Қазіргі кезеңде халықаралық терроризм тек қарулы қақтығыстар арқылы емес, ақпараттық кеңістік арқылы да таралуда. Соңғы жылдары әлемдік қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отырған ұйымдардың бірі – «Уәлаят Хорасан» (сондай-ақ «Ислам мемлекті-Хорасан» деген атпен белгілі, ИГИЛ тобының Ауғанстандағы бөлімшесі) террористік тобы. Бұл құрылым халықаралық «ДАИШ» («ИГИЛ») ұйымының аймақтық бөлімшесі Қазақстан аумағында лаңкестік ұйым деп танылып, қызметіне ресми түрде заңды шектеу қойылған. Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының (оның ішінде «Уәлаят Хорасан» филиалының) Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.
Ұйым Ауғанстан мен Пәкістан аумағында белсенді әрекет етіп, кейін Орталық Азия елдеріне, соның ішінде интернет кеңістігі арқылы ТМД мемлекеттеріне ықпал етуге ұмтылды. Сарапшылардың пікірінше, аталған ұйымның негізгі қауіптілігі – оның медиа насихатты кәсіби деңгейде қолдануында.
«Уәлаят Хорасан» ұйымы 2015 жылы құрылған. «Хорасан» атауы тарихи аймақ ұғымынан алынған. Бұл атау қазіргі Ауғанстан, Пәкістан, Иран және Орталық Азияның кей бөліктерін қамтитын кең аумақпен байланыстырылады.
Ұйымның басты мақсаты – күш қолдану арқылы жалған «халифат» орнату және радикалды идеологияны тарату. Олар ислам дінінің ұғымдарын өз мақсаттарына бейімдеп түсіндіреді.
Алайда дәстүрлі ислам қағидаларында бейбітшілік, тұрақтылық, заңға бағыну, адам өмірінің қауіпсіздігі негізгі құндылықтардың бірі болып саналады. Сондықтан экстремистік ұйымдардың әрекеті исламның шынайы болмысымен сәйкес келмейді.
Радикалды идеологияның ерекшелігі – «Уәлаят Хорасан» ұйымы көбіне такфиршіл көзқарасты ұстанады. Яғни өз пікірімен келіспеген мұсылмандарды «адасқан» немесе «кәпір» деп айыптау әдісін қолданады. Бұл – қоғам ішінде алауыздық пен өшпенділік туғызатын қауіпті идеология.
Ұйым мүшелері зайырлы мемлекеттік басқару жүйесін жоққа шығарады, дәстүрлі діни мектептерді қабылдамайды, қоғамнан оқшаулануға шақырады, күш қолдануды «діни күрес» ретінде көрсетуге тырысады.
«Уалаят Хорасан» өздерін қолдамайтын барлық тарапты жау санайды. Олар АҚШ, Ресей, дай-ақ Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысына қарсы екенін ашық мәлімдеген. Террористік ұйым тіпті мешіттерге, шіркеулерге, мектептерге және бейбіт тұрғындарға қарсы шабуыл жасаудан тайынбайды.
Соңғы жылдары бұл ұйым көптеген қанды терактілермен әлем назарын аударды. Жанкешті шабуылдар, жарылыстар мен қарулы шабуылдар салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын зардап шекті. Солардың ішіндегі ең резонансты оқиғалардың бірі – 2024 жылы 22 наурызда Мәскеу облысының Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холлда» «Пикник» тобының концерті алдында қарулы террорлық шабуыл. Шабуылдаушылар адамдарға оқ жаудырып, ғимаратқа өрт қойды. Салдарынан 151 адам қаза тауып, 600-ден астам адам жарақат алды.
Ұйым құрамында Сирия мен Ирактағы соғысқа қатысқан содырлар, сондай-ақ Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азия елдерінен тартылған радикалды тұлғалар бар. Кей деректер бойынша олардың арасында бұрын «Әл-Каида» және «Өзбекстан ислам қозғалысы» секілді экстремистік ұйымдармен байланыста болған адамдар кездеседі.
Мамандардың айтуынша, мұндай радикалды ұйымдар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жастарды арбауға тырысады. Олар дінді бұрмалап, жалған уағыздар мен экстремистік идеяларды таратады.
Сондықтан қоғамда діни сауаттылықты арттыру, жастарды сыни ойлауға тәрбиелеу және күмәнді ақпарат көздерінен сақ болу – аса маңызды.
Терроризмнің дінге де, ұлтқа да қатысы жоқ. Бейбітшілік пен тұрақтылық – қоғамның ең басты құндылығы. Мұндай көзқарастар жастар психологиясына кері әсер етіп, радикалдану процесін жылдамдатады.
Қорытындылай келе, «Уәлаят Хорасан» – дінді саяси мақсатта пайдаланатын радикалды террористік ұйым. Оның басты қаупі тек қарулы әрекетінде емес, интернет арқылы санаға ықпал етуінде жатыр.
Сондықтан экстремизмге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекет, қоғам, отбасы және ақпарат саласының ортақ жауапкершілігі.
Тұрақты қоғам қалыптастырудың негізгі жолы – білім, дәстүрлі рухани құндылықтар, заңға құрмет және ақпараттық сауаттылық.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім басшысы
«ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ» ҰЙЫМЫНЫҢ «УӘЛАЯТ ХОРАСАН» ТОБЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru