне әзірленген сыйдың қаншалықты екенін білген хәлде аттанады. Ал біз болсақ, үйде отырамыз, күйеуімізге қызмет етеміз. Бізге берілер сый қандай болмақ?»,- дейді. Оның бұл сұрағына Алла елшісі: «Ол әйелдерге менің сәлемімді жеткіз және былай де: «Олар еріне бағынулары арқылы дәл осындай сыйға кенеледі, бірақ мұны біразың ғана орындайсыңдар!»,- дейді.

Бұл қыз балаға Ислам дінінің көрсеткен құрметі мен мейірімінің мысалдары ғана. Қыз балаға жасалған қамқорлық деген сөз сан қырлы сипатқа ие. Оның ішіне қыз баласының физикалық, эмоциялық әрі оның сана-сезіміне қатысты талаптар кіреді.

Дінін бекем, салтын берік ұстанған қазақ халқы сөз қадірін түсініп, тура ойға тоқтай білген. Бір ауыз сөзбен бүтін бір руды соғыстан сақтап қалса, кейде көлденең көсілген қырсық сөз үшін қалың жұрт қабақ шытып, қарым-қатынастан қол үзген. Мінеки, осындай бабаларымыздың бірі –Майлықожа Сұлтанқожаұлы жігіттің жары жайлы былай деп, ой толғады:
                                  Алғаның жаман жолықса:
                                  Үйіңнің іші шаң болар,
                                   Ісінің бәрі қам болар
                                   Сол әлімен тұрмайды -
                                   Киім таңдап паң болар .
                                   Әңгіме, жанжал қоздырар,
                                   Өзгеден өзін оздырар,
                                   Жиынға киер жібекті -
                                   Тезек теріп тоздырар .

Ислам – Алла тарапынан жіберілген Рақмет діні. Оның келісімен әлем жаңарды. Ондағы жаратылыстың қадір-қасиеті белгіленіп, қызметі айқындалды. Әуелдегі надандық әрекеттерге шек қойылды. Адамдар өз міндеттерін ұғып, борыштарын өтей бастады. Бағасыз бір бұйым орнында жұмсалған «әйел» атты бейбақтың өмірдегі орны, отбасындағы дәрежесі бекітілді. Алланың Мейірімімен әйелдің үйде атқарған қарапайым қызметінің өзі ғибадат болып саналып, ниетіне қарай сауаптар жазылатындығы айтылды. Ислам әйелдің  жоқ болған құқын түгелдей тіктеп берді. Оларға әлімжеттікпен зұлымдық жасап, зәбір беруден түгелдей  қайтарды. Керісінше, жұмсақ қатынаста болып, жылы мәмілемен, кешірімді бола білуге шақырылды (2).

Рухани құндылықтар тек сөзбен ғана берілмейді. Ол адамның өз болмысы, өз тұлғасы арқылы қалыптасады, дамиды, өзгелерге беріледі. Тәрбие дегеніміз отыра қалып насихат айту емес. Ол – ең алдымен өз болмысыңмен үлгі болу. Осыны жақсы түсінгендіктен қазақ әйелі рухани құндылықтарды өз бойына жинақтау арқылы өзгелерге үлгі болды. «Жақсы әйел – үйдің тіреуі» - деген нақылды Қорқыт ата бекер айтқан жоқ. «Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті», «Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас» деген ғибратты да Қорқыт ата қалдырған. Қазақ әйелі өзгені құрметтеді, сол арқылы өзі де құрметке ие болды. Бұл жерде атамыз қазақтың әйел затына құқық атаулыдан тыйым салып көрмеген ғибраты да зор рөл атқарды. Соның нәтижесінде қазақ әйелінің болмысына жан-жақтылық тән болды. Бейбіт күнде отбасы, ошақ қасында жүріп-ақ қоғамның ақылшысы, ұйытқысы, тәрбиешісі бола білді. (3).

Қорыта келе Иран мемлекетінің атақты басшысы Имам Хомейни «Әйел бір қолымен бесік тербетеді, екінші қолымен әлемді тербетеді»-деген.

Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар-өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі» деп қараған. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» әйел бүкіл   адамзатқа өмір сыйлайды.  Ата-бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан да болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел-анаға жүктеген. Ерте кездегі аналарымыздай ерін пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп отырған.

 

Сілтемелер:

  1. Эльмира Оспанова 18.02.2019 23-34
  2. Кания Нурмаганбетова muftyat.kz 17.08.2017
  3. https://kazislam.kz/eislam-221/?lang=ru

 

 

Орындаған: Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы: Салықбаев Қайрат Құралтайұлы

 

0 пікір