Қазақстандағы этноконфессияаралық қарым-қатынас
Қазақстандағы этноконфессияаралық қарым-қатынас
06.11.2023
641
0

         Қазақстан – зайырлы, көпэтникалық және көпконфессиялды мемлекет, елімізде 130–дан астам этнос және 18 конфессия өкілдері тұрады. Сондықтан да мемлекетімізде ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік және келісімнің нығаюы, жалпы саяси тұрақтылықтың сақталуы өте маңызды. Сол себепті, тұрақты түрде ұлтаралық және діни ахуалға мониторинг жүргізу, осының аясында туындаған мәселелерді уақытылы шешу қажет.

         Қоғамдағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі, Қазақстандағы діни дәстүрлердің жаңғыруы мен дамуы, діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, қоғамдық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған салмақты әрі сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып табылады. 2019 жылғы әлеуметтік сауалнамалардың деректері көрсеткендей, респонденттердің 76 пайызы елдегі діни ахуалды «қолайлы», «тұрақты» деп бағалайды. Дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты азаматтардың 89 пайыздан астамы қолдайды. Бұл көрсеткіштер дін саласындағы мемлекет қабылдап жатқан шаралардың діни ахуалдың тұрақтануына ықпал ететін және қоғамда кеңінен қолдау табатын шаралар ретіндегі тиімділігі мен нәтижелілігін айғақтайды.

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген, өзінің дін саласындағы саясатын мемлекет бүгінде соған сәйкес іске асырады.

         Елімізде барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігі және тіл мен дінге деген көзқарасына қарамастан, әркімнің жеке сеніміне құрметпен қарау қағидаттарында мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлылық моделі қалыптасты.

         Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтыруда маңызы ерекше болған нәрсе – дәстүрлі сипатқа сай ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықдіндердің бойында жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтардың болуы. Бұл дәстүрлі діндер Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруына және шаңырағы шайқалмай, қауіпсіз өмір сүруінде маңызды рөл атқарады; олар қоғамымыздағы достықты қарым-қатынасты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысқан мекені болғандықтан, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиан және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргендігін, яғни конфессияаралық келісім ісінде ата-бабаларымыздың аманат боп қалған игі дәстүрлердің әу бастан-ақ болғандығын баяндайды.

         Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі ролін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады. Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысуы бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналды. Қазақстанның бастамалары осы өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағынан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарын алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра біледі.[1]

         Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында ерекше қарым-қатынас орнаған. Мемлекеттік саясат қандай да бір діни ілімнің нұсқауларында емес, азаматтардың, қоғамның және жалпы мемлекеттің тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты мүдделерін негізге ала отырып құралады. Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қандай да бір діннің немесе оның жекелеген ізбасарларының мүдделерін негізге алмай, бүкіл қоғамның мүдделерінің негізінде ғана қалыптасады. Қазақстан әрбір азаматтың ар-ожданының құндылығын мойындайды және еркіндігін қамтамасыз етеді.

         Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілер арқылы мемлекет азаматтарды қандай да бір нысанды, белгілі бір дінді қабылдауға немесе ұстанбауға мәжбүрлей алмайды, бірақ дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ, әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара келісім мен сыйластық қатынастарын орнатуға ықпал етеді.  

Тоқсан ауыздың тобықтай түйінін айтар болсақ, Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет саналады және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық.

 

Нұрлыхан Әмзеев

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ теолог маманы                                                            

 



[1] Дін тазалығы – ел, қоғам, ұлт тұтастығының кепілі , Шымкент «Асқарлы» баспасы, 2014, - 244 бет, 120 бет.

0 пікір