Бабалардың дінге деген көзқарасы
Бабалардың дінге деген көзқарасы
24.09.2019
967
0

Әр халықтың өзінің ұстанымды ұлттық құндылықтары болады. Сол құндылықтардан тұратын тілі, діні және ата-бабамыз салып кеткен дінге қарсы келмейтін салт-дәстүріміз бар. Салт-дәстүрімізді қай қырынан қарасақ та ислам шеңберінен шықпайтын, яғни сай келмейтін тұстары жоқ десекте болады. Себебі қай бір салт-дәстүрді алсақ та бабаларымыз исламға қарсы келмейтін ұлттық болмыста, атадан балаға мирас қылып тастап кеткен. Осы жерде ата-бабаларымыздың дінге деген көзқарасын оң екенін көруге болады. Ислам шариғатымен жүрген және исламға қызмет еткен бабаларымызды тарих беттерінен оқуға болады. Солардың бірі және бірегейі Абай атамыздың әкесі Құнанбай өз заманында күнә істеген адамды шариғат шеңберімен үкім еткендігі тарих беттерінде кездеседі.

Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Ислам діні ұлтымыздың бітім болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Тұрмыс тіршілігінде кездесетін діни дәстүрлер сүндеттеу, неке қию, құрбан айт, ораза айт, садақа беру, жарапазан, сол сияқты діни жоралғылар салт дәстүрмен біте қайнасып кеткен.  Бабаларымыз дін мәселесін бекем ұстап тыйым салған жерлерінде жоламай рұқсат еткен мәселелерде шеңберден шықпай тура жолмен жүрген. Бұндай жағдайлар тарих беттерінде көптеп кездеседі солардың біріне мысал келтіретін болсақ. Қасиетті Құранда (Исра сүресі 32 аят) «Зинаға жуымаңдар! Өткені ол – барып тұрған азғындық» - деген аяттың астарына үңілер болсақ, негізі ұлы Алла Тағала адам баласына тікелей зина жасау былай тұрсын, тіптен зинаға апаратын болмашы болса  да іс қимылдарға бармаңдар деп ескертеді. Осыны ерте сезген әрі қасиетті Құранның аяттарын сахабалар қалай жеткізсе, қазақы болмысқа, салт-дәстүрге сай оны қажетті өмір сүрудің дағдысына айналдырған ата-бабаларымыз, Әз Жәнібек хан мен қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тікелей себеп болуымен қазақ дәстүріне «жеті атадан қыз алмау» сынды ұлы дала заңын енгізіп, әрі ұлт тазалығы, әрі ұрпақ тазалығы, сонымен қоса адамдар мен адамдар ара қатынасы жеті атаға дейін бір-біріне деген құрмет пен туысқандық сыйластық құрып, адамдар арасында мен-мендік пен жеке мүддешілдіктен пайда болатын, тонау, қан төгу, зина жасау, барымта, ұрлық т.б. көптеген жамандықтың алдын алған.

Сонымен қоса ол заманда адамдар қазіргідей елді мекендерде ауыл, аудан т.б. әкімшілікке қарай емес, керсінше рулар мен руластарға бөлініп, бір ру бір ауыл болып жан бақты. Сондықтан жеті атаға толмаған өз руының қызына зина жасаған былай тұрсын, ақ некемен адал жар етіп алуының өзіне қатал заңмен тыйым салды. Бұл заңға бағынбағандар сол кездегі жазалау тәртібі бойынша қатал жазаланды. Сонымен қатар тек қана ол заманда «жеті атадан қыз алмау» заңын ғана жасап қоймай қоғамдық өмірде сол кездегі медицинаның зерттеуі бойынша 30 ға жуық аурудың жұғуына себеп болатын, әрі адамдарды зинаға жақындататын «сүйісіп амандасуды» да заң талаптарымен шектеу қойған. Жалпы, әлемнің ешбір ұлтында кездеспейтін осындай тарихи маңызы зор, тамыры қасиетті құраннан бастау алған осындай тамаша салт-дәстүр тек қазақ ұлтының ең сүбелі рухани асыл қазынасы екеніне бүгінгі медицина да, әлеуметтанушылар да таңдай қағып, таңқалуда (Дәстүріңді қадірле кітабының 27 беті). Бабаларымыздың дінге деген көзқарасын осы жерден аңғарсақ болады, салт-дәстүр бабаларымыздың ұлттық құндылықтарының бірі болған. Қандайда бір салт-дәстүрдің түбіне үңіліп қарасақ ислам дінімен ұштасып жатады. Жоғарыда айтылып кеткендей сүндеттеу, шілдехана, азан шақыру, құда түсу сол сиақты т.б. дәстүрлерімізді сақтау арқылы ұлттық болмысымызды ұрпақтан ұрпаққа осы күнге жеткізді. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы бүгінгі жастар. Еліміздің болашағы жастардың енбекқорлығына, талап,тілегіне, арман мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымында дамытуға, жігерлене ел үшін еңбектенуге міндетті» деген болатын. Тұңғыш президентіміз айтқандай бабаларымыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып болашақ жастарға сол қалпында жеткізуге міндеттіміз.

Қорыта айтқанда бабаларымыздың дінге деген көзқарасы және салт-дәстүрі ислам дінімен ұштастырып, дін шеңберінен шықпай атадан балаға жеткізген. Дінді берік ұстағаны соншалықты өзі түгіл астындағы мінген атын доңыздың басқан жерінен шөп жегізбеген. Бабаларымыздың қандайда бір салт-дәстүрін алсақта, өлең шығармаларын алсақта дінді берік ұстанғандығы және салт-дәстүрге бекем болғанын көреміз. Қандайда бір салт-дәстүрді алып қарасақ дінге қарсы келмей керсінше дінмен ұштасып, түпкі түбіріне үңілсек исламнан шыққандығын байқаймыз. Демек ата-бабаларымыз ислам дініне құрметпен қарап, сол діннің айналасында өмір сүргендігін көруге болады.

           

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің теолог маманы Әмзеев Нұрлыхан

0 пікір