Нашақорлық – ұлы бабалар аманатына қастандық
Нашақорлық – ұлы бабалар аманатына қастандық
14.04.2020
2004
0

Әлемнің өзге елдерімен тереземізді теңестіреміз, алдыңғы қатарлы елдер сапынан табыламыз десек, жастарды салауатты өмір салты дағдысы қалыптасқан, рухы биік, жан дүниесі таза, адамгершілігі мол, білімді азамат болып ер жеткізуіміз керек. Баспасөз мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын нашақорлықпен ауыратын адамдардың саны көбейіп, героин мен синтетикалық есірткілерді тұтыну артып отыр. 2000 жылдың қорытындысы бойынша есепте 38 мыңнан астам адам болса, қазіргі таңда 50 мыңнан артық адам есепте тұрады екен. Олардың ішінде 4500 әйел және 3800-ден астам бала бар. Қазіргі заманда нашақорлықтың салдарынан жарымес, мүгедек, аурушаң балалардың өмірге жиі келетіні бәрімізге белгілі. Дүние жүзін жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын жайып барады. Негізгі мәселе нашақордың санында емес, жасында болса керек. Келешек ұрпаққа ақыл, бағыт-бағдар беретін аға-апаларымыз есірткіні «табыс көзі» көріп, қаншама адам өмірін құртып отыр. Дәл қазіргі таңда әрбір жанұяның есігі мен терезесіне үңіліп, үй айналасын торып, ғасыр індеті жүр. Бұл індеттің аты – нашақорлық.                                                                                   Есірткінің заңсыз айналымы әлемнің әртүрлі бөліктеріндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке және адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өткен жөн. Жыл сайын орта есеппен бұл апаттың салдарынан 200 000 адам қайтыс болады. Қазіргі кезде адамзат үшін ең қауіпті қауіптердің бірі – терроризм. Есірткі саудасынан түскен ақша осы жиіркенішті қайғы-қасіреттің, адамдардың өлімінің қаржылық негізі болып табылады. Бұл өте өкінішті. Қазіргі уақытта батыс және шығыс медицина сарапшылары есірткінің адамға барлық жолмен зиян тигізетінін бірауыздан растап отыр. Бұл заттарды тұтынатын адамдар ондаған емделмейтін аурулардан зардап шегетіні, ерте қайтыс болып, мүгедек балаларды дүниеге әкелетіні дәлелденді. Бұл өзін-өзі өлтіруге тең келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымында есірткінің таралуы мен қолданылуын, әсіресе жастар арасында, оны болдырмау үшін есірткі және қылмыс туралы халықаралық комиссия құрылды. Осы комиссия жыл сайын жариялайтын мәліметтерге сәйкес, әлемде нашақорлық пен онымен байланысты қылмыстар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан, нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес және нашақорларды емдеу бойынша бірыңғай бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуда.                                                                                                                       Халқымыздың денсаулықты байлықтан да жоғары қоюынан-ақ оның қадірі қаншалықты екенін білуге болады. Осындай баға жетпес байлықтың қадірін түсінбей, өз өміріне өз қолдарымен балта шауып жүрген жандар қаншама?! Қазіргі уақытта жастар арасында есірткіге бой ұру етек алып барады. Оған көптеген себептер бар. Біріншіден, бозбалалар мен бойжеткендердің бұл жаста өздеріне не керек екенін білмей, еліктеушілікке салыну. Екіншіден, бір сәттілік ләззат үшін шоқ басқанын білмей қалған жастардың қателігі. Ал кейбіреулері хакім Абайдың сөзімен айтқанда:    «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтықтан» азады.                                                                    Бүгінгі жастардың ой-арманы, мақсат-мүддесі, тілегі, тірішлік-тынысы біздің халықтың ХХІ ғасырдағы бет-бейнесін көп жағдаяттан анықтап берері даусыз. Ал кешегі «Елім!» деген бабалар аманатына бүгінгі өскелең ұрпақ лайықты түрде жауап бере алуда ма? Жасырын емес, атының өзі жиіркенішті есірткінің нақ өзі болмаса да, сонымен құрамдас болып келетін темекіні пайдаланушы жастарымыздың саны күн сайын саны артпаса кемімейтіні ащы да болса ақиқат... Жоғарыда келтірілген статистикалық ақпараттардан байқағанымыздай қаншама жасөспірім есірткі тұтынушылардың қатарында жүр. Әлемді жайлаған аты жаман есірткінің зияны туралы біршама мәліметпен бөліссек. Есірткінің қазіргі таңда көп түрі кездеседі. Мысалы: марихуана, кокаин, морфин, LSD, героин және тағы басқа түрлері адамның миына, психикасына, орталық жүйке жүйесіне қатты әсер етіп, рухани және физикалық тепе-теңдікті бұзатын зиянды заттар болып табылады.                      Есірткі сияқты темекі шегу де зиянды әдет болып табылады. Темекі шегу қазіргі кезде өте кең таралған және бұл жас және қарт адамдарға, еркектерге де, әйелдерге де жағымсыз аурудың бірі. Темекі шегу адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, нәтижесінде ондаған жазылмайтын аурулар пайда болады. Бұл сала мамандарының айтуынша, темекі шегушілердің 70 % өкпе обыры, 10 % өңеш қатерлі ісігі ауруымен ауырады. Темекі шегушілерге жүрек, өкпе, қан тамырлары, ауыз қуысы ауруларынан зардап шегу өте оңай. Темекі шегудің басқа да көптеген зияны бар, әсіресе темекі шекпейтін, бірақ әрдайым темекі шегетіндердің жанында болатын адамдар мен балаларға зияны орасан зор.     

Ең сорақысы кейбір жастарымыздың «Есірткі туралы Құранда айтылған ба?» - деген сауалды қоюында. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен сорақысы сол бұндай сауалды көбіне сол затты пайдаланушылар қойып жатады. Себебі ол өзіне оңтайлы жауапты күтеді. Ал, исламда осы сауалдың жауабы қалай болмақ?

Ислам ғұламалары Құранда айтылған харам заттар мен шарапқа қияс жасап есірткіні де харам деп патуа шығарған. Құранда лас заттардың харамдығы туралы «Ағраф» сүресінің 157-аятында былай келтіріледі: «Ол, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады».

Аятқа сәйкес, таза нәрсенің бәрі – мубах (рұқсат етілген), ал таза емес нәрселер – харам. Ғалымдардың айтуынша, есірткінің барлық түрлері ең лас және ең жаман қоспалармен және зиянды заттармен қияс жасалып жоғарыдағы аятта келтірілгендей харам етілген дейді.                                            Ханафи ғалымы Ибн Шухна мазһаб ғалымдарының: «Есірткі заттарын қолдану харам. Ханафи және шафиғи ғалымдары есірткіні қолдану харам екендігіне, оны өртеп жіберуге, сататындарды жазалауға және қолданушыларға қарағанда қатаң жазаны қолдану керектігі жайлы пәтуа берген. Бүгінде ханафи және шафиғи мәзһабы ғалымдарының пәтуаларына сәйкес, есірткі  харам» - деген сөзін келтіреді.                                                               «Біз мұндай зиянды жаман қылықтардан аулақпыз, мұның маған қатысы жоқ» - деп осындай мәселелерге бей-жай қарайтындар да кездесіп жатады. Бірақ мұсылманның үлкен міндеті бар, ол тек иман мен тақуалық ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы басқа адамдарды да ізгілікке шақырып, жамандықтан қайтару. Шынында да, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Бухари және Муслимжеткен хадисте айтылғандай: «Кімде-кім өзіне қалағанды өзге бір бауырына қаламайынша толық иман келтірген боп есептелмейді». Біз бұл хадистен өзіне қалаған  өркенді өмірді, денсаулық  пен барлық жақсы қасиеттерді өзгеде де болуын қалап, өзгелерді жаман қылықтардан қайтару нағыз иманның бір белгісі екенін түсінуіміз керек. Сондықтан, жастарға есірткі мен темекі шегудің зияны мен зардаптары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, оларды осы қауіпті жолдан шығару үшін бар күш-жігерімізді және мүмкіндіктерімізді жұмылдыру әрбіріміздің міндетіміз.                                                                             

Мемлекетіміздің күш-жігері жан-жақты, дені сау, асыл қасиеттерімен, жоғары ойлауымен және имандылығымен, әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін үлгілі қоғам құруға бағытталған. Сондықтан, біздің елде есірткінің барлық түрлерімен жүйелі күрес жүргізілуде. Адам денсаулығына келтіретін зияны және оның әлемдегі «ғасыр обасы» деп аталатын қайғылы салдары қазір бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқылануда.                             Бүгінгі  күнде  еліміздің  үштен  бір  бөлігін  құрайтын  жастар - келешек  қоғамның жарқын  болашағын  қалыптастыратын  стартегиялық  мақсаттарды  жүзеге  асырушысы  екені мәлім.  Сондықтан  жастардың  білімді,  дәстүрмен  қатар  өз  заманының  озық  рухани құндылықтарын меңгерген, бәсекеге қабілетті болғаны абзал. Ғасырлар  тоғысында  Қазақстан  тәуелсіз  елге  айналып,  саяси,  әлеуметтік  және  экономикалық  жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде қайта құрылды. Ұлттық тәуелсіздік – қоғамдағы демократиялық  принциптердің  орнығуы  мен  халықтың  рухани жаңаруының  іргетасы  болса, рухани жаңару – тәуелсіздігімізді баянды етудің басты құралы. Тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы мен мұраты еді. Ата-бабаларымыз қанын да, жанын да аямай, қанша арпалысып бізге тарту еткен тәуелсіздікке біз XX ғасырдың аяғында қол жеткіздік. Әлем  жүртшылығы  халқымыздың  дербес елдігін таныды, өркениетті мемлекет құруға ұмтылған қадамымызды құптап, қолдау көрсетті. Біз – тәуелсіздігімізді нығайту, рухани жан дүниемізді  жаңарту,  мемлекеттік, ұлттық және мәдени бірегейлену сынды күрделі процестерді басымыздан өткізіп жатқан елміз. Ал, болашаққа деген нық қадамды кез келеген тұрғыдан бекем, денсаулығы мықты, білімді һәм тәрбиелі ұрпақ арқылы ғана жасай аламыз.                                                              

«Қараңғы қазақ көгінен өрмелеп шығып күн болуды» армандаған алаш қайраткерлері өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу бір туар тұлғалары еді. Олардың бар өмірі ұлтты сүюдің, ел мүддесіне қалтықсыз қызмет қылудың нағыз үлгісі болады.                                                                                       Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін, – деп Мағжан Жұмабаев жырлаған Алаш арыстары бүгінгі Қазақ тәуелсіздігін көрмегенімен, оның таңы түбі ататынына сенді. Сол үшін Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!», Байбатыр Ержанұлы «Тұр, қазақ!» және Әбілқасым Арғыни «Жатпа, қазақ!» еңбектерін арнап, елдің рухын оятты. Нәтижесінде, алаштықтар артына ертеңгі ұрпағына болашақ бағыт-бағдар ретінде мол мұрасын қалдырды, «Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш» - деп барша қазаққа ортақ идеологиялық ұстанымын орнықтырды. Ал Мағжандай текті туған асыл бабамыз:                                              Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн! - деп, жастарға, келер ұрпаққа мол сенім артты.

Қорыта айтқанда, тарихтың сан түрлі кезеңінде қаншама қиыншылықтарға төзіп, келер ұрпағы үшін барын да жанын да аямаған бабалар аманатына өз қолымызбен қастандық жасап алмасақ екен... Бір ғана мысал, өз қарамғыңыздағы жасөспірім қазақ тарихы, салт – дәстүрі, әдебиеті, тәуелсіздік жолында құрбан болған ақтаңдақтар туралы ақпаратты көбірек біле ме, әлде теледидардан беріліп жатқан түкке тұрғысыз бағдарламалар, сериал кейіпкерлерінің өмірі туралы ақпаратты көбірек біле ме? Жауабын білгіңіз келсе сұрап көрерсіз. Әттеген-айы көп жастарымыздың мысалдың екінші сауалына  толық жауап берері анық. Егер ұл бала болса қай темекіде қанша пайыз никотин болатынын мен келтірген мысалдың бірінші жолынан артық білері анық, өкінішке орай... Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз.

  

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы                        М.Салиходжаев

 

0 пікір