Әруақтарға Құран бағыштауда Ислам ғалымдары не дейді?
Әруақтарға Құран бағыштауда Ислам ғалымдары не дейді?
11.06.2020
1813
0

Тірісінде тіресіп – әруағын ардақтаған, әруақтарға әрқашан ізгі ниетті «баба» қорларын сақтаған, данагөй абыз билерін, батырларын сыйлаған, әруақтарға құран бағыштап, қалың елдің ризашылығын алған халықпыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Өліге өнер көрсеткен өрге баспас», «Әруақты сыйлаған ел азбайды» деген сөздерді ардақтаған елміз. Осы сөздердің астарында үлкен мән жатқаны белгілі. Себебі, әруақты құрметтеу мен оған тиісті дұғаларын жасау, осы дүниедегі қолдан келген амалдарды жүзеге асырудың өзі баға жетпес сауапқа кенелтетіні белгілі.

Ендігі кезекте мына мәселенің басын ашып өтсек. Кейбір адамдар әруақтар оларды естиді және көреді деп сеніп, марқұмның қабірінің жанында ғибадат етіп, салт-жоралғы жасап, қабірді сүйіп, ал қабір басында күнелткен шырақшылар болса қайтыс болған адамдар туралы ақылға қонымсыз қиссалар айтып, қабірден бір уыс топырақ алғызып жатады. Олардан көмек, пайда, денсаулық, ұрпақ және тағы басқа қажеттіліктерін сұрайды. Ертеде осындай әрекеттерді пұтқа табынушы мүшіріктер жасағаны бізге белгілі. Барлық ислам ғалымдары бұл мәселе бойынша бірауыздан «Шариғатта мұндай әрекеттерге рұқсат етілген ештеңе жоқ»,-дейді. Мұны Пайғамбарымыз (с.а.с.) да, сахабалар да, олардың ізбасарлары да, әйгілі имамдар да жасаған емес. Айтқым келгені атам қазақ әруақтарға сиынбаған, оларды құрметтеп сыйлаған. Біз осы екі ұғымды шатастырып алғандаймыз. Осы мәселе бойынша Құран-Кәрімнің Фатыр сүресінің 14-аятында:

إِنْ تَدْعُوهُمْ لَا يَسْمَعُوا دُعَاءَكُمْ وَلَوْ سَمِعُوا مَا اسْتَجَابُوا لَكُمْ ۖ وَيَوْمَ الْقِيَامَةِ يَكْفُرُونَ بِشِرْكِكُمْ ۚ وَلَا يُنَبِّئُكَ مِثْلُ خَبِيرٍ

«Егер оларға (пұттарға) жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Алайда олар естісе де сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандықтарыңнан танады. Толық хабар беруші Алладай саған ешкім түсіндірмейді» - дейді.

 Енді тақырыбымызға келер болсақ мазхаб имамдары мен соңынан ерген фиқһ ғалымдарының осы  мәселе бойынша көзқарастары бойынша қайтыс болған адамға құран оқудың пайдасы туралы әртүрлі көзқараста болды, бірақ Имам Әбу Ханифаның, Ахмад ибн Ханбалдың, Мұхаммед ибн Ахмад әл-Куртуби секілді имамдар, сондай-ақ Имам Шафи мазһабының кейбір ғалымдары және алғашқы сахабалардың көпшілігі Құранның сауабы марқұмға жетеді деп сенді. Олар мұны мына хадистермен негіздейді:

من دخل المقابر فقرأ  فيها (يس) خفف عنهم يومئذ و كان له  بعددهم حسنات

Әнас бин Маликтен (р.а) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.с) айтты:«Егер біреу қабірстанға кіріп, «Ясин» сүресін оқыса (өлгендерге), онда Алла Тағала олардың тағдырын жеңілдетеді және қабірстанда жатқандардың санына қарай өзі де сауаб алады».

 Келесі Әбу Бәкір ас-Сыддықтан (р.а) жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты: «Кімде-кім ата-анасының қабіріне барса немесе солардың біреуінің қабіріне барып, «Ясин» оқыған болса, күнәлары кешіріледі».

Халал Шабабидің айтуынша: «Мәдиналық ансарлар туыстарының бірі қайтыс болғанда, олар оның қабіріне барып, сол жерде Құран оқитын еді»,-деген.

Атақты ғұлама Имам Суюти, «Шархус-судур» еңбегінде былай дейді: «Егер сіз әлсіз хадистерді жинасаңыз да, Құран оқуға мүмкіндік беретін жеткілікті дәлел болады».

Имам Науауи «Азкар», «Шархул-мухаззаб», «Риязу-ссалихин» атты еңбектерінде былай деп жазады: «Имам Шафи айтты, қабірде Құран аяттарын оқу қайырымды амал болып табылады және  Құран сүрелерін толығымен оқыған дұрыс», - деген.

Ханбали мазхабының ғалымы әл-Хафиз Шамсуддин әл-Махди: «Қабірде Құран оқуға бұрынғы ғалымдар рұқсат берген және кейінгі үмметке дейін рұқсат берілген. Бұл үкім «ижма» болып табылады»,- деген.

Заманауи ғалымдардың бірі Рамазан әл-Бути бұл туралы «Ма‘а ан-нас. Машурат уа фатауа» еңбегінде былай дейді: «Кейбіреулер өлгендерге Құран оқуға тыйым салынған деп айтады (харам). Бұлай айтуға ешқандай негіз жоқ. Себебі өткен және қазіргі кездегі барлық ислам ғұламалары қайтыс болған адамның атынан Құран-Кәрімді оқудың канондық рұқсатымен (машру) бірауыздан келіскен. Олардың келіспеушілігі тек сауап  марқұмға жетеді ме, жоқ па? Алайда, сауабы қайтыс болған марқұмға жетеді және пайдасы бар. Алла Тағала тарапынан марқұмға Құранның сауабы арнайы жетсін десеңіз, ең бастысы, Құран-Кәрімді оқып, артынан шын ниетпен дұға тілеу, ал оқылған дұғаның нәтижесі Жаратушының мейірімділігі мен жомарттығының дәрежесіне байланысты»,-дейді.

Қабірде Құран оқуға рұқсат етудің негізі Пайғамбардың хадистері, оның сахабаларының амалдары, ғұламалардың сөздері және ижма болып табылады. Ханафи ғалымдарының көзқарасы бойынша қабір басында немесе басқа орында болсын бағышталған құранның сауабы жететіндігі айтылады. Ханафи фиқһ кітаптарында осы такырып жүйесінде мынандай мәтін бар: «Егер адам баласы намаз, ораза, зекет, қажылық және күнделікті Құран сүрелерін оқып, осы секілді сауапты амалдарын жасаса, ниетіне қарай оның сауабын не өліге немесе тіріге бағыштауға болады. Осы арқылы дүниеден озған жанға сауабы тиіп, бағыштаған пендесінеде лайықты сауабы беріледі.

Сөзімізді түйіндей келе әруақтарға Құран бағыштауға байланысты Құран мен хадистер және атақты ислам ғалымдардың пәтуәлары бар екеніне көзіміз жетті. Бұған дәлел Пайғамбармыз (с.а.с.) өз үмметінен болған адамның атынан  «құрбандық шалуына, Ясин, Ықылас сүрелерін бағыштауға, өмірден озған адамның атынан қажылығын  өтеуге  және  садақаның сауабы тиетіндігі жайлы хадистер де жеткілікті. Хадистанушы Айниден, Ибн Абидинмен қатар, көптеген фиқһ кітаптары негіз бола алады. Алғашқы және соңғы хадисшілер дәуірін ұстанушы  ғалымдарымен ханафи ғұламаларының пікірі бойынша: «Әһли сүнна уал жамағатының көзқарасында, адам баласы намаз, ораза, зекет, қажылық және Құранын оқып, зікір секілді жақсы амалдарының сауабын басқа адамға бағыштай алатындығы айтылады». Көріп отырғанымыздай Әһли Сунна сенімі бойынша, марқұм болған кісілерге жасалған игі істердің сауабы, оқылған Құранның сауабы, берілген садақаның сауабы иман еткен мұсылман бауырларымызға тиетіндігі қабыл етіледі.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлім маманы  А. Дүйсен

0 пікір