Әлемді әлеуметтік құлдырау емес, сүйіспеншілік құлдырауы қаптап алған
Әлемді әлеуметтік құлдырау емес, сүйіспеншілік құлдырауы қаптап алған
28.05.2018
868
0

«Оларға айт: Егер сендер Аллаһты сүйсеңдер, дереу маған бағыныңдар! Сонда Аллаһ та сендерді сүйеді және күнәларыңды кешіреді.» (Әли Имран, 31)
«Аллаһ ең жақсы қорғаушы. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі.» (Юсуф, 64)
«Аллаһ көркем – көркемдікті сүйеді.» (Муслим, Иман 147)
«Жұмсақ- жылы қарым- қатынас жасамаған адам, барлық игіліктерден мақрұм қалады.» (Муслим, Бирр 74-76)
«Сендердің қай- қайсыларың болмасын өзі үшін қалаған нәрсені, дін бауыры үшін де қаламайынша, шынайы түрде иман еткен болмайды.» (Бұхари, Иман 7; Муслим, Иман 71- 72)
   Ардақты мүмин бауырларым және Аллаһ жолында қызмет етіп жатқан замандастарым! Ең алдымен бұл сөздерді өзіме және барлық адамзатқа ескерту үшін кешірім сұрай отырып жазамын. Біле білсеңіздер, материалдық мүмкіншіліктеріміз жақсарған сайын, бір- бірімізге деген сүйіспеншілігіміз азайып бара жатыр. Пәни денемізді сақтау үшін еткен еңбегіміз бен күтіміміз бір, бірақ дәмі, ләззаты, нәтижесі басқаша. Мұның себебі, сүйіспеншілік мөлшерінің азаюында деп білемін. Жан- дүниемізді сақтау үшін жасап жатқан құлшылықтарымыз бен қызметтеріміздің жақсы, сапалы болуы үшін мейірім мен сүйіспеншілік кем болатын болса, перзенттеріміз, шәкірттеріміз және болашағымыз іргетасы бекімеген ғимаратқа ұқсайды, мұндайда аз ғана баллдық жер сілкінісі болса, ғимарат жермен- жексен болады. Қайда асығып барамыз?..  Қай шыңға тырмысамыз?..  Нәпсімізді жарыстырудамыз...  Бір сәт тоқтап, ойланайық! Іргетасы мықты сүйіспеншілік баспалдағымен биіктерге ұмтылайық! Өйткені биікке көтерілген сайын құлап кетуіміз мүмкін. Ал, құлаған жағдайда тым болмаса, сүйіспеншілікке толы аялы алақанға құлайық, қайта орнымыздан тұруымыз оңайға соқсын.
   Мен бүкіл адамзатты сүю жайлы, жақындарымызды одан да көп сүю, мейірім беру жайлы айтып отырмын. Сүйіспеншілікке толы ұсынылған бір кесе шәй бойыңа қуат беріп, шипа сыйлайды, егер де ол мейірімсіз, жеккөрінішпен ұсынылса, уға айналады да, жан мен тәнді айырады.
Аллаһ Тағала разылығы үшін перзенттерімізге сүйіспеншілік нәрін себе алмасақ, несіне ата- ана болып жүрміз?! Сүйіспеншілігін өтеу үшін ата- анамызға уақыт бөле алмасақ, несіне перзент  болып жүрміз?!
   Сүйіспеншілікпен жасалған құлшылық- ғибадаттарымыздың  ләззаты ерекше болары анық. Сүйіспеншіліктің мөлшерін біле отырып, қай жерге дейін жетсе, сол жерге дейін оның тұқымын себейік!  Самал- жел секілді дауылдатып қырып- жоймай, жаңбыр секілді берекет төгейік! Сүйіспеншіліктің мөлшерін көбейтудің бірден- бір жолы, сүю, мейірім төгу. Сүйіспеншіліксіз адам – жүрексіз адам. Жүрексіз адам – моторсыз көлік сияқты тек қана әсемдік заты болып, тұрып – тұрып шіріп жоқ болады. Ал, жүріп тұрған көлік әрдайым мезгіл- мекен таңдамастан бізді ұзақ- ұзақ көкжиектерге сүйіспеншілік пен мейірімділік шуағын шашу үшін алып барады.
   Мен Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) және ардақты сахабаларының (Аллаһ олардан разы болсын!) сүйіспеншілігі пен мейірімін оқи отырып қызыға да қызғана қараймын. Бүгінгі таңда айналамыздағы бір- бірін ұнатпайтын жамағаттарды, бірін- бірі жақсы көрмейтін мұсылмандарды көргенімде өзімнен- өзім түңіліп кетемін. Ардақты ағайын, Аллаһ разылығы үшін бір- бірімізді сүйетін, жақсы көретін, мейірім шашатын жамағаттар, мемелекеттер мен әлемдер құрайық!.. Болашағымыз бекем, келешегіміз көркем, сүйіспеншілігіміз әлемді аялайтын болсын!..

 

 

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
МКМ-нің теолог маманы
Рысбеков Кенжебек Төребайұлы

0 пікір