Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы
Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы
31.03.2020
1464
0

Қазақ даласы ұлт үшін туып, жер үшін тер төккен перзенттерден кенде емес. Сондай асыл азаматтардың бірі батыр болып елін қорғаса, бірі би-шешен болып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап әлеуметтік мәселелерді шешті, ал енді келесі бірі ғалым болып жер жүзінде өшпес мұра қалдырып, ғылыми ортаға тың дүниелер бере алды. Осындай асыл азаматтарымыздың алдыңғы қатары жерлесіміз, дүние жүзіне мәшһүр болған, әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби.

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы  қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын бөлігінде Фараб өлкесінде дүниеге келген. Бұл өлке ежелден даңқты қалалардан болған. Тарихи деректерге сүйенсек сауда-саттық орталығы ғана емес, ірі саяси және мәдени орталықтардың бірі. Әл-Фарабидің түркі тайпаларының бірінен шыққанын ғалымдар бір ауыздан келіскен. Ең алғашқы білімін Отырар медреселерінің бірінде алғаны бәрімізге мәлім. Туған жерінде алған білімін әрмен қарай жалғастыру мақсатында жастығына қарамай Бұқара қаласына аттанып, біраз жыл тұрақтаған соң білімнің қайнаған ошағы Бағдатқа жол тартады. Өмірінің соңғы уақытына дейін Шам аймағында өмір сүреді. Сол жерде жан тапсырып, қайтыс болады. Данагөй қазақ халқының «Өлі разы болмай, тірі байымайды» - деген ата сөзін естен шығармаған, Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылы Сирияға мемлекетіне арнайы іс-сапары кезінде, қос бабамыздың басына зиярат етіп, әл-Фараби кесенесінің қазығын қаққанын және Сұлтан Бейбарыс бабамыздың мовзолейінің күрделі жөндеуіне батасын беріп, бастамшылдық қасиетіне куә болғанбыз. Аталған құрылыс жұмыстары 2011 жылы аяқталған болатын. Сирия мемлекетінің саяси ахуалының нашарлауына байланысты ашылуы, іске қосылуы белгісіз уақытта шегерілген. Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясы, әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасынан бастау алатыны бәрімізге мәлім.

Әл-Фараби бабамыздың рухани мұраларына келетін болсақ, ғалымдар арасында шығармаларының санына байланысты әр түрлі болжамдар бар. Неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш-160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Ең өкініштісі біздің заманымызға дейін қырық шақты еңбегі ғана жеткен. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыка туралы үлкен трактат», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады. Әл-Фарабидің  бұл еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Әлемге әйгілі ойшылдар Әбу Әли Ибн Сина, Беруни, Бозжани, Омар Хаям секілді ғалымдар әл-Фарабиді ұстаз тұтқан.

Ислам философиясының тарихына көз жүгіртсек, Әл-Фараби рухани әлемінің қаншалықты құнды, әрі маңыздылығына көз жеткіземіз. Философияда Фараби иждихат дәрежесіне көтерілді. Ол фикх, калам тәрізді ілімдер бойнша өз ойын білдіріп, сол мәселелер бойынша нақты шешім қабылдай білді. Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Фараби Аристотельдің, әл-Киндидің ізін қуып философия мен ғылымның барлық тараулары бойынша қалам тартып аса ірі жетістіктерге жетеді. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері Еуропалық ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы менежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. Қорқыт өмір бойы ажалды жеңетін күшті іздесе, әл-Фараби бақыттың кілтін іздеді. Бақытты қалада тұруды армандады. Ол ең соңында: «Бақытқа қолы жеткен адам үшін ең жарастысы – қанағатшылдық жасау»-деп бақытты қанағатпен ғана ұстап тұру мүмкін екенін айтты.

Қорыта келе, әл-Фараби бабамыздың қалам тартпаған ғылым саласы болмаған. Қандай бағыт болса да өз атын қалдырып, артына өшпес мәңгі із қалдырған. Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек»-деген пікір айтқан.

Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің 2019 жылдың 26-тамызында бекіткен қаулысы бойынша 2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай әл-Фарабидей дара бабамыздың шығармаларын дәріптеп, бақытқа жетудің оңай жолын – рухани ілімге толы даналығынан іздеуіміз қажет.

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімінің маманы                                                                                 А.Тағай

0 пікір