Зайырлы сипаттағы мемлекетті орнықтырудың мәселелері және перспективалары
Зайырлы сипаттағы мемлекетті орнықтырудың мәселелері және перспективалары
26.02.2018
910
0

Зайырлы сипаттағы мемлекетті орнықтырудың мәселелері және перспективалары

     Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта Қазақстан халқына жолдауында «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» - деп атап өткен болатын. Қазақстан қазіргі таңда әлемге конфессияаралық келісім модельін қалыптастырушы мемлекет ретінде танылуда. Атап айтар болсақ биылғы жылы Елордамыз Астана қаласында «VІ Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі» өткізілуі жоспарлануда.
     Еліміздің тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдері ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі күні жұмыстар негізінен саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуда. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақ­стан Республикасы өзiн де­мо­кратиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары», - делінген. Осы тармақтағы «зайырлы» ұғымы мемлекеттің құрылыстың барлық салаларында, соның ішінде дін саласында ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.
     
Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасы барша діндерге бейтарап қарайды. Жекелеген діндерге мемлекеттік тұрғыдан басымдық берілмейді. Бұл зайырлылық моделінің бір ерекшелігі деп айта аламыз.

Қазақстан Республикасының негізгі бағыты дін саласындағы мемлекеттік саясатты дұрыс жүргізу болып табылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зайырлы мемлекеттiң негiзгi қағидалары мыналар болып табылады:

1)мемлекеттiң зайырлы сипаты және оның институтарының дiни конфессияларға қатысты бейтараптылығы;

2) дiни сенiмiне немесе зайырлы бiрлестiкке тиiстiлiгiне қарамастан азаматтар мен адамдардың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi;

2)дiни бiрлестiктердiң заң алдындағы теңдiгi;

3)халықтың ұлттық дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын, менталдық ерекшелiктерiн құрметтеуі;

4)Дiни сенiм бостандығына байланысты кейбiр шектеулер жеке адамдар мен азаматтардың заңды мүдделерiн, денсаулығын қорғауға, адамгершiлiк қағидаларын сақтауға, елiмiздiң конституциялық құрылысын, қорғанысын қамтамасыз ету мәселелерiне байланысты болуы мүмкiн.

     Зайырлылық  дегеніміз - мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпайды, дегенмен мемлекет дін саласын бақылайды және реттейді.Соңғы зерттеулерге қара­ған­да, әлемде 12 діни, ресми діндері бар 60, зайырлылық қағидаттарын орнықтырған 120 және дінге қарсы 5 мемлекет бар екен. Бұл дерек­терден біз әлем бойын­ша за­йырлылық бағытты ұста­на­тын елдердің басымдығын көре­міз. Демек, зайырлылық құн­ды­лық­­тарының адамзат өміріндегі ор­ны айқындалып, оның басты ұс­танымдары, артықшылықтары жоғары деңгейде мойындалып отыр­ғаны сөзсіз. Яғни, зайыр­лы­лық қоғамдардағы қа­рым-қа­тынастарды, әртүрлі дү­ние­таны­мдар мен наным-се­нім­­дерді үйлестіруші бірегей институт.
    
Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуымен шектелмейді, оның негізгі мақсаты жеке тұлғаны сырттан таңылған діндердің және идеологиялардың қысымынан қорғауды құтқаруды көздейді. Бұл тұрғыдан келгенде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 12 Заңға 53 өзгерістер енгізу мәселесі бойынша Парламент мәжілісінің талқылауына ұсынылды.
     
Дін саласындағы заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесіне тоқталар болсақ діни қызмет және діни бірлестіктер, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа да мәселелер бойынша ел заңнамаларын жетілдіруге бағытталған көптеген ұсыныстар көрініс тапты. Атап айтар болсақ, заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар кәмелетке толмағандардың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеу, шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеу, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға бөгет жасайтын киім түрлерін киіп жүруге тыйым салу, дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктермен өзара іс-әрекетін жетілдіру, діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлердің діни рәсімдер мен жораларға қатысуын реттеу және тағы басқа да көптеген мәселелерді қамтып отыр. Бұл мәселелерден еліміз дін мен діни сенім ұстанушыларға тыйым салу мәселесін қарастырып жатқан жоқ, оларды заңдылық аясында реттеуге көңіл аударуда, осы тұрғыдан түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
   
Еліміз осы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар арқылы мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуді,   қоғамда зайырлы қағидаттарды нығайтуды және діни қызметті үйлестіру бойынша мемлекеттің функциясын арттыруды көздеп отыр. Осы орайда, еліміздегі діни ахуалдың тұрақты екенін баса айтқан абзал. Бұл барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың атқарып отырған қызметтерінің және ел азаматтарының мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа толық қолдау көрсетіп отырғанының нәтижесі. Ең бастысы, ел заңнамаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қоғамның және ондағы барлық азаматтардың мүддесіне жұмыс істейтіндігін атап өтсек артық емес.
     Жоғарыдағы дін саласындағы мәселелер бойынша қабылданып жатқан өзгерістер, атқарылып жатқан іс-шаралар еліміздегі діни тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда.
    Қорытындылай келе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясында атап өткеніндей: «Соқыр фанатизм бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясына және дініне жат» дегенді айтқымыз келеді. Қазіргі заманғы зайырлы мемлекет үлгісінің негізінде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты құқықтық мәселелерді теократикалық, автотитарлы және тоталитарлы мемлекеттерден өзгеше түсінік бар. Бұл жердегі ең бастысы – діннің мемлекеттен ажыратылу қағидаты. Біздің еліміздің ұстанымы да азаматтарымыздың діни сенім бостандықтарына еркіндік бере отырып, бейбітсүйгіш мемлекет қалыптастыру.

ОҚО дін істері басқармасының басшысы С.Сапарбаев

0 пікір