Зайырлы қоғамдағы мектеп оқушыларының дінге қатысты ұстанымы
Зайырлы қоғамдағы мектеп оқушыларының дінге  қатысты ұстанымы
14.07.2022
1020
0

         Білім алу – адамзат баласының қол жеткізген ақыл, парасаттың түбірі. Білім алу арқылы ғана ақ пен қараны ажыратып, ненің дұрыс немесе бұрыс екендігін сезіне аламыз. Дана бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша қалдырған рухани мұралары ұшан теңіз. Әлемнің екінші ұстазы болған әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқариден бастап, бермен қарай қазақ ақын-жырауларының керемет туындыларымен жалғасып, Алаш зиялыларының ақиқатымен ұласып, өзіндік бір білім беру формасы қалыптасқан болатын.

         Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Себебі, қай мемлекеттің болмасын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни, болашақта дамыған алпауыт мемлекеттердің қатарында боламыз десек, жастардың біліміне мән беруіміз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат. 

         Зайырлы мемлекеттің қағидасына сәйкес, діни білім беру ошақтарын қоспағанда, білім беру орындарында діни негізде сабақтар жүргізілмейді. Осы қағиданы кей кездері оқушыларымыз ұмытып кететін жәйттер кездесіп жатады.

         Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында дін саласына байланысты кейбір мәселелер ушығып тұр. Олардың бірі мектептегі орамал мәселесі, оқушылардың сабақ уақытында діни жоралғыларды атқаруы, мектеп формасын сақтамауы және т.б. секілді жағдаяттар кездесіп тұрады.

         ҚР Конституциясының 30-бабында: «Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi» - делінген. «Діни қызмет және діни бірлестіктері туралы» Заңының 3 бабының 7 тармағына сәйкес, ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Орта білім беретін жалғыз оқу ошағы ол – мектеп. Ал мектептің өзіндік талаптары мен ережелері бар екендігін жадымыздан шығармауға тиіспіз.  

         Мектеп оқушылары арасында орамал мәселесі, діни атрибутикаларды қолдану секілді жағдаяттар кездесуде. Соңғы уақытта оқушылардың ата-аналары мектеп қағидаларын сақтамай немесе оларды білмей өз балаларын мектепке діни үлгідегі киімдермен  жіберу оқиғалары тіркелуде. Бұл әрине, мұғалімдердің де, басқа балалардың ата-аналарының да наразылығын тудырады.

         Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджабты киюге тыйым салады, өйткені кез келген атрибутика, нышан, элементтер белгілі бір дінді насихаттайды. Заң алдында барлық діндердің тең екендігін мәлімдейміз. Зайырлылық қағидаттарына сәйкес, қандай да бір діннің үстемдігіне жол берілмейді.

         Мектеп формасын сақтау тек қана орамалға, хиджабқа қатысты мәселелерден тұрмайды. Мысалы, бала мектепке еркін, сәнді немесе спорттық киімде және көзге түсетін әшекейлері бар киімде келе алмайды. «Форма» деген ұғым барлық осы қатынастарды реттейді.

         Орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың формасын білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп ережелерімен, білім беру ұйымының жарғысымен, сондай-ақ орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптармен реттеледі. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасы зайырлылық сипатына сәйкес орындалады. ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден аспайтын түстерді ғана араластыруға рұқсат етіледі деп белгіленген. Мектеп формасының түсі бірыңғай және ашық емес түстерден таңдалады.

         Ұлдардың мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка) кіреді. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

         Қыздардың мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка) кіреді. Қыздарға арналған шалбарлар кең формады тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.   

         Аталған мектеп ережелерін сақтамаған оқушының ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы: «Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу», 2-тармағына сәйкес: «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» - делінген.

         Мектеп табалдырығындағы ұстаздар ең алдымен зайырлы білім таратушы болғандықтан, орта білім беру ұйымдарында белгіленген нормалар мен қағидаларды ұстануға міндетті. Педагогтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, білім беру процесінде саяси мүддені үгіттеу, дінді насихаттау мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеуге тыйым салынады.      

         Және де ескере кететін жәйт жоғарыда көрсетілген мағлұматтардың барлығы жеке мектептерге де қолданылады. Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан, барлық жалпы білім беру мекемелеріне таралады.

         Тағы бір өзекті мәселелердің бірі оқушылар арасында, соның ішінде ер балаларға қатысты. Ер балалардың басым көпшілігі жұма күндері немесе басқа да уақытта діни жоралғылар атқару үшін сабақтан кетіп қалуы немесе қатыспауы. Осы секілді жағдайлар тіркелсе, ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес: «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді». Яғни осындай жағдаяттар орын алса, оқушының ата-анасына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жыл ішінде қайталанатын болса айыппұл мөлшері екі еселенеді. Ата-анасының нұсқауы бойынша сабаққа қатыспау мәселесінде, арнайы сот арқылы ата-ана құқығынан айыру жағдаяттары да кездесуі мүмкін.

         Осы мәселелер бойынша ҚМДБ-ның арнайы мамандары: «Жұма намазын оқу – ер-азаматтар үшін парыз. Ал оған қатысуға мүмкіндігі болмаған мектеп оқушылары оның орнына бесін намазын оқуы қажет. Намаз оқу да, білім алу да – парыз. Демек, жұма намазының уақыты сабағына тұспа-тұс келсе, онда оның орнына бесін намазын асықпай, екінті намазының уақыты кіргенше оқуға болады» - деп өз пікірлерімен бөліскен болатын. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 7-бабының, 3 тармағына сәйкес білім беру ұйымдарының аумағында діни жоралғылар атқаруға жол берілмейтіндігін қаперлеріңізге саламыз.      

         Жоғарыда жазылған мәселелерді қорыта келе, еліміздің зайырлылық қағидаттары бойынша дін саласындағы саясатын айқындайтынын ескере отырып, мектеп оқушылары арасындағы түрлі мәселелердің алдын алуымыз қажет. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, мектеп ұстаздары және діни қызметкерлер бір-бірімен қоян-қолтық тығыз жұмыс жасау арқылы түрлі мәселелелер мен ауыртпашылықтардың алдын ала аламыз.

        

А.Тағай

Түркістан облысының дін істері  басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы м.у.а.                                                                      

 

0 пікір