Рухани тәрбие – қоғам жаңғыруының басты тірегі
Рухани тәрбие – қоғам жаңғыруының басты тірегі
21.05.2026
11
0

Қазақ халқы ерте заманнан-ақ тәрбиеге ерекше мән берген. «Тәрбие – тал бесіктен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдардың өзі тәрбиенің адам өміріндегі орнын айқын көрсетеді. Бала ең алдымен отбасынан тәрбие алады. Әкенің өнегесі, ананың мейірімі, атаның ақылы мен әженің тәрбиесі – баланың рухани болмысының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Егер бала кішкентайынан имандылықты, адалдықты, еңбекқорлықты көріп өссе, болашақта елге пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасады.

Жалпы адамзат баласының өмірінде тәрбие әрқашан маңызды орын алған. Әсіресе рухани тәрбие – адамның ішкі жан дүниесін қалыптастырып, оны адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа жетелейтін ең асыл құндылықтардың бірі. Рухани байлығы мол адам айналасына пайдасын тигізіп, қоғамның дамуына үлес қосады. Ал рухани тәрбиесі әлсіреген қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлар көбейіп, адамдар арасында сыйластық пен жанашырлық азая бастайды. Сондықтан рухани тәрбие – қоғам жаңғыруының басты тірегі болып саналады.

Сонымен қатар ұлт тәрбиесі де қоғамның болашағын айқындайтын маңызды негіздердің бірі. Ұлттық тәрбие дегеніміз – ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тілді, дінді, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Өз ұлтының тәрбиесін көріп өскен бала тамырынан ажырамайды, елін, жерін құрметтейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.

Ұлттық тәрбие адамның бойында намыс, ұят, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттерді қалыптастырады. Бұрын қазақ халқы баланы тек сөзбен емес, өнегемен тәрбиелеген. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, ата-ананың алдында дауыс көтермеу, қонаққа құрмет көрсету – қазақ тәрбиесінің айқын көрінісі. Осындай құндылықтар адамды мәдениетті әрі парасатты етеді.

Рухани тәрбие дегеніміз – адамның жан дүниесін байыту, мінезін көркейту, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Бұл тек діни тәрбие ғана емес. Оның ішінде отансүйгіштік, ата-ананы құрметтеу, адал еңбек ету, уәдеге беріктік, әділдік, сабырлылық секілді қасиеттер бар. Абай Құнанбайұлы өз қара сөздерінде адамның толық адам болуы үшін ақыл, қайрат және жүрек тең болуы керектігін айтқан. Бұл – бүгінгі қоғам үшін де өте маңызды ой.

Қазіргі кезде жастар арасында түрлі теріс әрекеттердің көбеюі рухани тәрбиенің әлсіреуінен де болады. Әлеуметтік желіге тәуелділік, уақытты бос өткізу, жеңіл өмірге ұмтылу, үлкенді сыйламау секілді мәселелер жиі кездеседі. Кей жастар ана тілін менсінбей, ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарай бастады. Мұның барлығы ұлттық әрі рухани тәрбиенің әлсіреуінен туындайды. Сондықтан жастарға тек білім беру жеткіліксіз, оларды рухани әрі ұлттық тұрғыдан тәрбиелеу қажет.

Мәселен, қазіргі уақытта әлеуметтік желінің әсерінен кей жастар уақытын пайдалы іске емес, бос дүниелерге жұмсап жатады. Кейбірі түн ұйқысын бөліп телефон қарап, кітап оқуға немесе ата-анамен бірге уақыт өткізуге көңіл бөлмейді. Соның салдарынан үлкенді сыйлау, сабыр сақтау, жауапкершілік секілді қасиеттер әлсірей бастайды. Бұл – рухани тәрбиенің жеткіліксіздігін көрсететін мысалдардың бірі.

Сонымен қатар бүгінде қоғамда оң өзгерістер де бар. Қазіргі жастардың арасында білімге ұмтылып, ұлттық дәстүрді насихаттап, қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтар көп. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін, салт-дәстүрді, діни сауаттылықты үйретіп жүрген жастар көбейді. Кейбір ерікті жастар мұқтаж отбасыларға көмектесіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуда. Бұл – рухани және ұлттық тәрбиенің қоғамға оң әсерінің айқын көрінісі.

Ислам діні де рухани тәрбиеге ерекше көңіл бөледі, себебі көркем мінез ең үлкен құндылықтардың бірі саналады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген. Бұл хадис тәрбиенің діндегі орнын көрсетеді. Адамның намаз оқуы немесе ораза ұстауы ғана жеткіліксіз, оның мінезі де көркем болуы керек. Адалдық, сабыр, кешірімділік, мейірімділік – мұсылман адамның басты қасиеттері.

Қоғамның жаңғыруы ең алдымен адамнан басталады. Егер әр адам өзін тәрбиелесе, отбасында сыйластық болса, жастар білім мен тәрбиеге қатар көңіл бөлсе, қоғам да түзеледі. Себебі қоғам – жеке адамдардан құралады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бір адамның теріс әрекеті тұтас ортаға әсер етуі мүмкін. Сол сияқты бір жақсы адамның өнегесі де көптеген жанға үлгі болады.

Бүгінде мектеп пен мешіттің, отбасы мен қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі өте маңызды. Мектеп білім берсе, отбасы тәрбие береді, ал мешіт рухани бағыт көрсетеді. Осы үшеуі бірге жұмыс істеген кезде тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау маңызды. Спорт, кітап оқу, пайдалы орта, ұлттық тәрбие – мұның бәрі рухани дамуға ықпал етеді.

Қазақ халқы қашанда рухани құндылықтарды жоғары қойған халық. Ата-бабаларымыз ар-намысты бәрінен биік санаған. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөз соның дәлелі. Демек, рухани құндылық адам өміріндегі ең маңызды байлықтардың бірі болған.

 

Қ.Мырзабай

 

 Түркістан облысының дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің бөлім маманы                                                   

 

        

0 пікір