Әбу Ханифа сенімінен айнымаған бабалар адаспаған
Әбу Ханифа сенімінен айнымаған бабалар адаспаған
28.10.2019
843
0

Дін белгілі бір сенімге негізделеді. Бүгінгі қоғамда «дұрыс» таухидті үйрену қажет деп ұрандап жүрген бауырларымызға «Ата-бабамыз ұстанған ақиданы ұстанып жүрміз» десеңіз «Пайғамбар да (с.ғ.с.) өз ата-бабасының дініне қарсы шыққан» деп, бабаларды адасушылардың қатарына шығарып тастайтыны жасырын емес. Шын мәнінде, мұсылман үмбетінің сенімі қандай? Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін!) сенімін – ақидасын ұстанған бабалар адасқан ба?

14 ғасырдан бері «Әлмисақтан мұсылманбыз» деген сенімнен айнымаған түркі жұртының сенім тарихында Абу Ханифа мазһабының орны ерекше. Абу Ханифа (Алла рақымына бөлесін!) жастайынан адалдығымен, зеректігімен және ғылымға деген құштарлығымен Ислам әлеміне танымал болған. Өз заманында амал – фиқһ саласының негізін қаласа, екінші жағынан сенім – ақида мектебінің іргесін қалаған мұсылман жұртышылығының ұстазы.

Имам Ағзам атанған Абу Ханифа туралы Абдулла ибн Мубарак «Білімнің өзегі», Имам Заһаби «Әбу Ханифаның фиқһ пен оның терең мәселелерін талдауда имам екендігін барлығы мойындайды. Бұл зәредей «күмінсіз ақиқат» десе, Имам Шафиғи «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ілімін мүлдем білмеген»1 деген пікір білдіру арқылы ұлы ғалымның білімі түбі жоқ теңіздей терең ілім иесі екендігін бағалап өткен.

Қазіргі уақытта әртүрлі мақсатта құрылған ағымдар арасында «Әбу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін!) ақидаға байланысты ешбір еңбектер жазып қалдырмаған» деген жаңсақ сөздер таратып жүргендер де кездеседі. Әбу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін!) алғашында сенім мәселесімен айналысқандығы ақиқат2. Шындығында Имам Ағзамның (Алла рақымына бөлесін!) өз заманында ақидаға байланысты пікірталастарға қатысып, Құран аяттарымен хадистерді ақылға сала отырып жазған, Ислам жұртшылығына танымал «Әл-Фиқһул-әкбар», «Әл-Фиқһул-әбсат», «Әл-Алим уәл-Мутаалим», «Әр-Рисәлә», «Әл-Уәсия» сынды бірнеше құнды еңбектері бар.

Бұл еңбектеріндегі қамтылған тақырыптардағы келтірілген дәлелдерінің баршасы Құран аяттарымен ұштасып тұрғанын байқауға болады. Мысалы: «Әл-Фиқһул-әкбар» атты еңбегін «Ол Өзі жаратқан нәрселерінің ешқайсысына ұқсамайды, Ол жаратқан нәрселелердің ешбірі де Оған

ұқсамайды…»3 деген сөзі Құранның «Оған ұқсас еш нәрсе жоқ, Ол – естуші әрі көруші»4 деген аятымен сабақтасып тұр.

Қоғамда Ислам атын жамылған ағымдар «қазақ бабаларымыз дінде әлсіз болған, ата-баба жолын ұстанбаймыз» деу арқылы бабаларымыздың ұстанған Әбу Ханифа мазһабын жоққа шығаратындар да жоқ емес. Қазақ әрқашанда да сенім мәселесінде Абу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін!) еңбектерінде баяндалғандай ақиданы ұстанғаны белгілі. Бабаларымыз осы аталған еңбектердегі таухид іліміне қатысты Алланың сипаттарын қалың елдің құлағына жұмсақ, түсінікті тілмен Ы.Алтынсарин былайша жеткізіп отырған: «Ол Алла Тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес…»5. Мәшһүр Жүсіп бабамыз болса:

«Ол Алла жисм* жауһар* ғариз* емес,

Боларға басқа-басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға

Еш нәрсе Оған ұқсап, жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес» деп жазған өлең шумағымен Имам Әбу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін!) «Әл-Фиқһул-әкбар» кітабындағы «Алла Тағала «шай» бірақ жаратылған нәрселер тәрізді емес. «Шай» сөзінің мағынасы – Хақ Тағаланы ешбір дене (жисм), жауһар, бейнеде (ғариз) емес деп қабылдауды білдіреді. Алланың шегі жоқ, Оның қарсыласы да, Оның серігі де, оның ұқсасы да жоқ»6 деген сөздермен астасып жатыр.

Қорыта айтқанда, Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін!) сенімі Құран және хадистерге негізделгені ақидаға байланысты жазып қалдырған еңбектерінен мәлім. Ал, қазақ халқының діни танымының осы Ұлық Имамның кітаптары негізінде құралғанына – тарихымыз куә.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің басшысы М.Мұстафаев

 

Сайт

Сілтеме

1.

maturidi.kz

http://maturidi.kz/2019/08/21/%d3%99%d0%b1%d1%83-%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%84%d0%b0-%d1%81%d0%b5%d0%bd%d1%96%d0%bc%d1%96%d0%bd%d0%b5%d0%bd-%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d1%8b%d0%bc%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%bb/

 

0 пікір