Халыққа қызмет – Хаққа қызмет
Халыққа қызмет – Хаққа қызмет
06.05.2022
702
0

Шәкәрім қажы: «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай ар сақта, оны біл» дегендей әрбір адам еліне шынайы махаббатпен жанашыр болып қызмет етсе нұр үстіне нұр болмақ. Осы тұста «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген аталы сөз еріксіз еске түседі екен. Елі үшін, жері үшін қызмет еткен тіпті осы жолда өз өмірін құрбан еткен тау тұлғалы азаматтарға қазақтың талай-талай мұңлы тарихы куә. Сонау 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия кезінде 27 мыңнан астам ұлт зиялысы атылды. Барлығының арманы мен саяси мақсат мүддесі тек қана – қазақ халқына қызмет ету, сауатын ашу және егеменді ел ету болды. Амал қанша коммунистік партия бұл армандарына жеткізбей өсіп келе жатқан көкті жастай жұлды.

Елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы істерде зиялы қауым өкілдері қашан да алдыңғы шепте болғаны ақиқат. Солардың бірі де бірегейі ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы. Елін сүюді, жерін қастерлеуді әрбір азамат ұлт ұстазынан үйреніп, үлгі алса жарасар еді. Айтқан сөзі жалын атып, ісі ұмытылмастай болған ұстаз халқын маса болып шағып, түңгі ұйқысынан айырылып халқына жөн сілтеумен өмірінің ақырына дейін антына адал болды. Қазіргі күнде жаһан жаңалықтарын жердің қай түкпірінде нендей оқиға болып жатқанын біліп отыру ғаламтор арқылы екені даусыз. Ал сол кезде ондай жаңалықтардан хабарлар тарату газет арқылы еді. Тіпті ғаламтор дамысада қазіргі күнде THE NEW YORK TIMES секілді ірі-ірі басылымды газеттердің таралу аясы әлі де бәсеңдеген жоқ. Ұлт ұстазы Ахаңның кіршіксіз сүрген өмірінен қазіргі жас, аға буын үлгі алу мақсатында елге атқарған  қызметінің бір бөлігін жаза кетуді жөн көрдік.

 Қазақ халқын бұрындары қырғыз деп атағаны белгілі. 1913-1918 жылдары қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметінде атқарған. Қазақ газетінің алғашқы санындағы халыққа арнауын былай аяқтапты: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолы осы» деп сөзін аяқтапты. Осы газет турасында ұлт ұстазы былай деген екен: «Әуелі, газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын білу жоқ, не сөйлеп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ» деп терең ой қозғап, тыңнан түрен салған екен ер тұлға. Ұлт ұстазының халқы үшін атқарған қызметі ұшан теңіз. Бүгінгі күнге дейін зерттеліп жарыққа шыққаны қаншама?! Шаң басқан архивте өз кезегін күтіп жатқаны қаншама?! Дегенмен сол дәуірдің өзінде Ахаңның еңбегіне өте жоғары баға берген жазушы, ақын Сәкен Сейфуллин болды. 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген атпен мақала жазып, былай деген екен: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды». «Қырық мысал», «Маса» кітаптарын, «Қазақ» газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: «Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін» деп өзінің ақ адал көңілін білдіріпті. 

2021 жылы 5 қаңтар күнгі Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Егемен Қазақстан газетінде жарық көрді. Сол мақаладан үзінді жазсақ жөн болар: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен «Алаш» қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. «Алаш» арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс».

Жақында көрерменге жол тартқан көп сериялы «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты фильм халықтың ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасын таба жатар. Байқаған болсақ Ұстаздан ұрпақ қалмады. Бірақ ұлты үшін қаны мен жанын аямай маңдай терін төккен қолындағы қаламын қару еткен Ахмет Байтұрсынұлы ұрпақ жадынан мәңгілік өшпек емес.

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                             

0 пікір