Ұлттың қаймағын сүзген...
Ұлттың қаймағын сүзген...
31.05.2023
977
0

31 мамыр тар жолда тайғақ кешіп, ұлтының қамы үшін азар да безер болып, мұз шайнап, от кешкен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қатал да қасіретке толы бұл мейрам өткенді еске түсіріп, көзге жас шиырлатады. Ұлы террорлық әрекет қазақ баласын аямай орға жығып, тірілей құздан итерді. Елім деп емешегі үзілген қазақ интеллегенциясының бетке ұстарлары: А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов, С. Асфендияровтар суық қарудың көзіне ілінді.

1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.

Сонымен қатар, біз бұл күні 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тек Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық миллиондаған жанның өмірін жалмады. Оның ішінде нәубет жылдары Қазақстаннан 1,5 миллион адам аштықтан ажал құшты.

Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931-1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды.

30-жылдардағы Қазақстан жөніндегі саясат осындай сынақ мақсатында жүргізілді. Бүгінгі күннің көзқарасы бойынша ол мынадай перспективаларды көздеді:

Саяси салада: қазақ халқының тілі мен тарихын жою, саяси тәуелсіздігі, шынайы егемендігінен айыру, Қазақстанда «Кіші Қазан» жоспарын жүзеге асыру;

Әлеуметтік-экономикалық салада: Қазақстанды елдің шикізат базасы ретінде дамыту, қазақ халқын отырықшылыққа көшіру мен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру;

Ұлтаралық қатынастар саласында: ассимиляция саясатын жүзеге асыру есебінен республиканың ұлттық әлеуетін (күш-қуатын) «жақсарту».

Кеңес үкіметінің Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны, ғалымдардың есептері бойынша 3,5 млн адамды құрады. Алайда бұл сан да нақты емес, өйткені 20-40-жылдары тұтқындалған мыңдаған адамдардың тағдыры әлі күнге шейін белгісіз болып отыр.

Қазақ даласының етегіне сор боп жабысқан ашаршылық, нәубет жылдары халқымызды кенедей қырып кетті. Жалпы ақпаратқа сүйенер болсақ ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмған еді. Ал індеттен аман алғандары тау кезіп, шекара асып босып, тозып кетті.

Қуғын-сүргіннің, негізінен, қоғамды, ұлтты алға жетелейтін үш топқа қарсы бағытталды. Олар — кәсібімен әлеуметті ұйытып, жұрттың дәулетін құрап отырған бай адамдар; ұлттың ақыл-ойы болып табылатын зиялы қауым және халықты имандылыққа тәрбиелейтін дін өкілдері.

Өткен ғасырдың басында халқымыз зымиян зұлмат зобалаңын бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессия, ашөзек қуғын-сүргін Алаш арыстарын қынадай қырды. Халқымыздың өсімі мен өркен жаюын тежеді, ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін басып-жаншыды. Ұлт қаймақтары өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталды, жазықсыз атылды. Солақай саясат сойқаны, сұм заман қасіреті қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы қаралы таңбадай ел мен ұрпақ жадынан еш өшпек емес.

Ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз бен Көк Туымыздың желбірегені ел үшін тәуекелге басын тіккен ата-бабаларымыздың еңбегінің жемісі мен нәтижесі. Осы азаттықты армандап, Қазақстанның бүгінгідей ел болып қалыптасуына үлес қосқан, тәуелсіздікті аңсаған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтарының азаматтық парызы.

 

Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                              

0 пікір