Бала тәрбиесі
Бала тәрбиесі
12.03.2021
1054
0

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі ертеңгі күні сол ұрпақтан елінің абыройын көтеретін, жерін қорғайтын нар тұлғалы азаматтар өсіп шығатынына сенген. Сол себепті ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Балаға тәрбие отбасынан басталатынын және өте маңызды екенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта елімізде бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Егерде баланы отбасында ислам дініне және салт-дәстүрге қанық қылып өсірсе, елімізде келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.

Ата-бабамыз бала тәрбиесін ислам дінімен ұштастырып, оны тәрбиелеуде үгіт-насихатты діннен алғанын көруге болады. Ендеше бала тәрбиесінде асыл дініміз не дейді соған тоқталып өтсек.

        Дін – тәрбие құралы, көркем мінез қалыптастырудың ғажайып мектебі. Сол мектептен нәр алмағандар көп жақсылықтан құр қалары даусыз. Өз дінінің қадір-қасиетін сезбеген, елінің тарихынан бейхабар жанның ұлт мүддесіне жаны ашымасы белгілі. Оның кейбір көріністерін күнделікті өмірімізде көріп те жүрміз. Әлемдегі әйгілі ұлы тұлғалар аса сүйіспеншілікпен Ислам туралы көп пікір айтқан. Олардың бәрі Исламның экстремистік-террористік ағым емес, адамзат өркениетінің бөлінбес бір бөлігі, адамгершілікке негізделген ғажайып пәк қоғам, ғылым-білімнің қайнар көзі ретінде қарастырады. Бізде ел сөзіне еріп, қолда барды жоғалтып алмай тұрғанда болашақ ұрпаққа ислами құндылықты сіңірумен қатар, бойларына ұлттық тәрбиенің нәрін құюымыз керек.

Мың жылдан астам уақыт бойына ата-бабаларымыз бейбітшілікті ту еткен осы Ислам дінін ұстанып, жоғары бағалап, мұсылман атанып келеді. Ислам – қайырымдылық пен зұлымдықтың не екенін нақты түсіндіре алады, қалай дұрыс өмір сүру, қалай дұрыс тамақтану, қалай бала тәрбиелеу, әйелді қалай қастерлеу, қалай киіну, қоғамдық өмірдегі қатынас сияқты т.б. маңызды сұрақтарға жауап бере алады. Адамзатты ауызбіршілікке, адалдыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке шақырып, имандылыққа үндейді.

Діни тәрбие – жан-дүниені тәрбиелеу арқылы рухани сауаттылыққа жетудің,  мінез-құлқын түзеудің бірден-бір құралы.

Әл-Фарабидің пікірінше тәрбиенің мақсаты адамның бүкіл күш және қабілеттерін дамыта өсіру және мінез-құлықты кемеліне жеткізе отырып ахлақ тәрбиесімен діни тәрбиені ұштастыру. Мінез ол адамның өзіндік бағыт- бағдарының, жан дүниесі ерекшеліктерінің тұрлаулы белгісі. Тәрбиелі мінез адам бойына инабаттылық қасиеттердің бар екенін көрсетеді. Рухани дүниесі бай,  қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейміз. Ал сол толық мінезді адам болу, яғни мінездің тұрақтылығы адамның алған діни және адамгершілік тәрбиесінен туындайды.

Біздің мақсат жастарды діни тәрбие арқылы толыққанды жетілген санасы кең, толыққанды азамат етіп тәрбиелеу. Діни тәрбие беру адам дамуының рухани үйлесімдіктерін түсінуді қамтамасыз етеді.Сонымен қатар, адамның ізгілік ұстанымдарын тәрбиелеп, ақыл-ой мен іс-әрекеттерін ізгілік мұраттарға бағыттап,  діни көзқарастарын қалыптастыратынын есте ұстауымыз керек. Діни тәрбиені ұлттық тәрбиемен қатар сіңіріп, жастардың бойындағы отансүйгіштікпен дінде құнды саналатын асыл қасиеттерді сан ғасыр бойы атадан балаға жеткен, тек біздің ұлтымызға тән дархан қасиеттермен толтыра отырып, салт-дәстүрімізбен ұштастыра білуіміз керек. Ұлттық және діни құндылықтар бір-біріне қарама-қарсы болуы мүмкін емес. Олардың мақсаты ортақ, айналып келгенде адамдық тәрбиеге салады. Екеуі де қоғамның рухани саулығы, адамгершілік ізгі қасиеттердің қалыптасуына, ақылдың тиянақтылығына негіз болады. Діни тәрбие және білім беру жүйесінде діни құбылыстарды, теорияларды антропологиялық тұрғыдан түсіндіру мәселесі – жастар арасында діни танымның дұрыс түсіндірілуіне және тез қабылдануына алып келеді. Себебі, біз қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, адам – барлық танымдардың орталығы, объектісі. Діни сананы құқықтық, моральдық механизмдер арқылы түзу бағыттасақ, қоғамда ешқандай алауыздық пен мемлекеттігіміздің тұтастығын бұзатын залалды ойлар мен оқиғалар орын алмайды. Сонымен қатар, қаншама ақын,  жазушылардың, ғұлама-ғалымдардың  нақыл, қанатты сөздерін қарап отырсақ адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек екені айтылады. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез-келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Ал, діни тәрбие сол қажеттіліктерді толықтай қанағаттандыра алады деп есептеймін.

Қорытындылай келе, Бүгінгі таңда Қазақстан қоғамындағы ең өзекті мәселе діни танымды дұрыс қалыптастыру, дін мен дәстүр тұтастығын көздің қарашығындай сақтау. Діни танымды дұрыс қалыптастыру ең бірінші, отбасы институтынан бастау алып, ақыл арқылы діни білім негізінде дамып, тұрақталады. Ал екінші дін мен дәстүр мәселесіне келетін болсақ, ата-бабаларымыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан қазақи дәстүрді ислам дінімен сабақтастыру, ислами тәрбиені жастарымызға  беруде бірден-бір құндылықпен дұрыс бағыт екенін біле отырып ұрпақты асыл дініміздің шырынымен сусындата алсақ, ислами тәрбиемен сусындаған жастар – халқымыздың мәдениетінің сақталуының кепілі болатыны айдан анық. Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтың берген бір сұхбатында: «... Халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күнін ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниеде мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе», - деген екен. Менде Елбасының сара ойын қолдай отырып,  имандылықпен адамгершілік орын алған ортада, осындай құнды қасиеттер ту тіккен мемлекеттің байрағы жығылып, рухы ешқашанда құламақ емес. Біз сонда ғана Мәңгілік ел атымен тарихымызды тасқа жазып кетеміз және болашақтың тұтқасын ұстайтын жастар өр жігермен асыл рухты болары сөзсіз.

 

 

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық

Қазақ-түрік университеті, дінтану

мамандығының  4 курс студенті   И.Пернебай

0 пікір