Менмендіктің зардабы
Менмендіктің зардабы
14.05.2026
237
0

Адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі – менмендік. Ол адамның өзін өзгеден жоғары қоюы, өз пікірін ғана дұрыс санауы, айналасындағыларды менсінбеуі арқылы көрінеді. Сырттай қарағанда менмендік өзіне сенімділік секілді әсер қалдыруы мүмкін. Алайда шын мәнінде бұл – адамның ішкі мәдениеті мен рухани деңгейінің әлсіздігін көрсететін мінез.

Тарихта да, қоғамда да менмендіктің адамға пайдасынан гөрі зияны көп болғаны байқалады. Өзін бәрінен жоғары санайтын адам көбіне өзгелердің пікірін тыңдамайды, сын қабылдамайды және қателігін мойындаудан қашады. Соның салдарынан оның дамуы тоқтап, айналасымен қарым-қатынасы нашарлайды.

Қазақ халқы ертеден-ақ қарапайымдылық пен кішіпейілділікті жоғары бағалаған. Халық арасында тәкаппарды тәңір сүймес, кішіпейілділік – кісіліктің белгісі, өзіңді өзің мақтама, жақсының өзі кішік сөзі биік, деген нақыл сөздердің кең таралуы соның дәлелі. Бұл сөздер адамның абыройы мен сыйы оның менмендігінде емес, қарапайым мінезінде екенін көрсетеді.

Менмендіктің ең үлкен зияны – адамды ақиқаттан алыстатуы. Менмен адам өзінен төмен санаған кісінің пікіріне құлақ аспайды. Тіпті дұрыс айтылған сөздің өзін қабылдағысы келмейді. Мұндай көзқарас адамның білім алуына, өзін жетілдіруіне кедергі жасайды.

Сонымен қатар менмендік адамдар арасындағы сыйластықты бұзады. Өзін жоғары ұстайтын адам айналасындағыларға суық көрінеді. Ұжымда, отбасында немесе қоғамда мұндай мінез түсініспеушілікке, ренішке және арақатынастың әлсіреуіне алып келеді. Ақырында тәкаппар адам жалғыздыққа тап болуы мүмкін.

Психологияда да шектен тыс өзімшілдік пен астамшылық адамның ішкі тұрақсыздығымен байланыстырылады. Кей жағдайда адам өз әлсіздігін жасыру үшін өзгеден үстем көрінуге тырысады. Бірақ мұндай әрекет ұзақ уақытқа созылмайды, себебі шынайы құрмет күшпен немесе паңдықпен емес, адамгершілікпен келеді.

Менмендіктен арылудың жолы – өзін дұрыс бағалай білу. Адам өз мүмкіндігін де, кемшілігін де мойындай алғанда ғана рухани тұрғыдан өседі. Қарапайым болу, өзгелердің пікірін тыңдау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – адамды көркейтетін қасиеттер.

Сондай-ақ әр адам өзін-өзі тәрбиелеуге көңіл бөлуі керек. Күнделікті іс-әрекетіне сын көзбен қарап, қателігін түзетуге тырысу – кемел тұлға қалыптастырудың маңызды қадамы. Қарапайымдылық адамды халыққа жақындатып, айналасына сыйлы етеді.

Қорытындылай келе, менмендік – адамды рухани және әлеуметтік тұрғыдан әлсірететін жағымсыз қасиет. Ол адам мен қоғам арасындағы байланысты бұзады. Ал кішіпейілділік пен қарапайымдылық – адамды биікке көтеретін асыл қасиеттер. Сондықтан әр адам менмендіктен сақтанып, адамгершілік пен ізгілікті өмірлік ұстаным етуі қажет.

 

 Д.Зиябек

 

   Түркістан облысы дін істері басқармасының

   «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің           

   теолог маманы                                                                                    

 

0 пікір