Азан шақыру және жаназа намазы
Азан шақыру және жаназа намазы
12.02.2019
2296
0

 

«Өмір бұл намазсыз азан мен азансыз намаз аралығындай ғана уақыт». Бұл тәмсіл осы өмірдің көзді ашып жұмғанша өте шығатынын айтқысы келген. Иә, бір қарағанда түсініксіздеу. Намазсыз азан яки азансыз намаз болушы ма еді?

Расында адам өмірі азан мен намаздың арасындағы уақыттай қысқа. Жаңа туылған нәрестеге құлағына азан шақырып ат қояды. Неліктен алдымен құлағына азан айтылып, содан соң барып ат қояды? Құлаққа азан айтудың нендей хикметі бар?

Адамға көркем есім беру мәселесі жайлы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға көркем есім қойыңдар».

Нәрестенің өміріне ең көп әсер ететін дүниенің бірі осы есім болса керек. Балаға ат қойғанда оның мәнді, мағыналы әрі құлаққа да жағымды болғаны маңызды. Өскен кезде өз ортасында есімі үшін ұялмайтындай болуы керек. Дана халқымыз осы себепті нәрестеге ат қойғанда «Атына заты сай болсын» деген тілек білдірген. Халық арасында есімнен гөрі лақап атқа ұқсаңқырайтын Сәрсенбай, Қырықбай, Дүйсенбай, Базарбай т.б. секілді есімдер кездесіп жатады. Біздің пайымымызша мұндай есімдерді негізі көз тимесін деген мақсатта қойған. Мәселен, Абылай ханның немесе Сабалақтың шын есімі Әбілмансұр, Жәнібек ханның есімі Абу Саид еді.  Сондықтан да көп тұлғалардың аузынан «азан шақырып қойған атым» осындай деген сөзді естиміз.

Нәрестенің құлағына азан шақырудың сыры дүниеге енді ғана келген нәрестенің алғаш еститін сөзі азан сөздері болсын деген ізгі ниет болса керек. Жүрекке әсер ететін бірден бір жол да осы. Балаға ең алғашқы тәрбие сөзбен беріледі. Есту арқылы сөздер жүрекке жетеді. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегендей жақсы ұрпақтың шығуы отбасындағы тәрбиемен тікелей байланысты. Аналарымыз осы айтылған тәрбиені бесікте жатқан сәтімізде-ақ бастап кеткен. Бұл тәрбиені «бесік жыры» десек қателеспейміз. Осы бесік жыры арқылы аналарымыз тәрбиені баланың бойына ерте бастан сіңірген. Нәтижеде парасатты, иманды, сабырлы, мейірімді ұрпақ көп болған. Бесік жырының нәрестеге пайдасы бала тілінің тез шығып, есте сақтау қабілетінің жақсаруына, шешен әрі ақылды болуына септігін тигізеді.

Бұл азан шақырып ат қою салтымыз жоғарыда айтылған намазсыз азан.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырымыз біз үшін сынақ. Бұл жалғанда мейлінше жақсылық жасап, сауапты амал ете білу керек. Адамға Алла тағала өлшеулі өмір берді. Бұл жайлы Құранда:

«Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі  келген сәтте, бірдем кешікпейді де ілгерілемейді»[1]. Ал адамның дәм тұзы таусылып, ажалы келгеннен соң кебіндеп, жаназа намазы оқылады. Бұл азансыз намаз. Жақсылап ой жүгіртер болсақ, бұл намаз үшін шыр етіп дүние есігін ашқанда азан шақырылып қойған. Бұл өмірдің аяқталуы болғанымен, басқа бір өмірдің басталатынын көрсетеді. Шындығында бұл біздің өлімнен кейінгі өміріміз.  Біз бұл өмірде биік бір шыңның көлеңкесін саясалаған жолаушы іспеттіміз.

Заманымыздың жырауы Алмас Алматов адам өмірінің сипатын төрт ауыз сөзге сыйдырып суреттейді.

Еңкейіп кірген ақ ордаң

Шалқайып бір күн шығарсың

Көп жамағат алдында

Көлденең жатып тынарсың.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
маманы М.Мұстафаев

 



[1] «Ағраф» сүресі, 34-аят.

0 пікір